Білімнің нұрын шашқан қара шаңырақ

Бірде бал, бірде у боп өтеді өмір,
Бақты да, қайғыны да көтере біл.                                                                                                   

Фирдоуси.

Педучилищеде директор болған кезім менің өмірбаянымның ең елеулі кезеңдерінің бірі болды. Қазағым үшін, ана тілімнің дамуы үшін, қасқалдақтың қанындай болса да жәрдемім тиген уақыттарымды мақтанышпен еске аламын және осындай киелі шаңырақты өз қолыммен қайта құру менің маңдайыма жазылған үлкен бақыт деп білемін.
Кезінде ел жақсылары 1955 жылы жабылып қалған педучилищені қайтадан ашу жөнінде мәселе көтеріп, бірнеше рет Үкіметке және Жоғарғы Кеңестің депутаттарына сауал жолдады. Бұл іске бұрынғы Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газетінің бас редакторы болып көп жыл қызмет еткен, кейін Көкшетау облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы болған, белгілі жазушы Жанайдар Мусин, жазушы Естай Мырзахметов, айтыскер ақын Көкен Шәкеев, жазушы Төлеген Қажыбаев, тұңғыш тәуелсіз «Оқжетпес» газетінің редакторы Нұрхан Ысқақов, облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Оразбек Ахметов, журналист Райхан Сейітова және басқалары белсене атсалысты. Осындай ұйымшыл іс-әрекеттің арқасында ақ түйенің қарны жарылып, өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріліп, 1990 жылы маусым айында педучилище ашылды.
 Бірінші қолға алған мәселем, кадрларды іріктеу, конкурстан өткізу, орналастыру, тұратын орындарын анықтау болды. Бас-ты талап – оқытушылардың тәжірибелі, білікті, жас әрі өнерлі болуы. Ең бірінші жұмысқа Нұртас Ахатұлын алып, өзіме орынбасар етіп тағайындадым. Ол қазіргі кездегідей қуыршақ орынбасар емес, кәдімгідей өзінің салмақты ойы, тәрбие жұмысын кешенді жүргізе алатын, өзіңмен пікір таластыра алатын «мені» бар, оқытушыларға болашақ мұғалімдер мен тәрбиешілерді даярлау ісінде қатаң талап қоя білетін, теориялық және практикалық білімі терең, бірінші күннен бастап директордың орнын баса алатын резерв ретінде қабылданды. Нұртас Ахатұлы осы үрдістен шыға білді. Үш жылдан артық директордың орынбасары болса, міне, жиырма екі жылдан аса директорлық қызметті абыроймен атқарып келеді. Аузы дуалы, Парламент депутаттары мен Білім министрлігінде отырғандарға сөзін өткізе алатын беделді азамат, ғалым, халық қалаулысы, ардақты әке, аяулы ата, спортшы, құралайды көзге ататын мерген, сегіз қырлы, бір сырлы, білікті де, білімді ұжымды қалыптастыра білген беделді әрі ақылды басшы.
Жаңа оқу орнын құру кезінде бар күш-жігерін, білімін, тәжірибесін аямай адал еңбек етіп, оқушыларды білім нәрімен сусындатып, саналы тәрбие бере білген менің әріптестерім әрі іні-қарындастай адал болған Дариға Қарипенқызы, Айман Нұрсейітқызы, Ғабдылмәжит Елемесұлы, Өмірбек Шаймұратұлы, Алтыншаш Досымбекқызы, Тілеуғабыл Иманбайұлы, Анар Базарқызы, Дина Өсербайқызы, Серік Жарылқапұлы, Балқадиша Қайырбайқызы, Ақмарал Хамитқызы, Әсия Әбілханқызы, Кемел Боқанұлы, Дина Ақпарқызы, Роза Қабылханқызы, Құрмет Сақай, Ләззәт Шалқарқызы, Нұргүл Байтілеуқызы, Нұрлығайын Ғабдоллақызы, ақын Құдайберлі Мырзабектердің есімдерін зор ілтипатпен атаймын.
Жаңа оқу орнын құру, оның материалдық-техникалық базасын нығайту оңай болған жоқ. Ең бірінші мәселе, ғимарат еді. Оның үстіне шақырып әкелген оқытушыларды пәтермен қамтамасыз ету жағдайы орасан, зор қиындық туғызды.  
Шәкәрімнің «Мейірім, ынсап, әділет, адал еңбек, таза жүрек, тату дос-өміріңде өкіндірмес қасиеттер осылар» дегеніндей олар менің жігеріме жігер, қуатыма қуат қосқан, басты арманымды іске асыруға бір кісідей ат салысқан аяулы да, ардақты, өмірі ұмытылмас бауырларым. Менің сол бір шын бақытты шағымда жанашыр болып, халқымыз үшін адал қызмет еткендеріңіз үшін басымды иіп, шын жүректен алғыс айтамын. Педучилищенің материалдық-техникалық базасын нығайтып, оның жаңа ғимаратқа көшуіне сол кездегі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Чапай Әбутәліпов, облыстық атқару комитетінің төрағасы Владимир Крамарев, облатком төрағасының орынбасары Зура Шуатаева, «Казглавснабтың» президенті Қайыржан Ысмағұлов, кейін облыс әкімі Жәнібек Кәріпжанов, облыстық білім басқармасының басшысы Тельман Мұқышев елеулі еңбек сіңіргенін атап айту керек.                                                         
Алғашқы бетте жоқтан бар құрау оңай-оспақ шаруа еместігі белгілі болды. Алдымен, оқу корпусы, жатақхана қажет еді. Жатақханаға бұрынғы бухгалтерлер мектебінің ғимаратын алдық, оған қоса индустриалдық-педагогикалық техникумының бос тұрған бір жатақханасы тиді. Жатақханаға мұғалімдерді де орналастыра бастадық. Оларды облыс мектептерінен іздеп жүріп, ең таңдаулыларын қабылдадық.
Бастапқы бетте қаржы жағдайы да қиын болды. Училищенің материалдық-техникалық базасының біртіндеп түзелуіне облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Чапай Әбутәліпов, кейін облыс әкімі Нәжимеден Есқалиев үлкен көмек көрсетті. Ата-аналар тарапынан да қамқорлық аз болған жоқ. Қаладағы кәсіпорын басшылары, іскер азаматтар, ұлт жанашырлары көмек қолын созды. Алғашқы жылдары училище оқушылары күзгі жиын-терін кезінде
Айыртау ауданындағы «Айыртау» кеңшарының картобын жинауға қолғабыс тигізетін. Осы кеңшардың директоры Көшек Сәменов бір жүк көлігін сыйлады.  
Ел елеңдеп отырған жағымды іс өз жүйесімен біртіндеп жоғары өрлей берді. Сол көмектің арқасында екі компьютер сыныбын жабдықтадық. Ол уақытта бұл үлкен табыс болатын. Қаланың мәдени өміріне белсене араласа бастадық. Училищенің қыздар қоры бірден елді елең еткізді. «Қараторғай» ансамблін құруымыз да облыс орталығының мәдени өмір тынысының жағымды жаңалығы болды. Ансамбльдің атын Алаштың ақиық ақыны Ғафу Қайырбеков қойған болатын. Тұңғыш рет Наурыз тойын өткіздік. Ақан серінің 150 жылдық то-йында жеке киіз үй құрып, ұлттық өнерді насихаттауға атсалыстық. Қалалық, облыстық көркемөнерпаздар байқауына үзбей қатыса бастадық.
Ел арасында мамандық таңдау тақырыбында түсінік жұмыстарын, үгіт-насихат істерін белсенді атқара бастадық. Училищенің жақсы аты шыққаннан кейін талапкерлер де келе бастады. Сол уақытта бір орынға 8-10 талапкерден келетін. Бұл көрсеткіш алғашқы беттегі асқақ абыройды танытса керек. Тәптіштеп айтсақ, талай уақытқа созылатын жыр. Сондықтан, амалсыздан қысқа қайырамын. Алдағы уақытта мен колледж оқытушылары мен түлектерінің жоғарыда аталған қазаққа тән асыл қасиеттерді өздерінің және жас ұрпақтың бойына сіңіру жолында аянбай еңбек ететіндеріне үміт артамын. Осының арқасында ғана кейбір жастарымыздың мысық тілеулі миссионерлердің азғыруына ілесіп, ұлтын сатып, мұсылманға жат діндерге өтуі тыйылып, қоғамды жайлаған  жемқорлық,  парақорлық, жалақорлық, зинақорлық, пәлеқорлық, өсек айту, біреуді күндеу, зорлық-зомбылық жасау, өзіне-өзі қол салу сияқты індеттердің тамырына балта шабылар еді. Ол үшін барлық қазақ балалары мен жастары оқитын оқу орындарында ислам діні негіздері мен қағидаларын оқытуды қазірден бастап қолға алу керек деп ойлаймын.
Менің жастарға айтар өсиетім: жастық шақта алған білімің тасқа қашап  жазғанмен тең, қартайғанда алған білімің құмға құйған сүтпен тең екенін есте сақтаңдар және колледж қабырғасында өткізген күндеріңді терең білім алуға және «Өсер ел өткенін ұмытпайды» дегендей, қазағымның тамаша тарихын зерделеу-ге арнаңдар. Б.Шоудың «Жастық шақ тамаша нәрсе, оны рәсуа ету қылмыс» дегенін ұмытпаңдар. Бойларыңды жаман әдеттерден аулақ ұстап, қазақтың «Ұл ұяты әкеге, қыз ұяты анаға», Алла Тағаланың «Сақтансаң, сақтармын» дегендерін өздеріңе  бойтұмар етіп алыңдар. «Жер басқанға мәз болма, ізің жерде қалмаса», –  дейді дана халқымыз.
Сіздердің тілімізді, ділімізді, мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді сақтап, дамытуға, тәуелсіздігімізді нығайта түсуге белсенді түрде атсалысатын ұлттық рухы биік жас мамандарды даярлауда небір асқаралы биіктерден сүрінбей өтетіндеріңізге сенімдімін. Ширек ғасыр бойы білім беру саласында қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан, қасиетті қара шаңырақтың беделі мен абыройының  арта түсуіне тілектеспін!
Мұрат қажы ЫДЫРЫСҰЛЫ,
Қазақстан Республикасы
білім беру саласының үздігі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар