Құлагердің шабысын көрген бұл ел!..

Елордамыз Астанада Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы аясында елді елең еткізер бірқатар ауқымды іс-шаралардың өткізілгендігі белгілі. Соның бірі Астананың іргесіндегі Қабанбай батыр ауылында өткен аламан бәйге.

«Алтын тұлпар» деп аталатын бұл ат спорты мерекесін «Нұр Отан» партиясының қолдауымен Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен еліміздің ұлттық спорт түрлері қауымдастығы ұйымдастырып, мыңдаған ат спорты жанкүйерлерін зор қуанышқа бөледі.
Былтыр өткізілген дәл осындай аламан бәйгеде жер-жерден әкелінген сәйгүліктер тізгіні 43 шақырымға жебіріліп еді. Биыл республикамыздың 16 аймағынан келген 160 шабандоз өз тұлпарларының бақтарын 51 шақырымда сынады. Оның себебі, қауымдастықтағы кейбір кәнігі мамандар бәйгеге қосылған аттар 43 шақырым қашықтықта бауырын толық жаза алмайды, сондықтан, бұдан ұзақ қашықтық керек деп пікір білдірді.
Қалай болғанда да, бұл аламан бәйге ат бапкерлері мен шабандоздар, тіпті, ат сыншыларының, таңертеңнен осы ауылға қарай асыққан үлкен-кіші жанкүйерлердің, бәрінің де делебесін қоздырып, үлкен қызығушылық туғызды. Оның үстіне аламан бәйгенің бас демеушісі «Самұрық Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры жүлде қорына 23 миллион теңге қаржы бөлуі де бұл шараға деген көпшілік ықыласын одан сайын арттыра түскендігі белгілі.
Мұны осы аламан бәйгенің қарсаңында Астанада өткен баспасөз мәслихатында «Самұрық Қазына» АҚ өкілі Қайдар Махметов те ерекше атап өтті. Ол бұл шараның халқымыздың мәдениетінің дамуына айтарлықтай үлес болып қосылатынына өз сенімін білдіре келе, шабандоздар мен олардың сәйгүліктеріне желдей ескен жылдамдық тіледі.
Шынында, тұқымы таза ақалтеке, араб және ағылшын аттары ә дегеннен бірінен-бірі озып, көкжиекке сіңіп, жоқ болғанша жанкүйерлердің алағызған көңіл-күйлерінде тыным болмады. Ал, мәреге он жастағы Ақжол Жұматай шапқан Жамбыл облысының жүйрігі өзге аттардан бірінші болып жеткенде, биылғы «Алтын тұлпар» бәйгесінің жеңімпазы да белгілі болып қалған еді.
– Осы жарысқа бір жыл бойы дайындалдық. Мақсатымыз алдыңғы үш орынның біріне қол жеткізу болатын. Бірақ, аламан бәйгеге бірінші рет қатысып, бірден бас жүлдені жеңіп алғанымызға әлі сене алмай тұрмын,–деп ағынан жарылған ат иесі Есбол Шынтасовтың қуанышын да түсінуге болады. Бірінші орын үшін берілген 10 миллион теңге елімізде ат спортын дамытуға игі ықпалын тигізетін қомақты жүлде екендігі анық. Бейбарыс сәйгүлігімен мәре сызығын екінші болып қиған павлодарлық Мейірхан Дәлеловке бес миллион теңгенің, ал, Жаннұр тұлпарымен алғашқы үштіктен көрінген Алматы облысының шабандозы Олжас Қойшыбекке 2,5 миллион теңгенің сертификаттары табыс етілді. Жалпы, бұл жолы Құлагер, Байшұбар, Қубас, Қарақасқа, Ақтабан, Бозауыз, Тайбурыл, Көкбурыл, Шалқасқа, Тарлан сияқты аттары аңызға айналған сәйгүліктеріміздің құрметіне тағайындалған номинациялар бо-йынша алғашқы тоғыздыққа кірген аттар мен олардың иелері де Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының ақшалай сыйлығы мен дипломдарынан тыс қалған жоқ.
Тағы бір сүйсінерлігі, бұл аламан бәйгеде жиналған жұртшылық ұлттық қолөнер шеберлерінің көрмесі мен жас орындаушылардың концертін де тамашалап, жарыс жолындағы сәйгүліктерді тағатсыздана күткен алтын уақыттарын мазмұнды өткізді. Оның үстіне бұл жолы осы «Алтын тұлпар» аламан бәйгесінің аясында атқа алдын ала сын айтып, жарыс жолындағы шама-шарқын байқау, ат тағалау байқаулары да өткізіліп, осындайда жарқырай көрінген бұрынғы салт-дәстүріміз одан сайын жаңғыртыла түсті.
Осылайша  Қабанбай батыр ауылында өткен үлкен ат спорты мерекесі Ұлы Дала елінде ер қанаты саналатын сәйгүліктеріміздің, атбегілері мен шабандоздардың тағы бір мерейін асырып, шоқтығын биіктете түсті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар