Есеп берді, міндеттеді

Бесінші шақырылған Ақмола облыстық мәслихатының кезекті қырық бірінші сессиясы өткізілді. Сессия жұмысына облыс әкімі Сергей Кулагин қатысып, өзіне жүктелген міндеттердің орындалуы жайында депутаттар алдында есеп берді.

 

Облыстық мәслихат хатшысы Дулат Нұрмолдин, облыс әкімінің орынбасарлары, әр деңгейдегі мәслихат хатшылары  мен қала, аудан әкімдері, облыстық департаменттер мен басқарма басшылары қатысқан сессия жұмысына депутат Жанболат Кәмелиденов төрағалық етті. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша облыс әкімі сөз алып, жергілікті атқарушы органдардың жұмысы Мемлекет басшысының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында, мемлекеттік бағдарламаларда көрсетілген міндеттерге және де облысымыздың стратегиялық даму бағытына сүйене отырып атқарылатынын атап өтті. Мұның бәрі – ең алдымен, шағын және орта бизнесті дамыту арқылы экономиканы өсіру, халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатындағы шаралар.
– Жергілікті жерлердегі жағдайды жете білу үшін мен облысымыздың барлық аудандарында болып, бірқатар түйткілді мәселелердің бар екендігіне  көз жеткіздім. Олар бірте-бірте шешімін табуда. Қазір алда тұрған негізгі міндеттердің бірі – Калачи ауылы мен Красногор кентінен  балалары бар отбасыларды көшіріп алу. Ал, қалған тұрғындар көшу-көшпеу жайын өздері біледі. Біз ешкімді де күштей алмаймыз. Осы мақсатта республикалық бюджеттен шашамен 2 миллиард теңге қаражат бөлінді, – дей келе, Сергей Кулагин Көкшетау мен Есіл, Державинск қалаларында тұрғын үйлер салынып жатқанын, оларды қыркүйек, қазан айларында тапсыру қажеттігін қадап айтты.
Мердігер компаниялар бұл тұрғын үйлердің құрылысын толық аяқтамайды, сондықтан, аталған аудан басшыларына пәтерлердің ішкі әрлеу жұмыстарын жергілікті бюджет есебінен жүргізуге тура келеді. Облыс әкімі аудан басшыларына осы мәселені және қысқы жылу беру  маусымына дайындық жұмыстарын, егінді уақытылы жинап алуды жете қадағалауды  тапсырды. Осы орайда, өңір басшысының сынына іліккен тағы бір жағдай – жобалардың соңына дейін іске аспай, орта жолда қалып қоюы. Мәселен, Еңбекшілдер ауданындағы осыдан екі жыл бұрын жұмысын бастауы тиіс цемент зауыты әлі күнге дейін пайдалануға берілмей келеді. «Болашағы бұлыңғыр» мұндай жобалар өте көп. Сондықтан, Сергей Кулагин әр аудан әкімінде ауданның экономикалық дамуына тікелей әсер ететін салмақты жоба болуы қажеттігін ескертіп, өзінің орынбасарлары мен аппарат қызметкерлеріне өңірімізде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламаларды қайта қарау жоспарын әзірлеуге тапсырма берді.  
Қыс таяп қалса да, дайындық шараларына қаржы жеткіліксіздігін сылтауратып Есіл, Атбасар, Еңбекшілдер аудандарының қысқы жылу  беру маусымына әлі қамданбағанына, Целиноград, Есіл аудандарында тұрғындарды жұмыспен қамту көрсеткішінің төмен екендігіне де сын айтылып, өңірлерге жұмысты ширата түсуге тапсырмалар жүктелді.
Одан әрі сессияның күн тәртібі бойынша депутаттар Нариман Оразбаев, Александр Доброс-кок, Мұрат Теміржанов өз сайлау округтерінде атқарып жатқан жұмыстары туралы хабарлама жасады. Әсіресе,  Мұрат Теміржановтың қатты тұрмыстық қалдықтарды тастайтын полигонның жоқтығынан  Бурабай курортты аймағында қоқыс алаңдары көбейіп кеткендігі жайлы көтерген сауалына өңір басшысы алаңдаушылық білдіріп, қоқысты уақытылы тазалап отыратын арнайы техника сатып алу қажеттігін айтты. Сессияда қаралған мәселелер бойынша тиісті шешім қабылданды.

 

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар