Болашақтың бағдары, кемел ойлардың тоғысы

Облыс орталығындағы білімнің қара шаңырағы саналатын Жанайдар Мусин атындағы қазақ педагогикалық колледжінің екінші тынысы ашылып, қайтадан жұмыс істей бастағанына 25 жыл толуына орай, біздің тілшіміз осы оқу орнының басшысы, филология ғылымдарының кандидаты Нұртас Ахатқа жолығып, тілдескен болатын. 

– Үстіміздегі жылы Елбасы «Жүз нақты қадам» жобасын жариялады. Бұл жобаның ішіндегі ғылым мен білім саласына арналған бөлімдер педагогикаға, жалпы білім беру саласына қаншалықты серпін береді?
 – Биылғы  жылы біздің еліміз үшін тағы бір алға басушылық, жаңа бір қадам жасаудың үлгісі ретінде көрсетілген Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ел дамуындағы бес институционалды реформаны жүзеге асыру үшін «100 нақты қадам» мәселесі бойынша үлкен жұмыстар басталып кетті. Осы бағдарламада үшінші үлкен реформаның құрамына еніп отырған 76, 77, 78, 79 қадамдар тікелей білім беру саласына арналған. Осы аталған қадамдар тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін әрі қарай сапалық деңгейге көшіруде әлемдік экономикалық ынтымақтастық ұйымдары елдерінің құрамына ену, адам капиталының резервін, адам капиталының ресурсын жасауда білім берудің сапасын институционалды деңгейге көтеруге арналған. Білім және ғылым министрлігі осы жоспардың білім мен ғылым саласын әрі қарай дамытуға бағытталған 7 қадамын іске асыру бойынша ұсыныстар әзірлеп, Ұлттық жаңғырту жөніндегі комиссияның қарауына енгізді. Осы 7 қадамның 5 қадамы білім саласына, ал 2 қадамы ғылым саласына қатысты.
 – 76-шы қадам бойынша 12 жылдық білім беруді кезең-кезеңімен енгізу мәселесі жүктелгені белгілі. Бұл жүйе – бірнеше жылдардан бері талданып, тәжірибе жүзінде сынақтан өтіп жатса да, толық жүзеге асырылмай тұрған білім саласының бір бағыты. Дегенмен, бүгінгі он екі жылдық кезеңге қатысты қандай жоспарлар бар? Сол жоспарлармен ой бөліссеңіз.
 – 12 жылдық білім беру жүйесінің стандарты бойынша үлкен дау болды. «Жүзеге қалай асыру керек? Оның стандарты қалай жасалу керек?» деген мәселелерде көп қателіктер жібердік. 12 жылдық бойынша бізде эксперименттер жасалды, бірақ, оның нәтижесі шықпады. Сол экспериментке  білім беру саласының осы жүйедегі нақты мамандары бас қоса отырып, толық талдау жасамады. Сондықтан, бұл мәселені тоқтатып қойды. Енді  әлемдік деңгейдегі біздің біліміміз конверттеліну болатын болса, әлем қазақстандық білімді мойындайтын болса, 12 жылдық білім беру жүйесі керек-ақ. Бірақ, оның сапасы үлкен дайындықты,  зор жауапкершілікті қажет етеді. Міне, осы мәселені жүзеге асыру қадамын басты назарда ұстаған жөн деп ойлаймын.
– Осы орайда, өзекті мәселе – маман даярлау. Индус-трияландыру саясатын елдің білікті мамандарымен қамтамасыз ету үшін де, ертеңгі күні басқа жұртпен бәсекелесе алатын ұрпақ өсіру үшін де білімнен басталатын негіз мықты болуы шарт. Осы жағына қаншалықты көңіл бөлінуде?
– Білім беру саласында педагог мамандарды даярлауда педагогикалық колледждердің атқарып отырған жұмысы өте күрделі. Әлемдік кәсіби білім деңгейімен салыстырар болсақ, нақты мамандыққа бейімделген, заманауи педагогикалық технологиялар мен инновациялық ақпараттық әдіснамаларды, акмеология мен аксеология саласындағы жаңалықтарды тиімді игеруде аталмыш білім мекемелері прогрессивті даму потенциалын көрсетіп келеді. Қазақстан  Республикасының жалпы әлемдегі өркениетті 30 елдің қатарына кіруі үшін білімнің мықтылығын мойындату қажет. Осы орайда, 10 әлемдік деңгейдегі колледж бен 10 жоғары оқу орнының базасын жасау қажет-ақ. Әлемде барлық білім беру жүйесінің негізін қалаушы – бастауыш білім беру жүйесі. Сондықтан, педагог мамандарды даярлауға байланысты бір мықты колледж болуы қажет. Сол колледжге біз үміт артуымыз керек. Сол колледжде жасалған стандарттар, білім бағдарламалары, оқу жоспарлары, күнделікті оқу және тәрбие процесінің барлығы колледждерге үлгі болатындай болуы тиіс. Менің ойым осында жатыр. Екіншіден, ең мықты 10 жоғары оқу орны болса, біздің 16 миллион халқы бар Қазақстанға осының өзі жетіп жатыр. Ал, 300-ден астам жоғары білім беретін оқу орындарының ішінен, мысалы, бір облысқа бір жақсы университет жетеді. Қалған оқу орындарының барлығы құр бакалавриат саласындағы сапасыз мамандар даярлауда. Бұл біздің халқымыздың болашағына балта шабылып отырған қастандық деп ойлаймын. Бүгін осы мәселеде үлкен қадамдар мен шешімдер жасалуы керек және де бұл міндетті түрде іске асырылуы қажет.
Одан кейінгі үлкен бір жүйе – бұл ағылшын тілі мәселесі. Мен өзім тіл маманы ретінде әуел бастан, балабақшаларда, бастауыш білім беру жүйесінде шет тілді оқытуға қарсы болғандардың бірі едім. Бірақ, өкінішке орай, әлі күнге дейін ағылшын мен орыс тілі қолданыста. Бәрібір бұл нәтиже бермейді деп толық айта аламын, себебі, аз ғана сағаттармен әлі де болса ағылшын тілі қалыптаспаған балабақша мен бастауыш мектептерде бұны іске асыру өте қиын. Біз бірнеше буын ұрпақтың уақытын босқа жібереміз. Одан да ғылым деңгейінде  Жапонияның, Сингапурдың, Малайзияның тәжірибелерін межеге алып, пайдалана білуіміз керек. Әлемде, жалпы әлемдік деңгейде ешбір жерде бірнеше тілде бастауыш білім беру саласында оқытудың мұндай үрдісі жоқ. Біз содан үлгі алуымыз керек. Келісемін, жоғары, жалпы 5-6 сыныптардан бастап шет тілін үйретудің жаңа деңгейі, жаңа сапасы, жаңа бір рейтингі, жаңа бір платформасы жасалуы керек. Бұл жүйені сапа беретін жағдайға жеткізіп алсақ, сонда ғана біз ағылшын тілін үйретудің қысқа формасын іске асыруға үлгереміз. Сондықтан, мен жоғары сыныптарда ағылшын тілінде сабақ беруге және жоғары оқу орындарында ағылшын тілін оқыту мәселесіне қосыламын. Бірақ, оның сапасын, оқулықтарын, базасын, оны оқытатын адам капиталы – оқытушылардың сапасын өте жақсы дайындап алу керек. Сондықтан да, осы үшінші институционалды реформаның құрамына еніп отырған білім беру жүйесін түрлендіру, жаңарту, жаңа ракурсқа көшіру Білім министрлігінен бастап, тіпті, бүгінгі ауылдағы бастауыш сыныпқа сабақ беріп отырған мұғалімнің ойланып жасайтын үлкен қадамдары деп есептеймін. Осы қадамдар бойынша біз жиі бас қосып, тың ізденістер жасап, нәтижесін талқыға салып отыруымыз қажет. Әрбір жарыққа шығатын оқулықтың өзін сол саланың мамандары ой елегінен өткізіп, талқылап, содан кейін барып оны балаға жеткізудің жолдарын қарастыру керек. Осы мәселелер толық іске асырылса, жақсы болар еді.
 – Колледждің 25 жылдық мерейтойын атап өтудің қажеттілігі туралы не айтар едіңіз?   
– Бұл оқу орны осыдан 25 жыл бұрын ұлт жанашырларының ересен қайрат-жігерінің арқасында ашылған еді. Ширек ғасырдағы еңбектің нәтижесі, ел алдындағы есебіміз іспетті дүние. Меніңше, оның еш артықтығы жоқ деп ойлаймын. Жалпы, атауы той болғанымен, ішкі мазмұны болашақтың бағдары, келешекті кемел ойлардың тоғысын межелеу.

Әңгімелескен Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар