Дәрігерлер парызы – халықтың денсаулығына қамқор болу

Дәрігерлер парызы – халықтың денсаулығына қамқор болу

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі халыққа Жолдауында ел мен қоғамның одан әрі дамуының жолы баяндалған, қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған стратегиялық міндеттер, елдің өркендеуіне қатысты жеке көзқарасы көрініс тапқан.

Осы ретте, Президент Жолдауынан кейін денсаулық сақтау саласын қандай өзгерістер күтіп тұрғаны жайында кеңінен тоқталып өткім келеді. Мемлекет басшысы атап өткендей, цифрландыру – сәнді үрдіспен жүру деген сөз емес, ол ұлттық бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізудің негізгі құралы. Жаңа индустрия негізінде цифрлық технологияларды қолдана отырып, экономиканы жедел технологиялық модернизациялау тікелей медицина саласына да қатысты. Бізге ақпараттық жүйелермен жұмыс істеу қалыпты құбылысқа айналды. Бүгінде медицина саласының қызметкерлері стационардағы науқастардың электронды тіркелімі, бекітілген тұрғындардың тіркелімі, «Емхана» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі, «Госпитализациялау бюросы» электронды порталы секілді бірнеше ақпараттық жүйелермен жұмыс істейді. Облыстың медициналық ұйымдарында Кешенді медициналық ақпараттық жүйесі (КМАЖ) енгізілді.
Қашықтықтан диагностикалау бұл да уақыт талабы. Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасының телемедицина орталығында жылына сала мамандары 1500-ден астам кеңес береді, 500 бейнеконсультация жасайды. Коронавирус пандемиясы осы қызмет түрінің кең етек жаюына еріксіз себепші болды. «Шалғайдан консультация жасау» және «Виртуалды консилиум» секілді клиникалық-диагностикалық қызметтерді көрсетудің жаңа форматы енгізілді. Барлығы 526 консультация өткізілді. Оның 137-сі «виртуалды консилиум» режимінде өтті.
Аталған форматта жұмыс істеу науқастарға медициналық қызмет көрсету сапасын айтарлықтай жақсартқанын байқадық. Науқастар келмей-ақ, консультация ала алады. Әсіресе, қыста шалғайда тұратын науқастарға ыңғайлы болды. Сол себепті, карантин режимі алынғаннан кейін де «Шалғайдан консультация жасау» және «Виртуалды консилиум» секілді клиникалық-диагностикалық қызметтерді көрсетуді жалғастыратын боламыз.
Сонымен қатар, облыстық денсаулық сақтау басқармасының жанында Call-орталығы бар Ситуациялық-аналитикалық орталық құрылған болатын. Пандемия кезеңінде орталыққа 8 мыңнан астам адам хабарласты. Мұнда түрлі бағыттар, мәселен диспансерлеу, босандыру, скринингтік қаралу, алғашқы медициналық көмек көрсетуден бастап стационарға қабылдауға дейін үлкен аналитикалық жұмыс жүргізіледі.
Президент Жолдауында денсаулық сақтау саласын одан әрі дамытудың басым бағыттары ретінде денсаулық сақтау нысандарын техникалық модернизациялау атап көрсетілді. Үстіміздегі жылдың соңына дейін бір ауысымда 150 қабылдауға арналған онкологиялық емхананы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда онда ішкі әрлеу және жабдықтарды орнату жұмыстары жүріп жатыр. 2025 жылға дейін Көкшетау қаласындағы Сарыарқа шағын ауданында 630 орынға арналған жаңа облыстық көпбейінді емхана салу жоспарлануда. Бұл өз кезегінде өңірдегі денсаулық сақтау ісін дамытуға серпін берері сөзсіз.
Соңғы екі жылдың көлемінде облыс-та науқастарды магнитті-резонансты томографиядан өткізу өзекті мәселе болатын, себебі, бір ғана томография аппараты 2018 жылдың шілдесінде істен шыққан еді. Облыстық әкімдіктің қолдауымен бұл мәселе де шешілді. Жергілікті бюджет қаражатына барлық техникалық параметрлерге сәйкес келетін МРТ аппараты сатып алынды. Қазіргі таңда оны монтаждау жұмыстары жүргізілуде.
Иә, бүгінде пандемияға байланысты медицина қызметкерлері және медицина жүйесі түгелдей мемлекеттің назарында. Бірақ, біз мемлекеттік көмегін бұрын да сезінетінбіз. Қазіргі кезде Перинаталдық орталықтың төрт қабатты гинекологиялық корпусына күрделі жөндеу, хирургиялық корпустың жедел жәрдем бөлімшесін қайта дизайндау және жаңарту жұмыстары жүргізілуде.
Үстіміздегі жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен жалпы сомасы 1 миллиард 168 миллион теңгеге медициналық құрал-жабдық сатып алынды. Ол жабдықтардың жартысы, соның ішінде оттегі станциясы коронавирус инфекциясымен күрес мақсатында сатып алынған болатын. Әлбетте, пандемия ел өміріне айтарлықтай өзгерістер алып келді, барлық медицина ұйымдарының жұмысы қайта құрылды. 2020 жылдың 5 наурызынан бастап облыстық аурухана базасында 230 кереуеттік инфекциялық-провизорлық госпиталь жұмыс істейді. Ашылғаннан бері мұнда 2000-ға жуық пациент емделіп, бұл шараларға 186 қызметкер тартылды.
Коронавирус инфекциясымен күрес әлі бітпегенін және босаңсуға болмайтынын жақсы түсінеміз. Қазіргі таңда пандемияның екінші толқынына қамданып жатырмыз, жеке қорғаныш құралдарының, дәрі-дәрмектің, жабдықтардың стратегиялық қоры жасалуда. Осы ретте, толық заманауи құралдармен жабдықталатын 200 орындық модульдік инфекциялық аурухананың құрылысы жүріп жатқанын айта кеткім келеді.
Заманауи аппараттардан бөлек, интеллектуалды капитал мәселесі де маңызды. Медицина кадрларының, әсіресе, дәрігерлердің жетіспеушілігі республика бойынша өзекті мәселе. «Қазақстан Республикасында денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің имиджін көтеруді насихаттау бойынша ақпараттық саясат» жобасы жүзеге асырылуда. Нормативтік актілерге енгізіліп жатқан өзгертулер дәрігерлердің әлеуметтік-құқықтық статусында бұрын кеткен олқылықтардың орнын толтыруға мүмкіндік береді. Десек те, материалдық ынталандыру әлі де жеткіліксіз. Сол себепті, мамандардың жеке секторға, басқа салаларға кетуі жиі орын алады. Кадр тапшылығын азайту мәселесін әкімдікпен бірлесіп шешуге тырысып жатырмыз. Бүгінгі таңда республикамыздың жоғары оқу орындарында жергілікті бюджет қаражаты есебінен 35 студент білім алуда. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде «Жалпы медицина» мамандығы бойынша облысымыздың 214 студенті оқып жатыр. Оның ішінде 100 студент облыс әкімі грантының иегерлері. Атаулы шәкіртақы 68 студентке берілді. Олар оқуларын аяқтағаннан кейін 3 жыл облыс аумағында жұмыс істеулері тиіс.
2020 жылы облысқа 78 жас дәрігер келді. 40 жас маман баспанамен қамтамасыз етілді. Үстіміздегі жылы баспанамен қамтудың жоспары бойынша шамамен 106 дәрігерге үй берілуі керек. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша 2 жас дәрігер бюджеттік несие алды. Ауылдық жерлерге жұмыс істеуге барған дәрігерлерге 1 миллион теңге көлемінде көтермеақы беру көзделген. Облыстық аурухана жайлы айтсақ, биылғы жылы бізге жаңадан 4 маман – эндокринолог, кардиолог, кардиохирург және пандемия кезеңінде ең қажетті кадр эпидемиолог келді.
Қазақстан халқына Жолдауында Президент денсаулық сақтау жүйесін дамытудың тағы бір маңызды тармағы ретінде 2023 жылға дейін медицина қызметкерлерінің жалақысы экономикадағы орташа еңбекақы төлемінен екі есеге арттырылатынын айтты. Көпбейінді облыстық ауруханада 2020 жылдың қаңтарынан дәрігерлердің орташа айлық еңбекақылары 30 пайызға және орта медициналық персоналдың еңбекақысы 20 пайызға өсті. Ал, осы жылдың наурыз айынан COVID-19 вирусымен күрес шараларына жұмылдырылған медицина қызметкерлеріне медициналық сақтандыру қорының есебінен 288 миллион теңге көлемінде қосымша ақы төленді.
Мемлекет басшысы осы жылдың екінші жартыжылдығында медицина қызметкерлеріне қосымша ақы төлеуге 150 миллиард теңге бөлуді және бұл жұмыстарды жүйелі жүргізуді тапсырған болатын. Президент көзделген мақсатқа жету үшін баршамызды бірлесіп әрекет етуге шақырды. Күшімізді біріктірсек қана осы қиын кезеңді абыроймен еңсере аламыз. «Мақсат – жетістіктің желкені» деген дана сөз бар. Сондықтан, жаһандық дағдарысқа, пандемияға қарсы тұру үшін біз әрқайсымыз өз жұмыс орнымызда еліміз қол жеткізген жетістіктерді нығайтуымыз қажет.

Нұрлан ЖАРОВ,
Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *