Өңірдің дамуы мен қысқа дайындық мәселелері басты назарда болсын

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткен кезекті әкімдік мәжілісінде облыстың 2020 жылдың сегіз айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы мен бюджеттің орындалу қорытындылары және алдағы жылу беру маусымына дайындық барысы талқыланып, осы бағытта жүзеге асырылуға тиісті нақтылы міндеттер сөз болды.

Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, аудан және қала әкімдері, облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Алдымен, облыс әкімі жиналғандарға жаңадан тағайындалған облыстық дін істері басқармасының басшысы Алмас Мұқажановты таныстырып, жұмысына сәттілік тіледі.
Әкімдік мәжілісінің күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Дүзелбаевтың баяндамасы тыңдалды. Басқарма басшысының айтуынша, экономиканың көптеген салалары бойынша оң көрсеткіштер сақталды. Дегенмен, карантиндік шектеулер тауар айналымына біраз кедергі келтірген. Осы сала көрсеткіштері өзгелерімен салыстырғанда біршама төмен болған. Жалпы, облыс жеті негізгі көрсеткіш бойынша республикада көш бастап тұр. Мұндай өсім өнеркәсіп, тау-кен өндірісі, қайта өңдеу салаларында байқалады.
Жалпы, экономикада өсім болғанымен, машина құрылысы, подшипник өндірісі төмендеген. Бұл «ЕПК Степногорск» акционерлік қоғамының төтенше жағдай кезінде тоқтап тұрғанына байланысты орын алды. Алайда, ағымдағы жылдың 20 шілдесінен бас-
тап аталған кәсіпорын жұмысын жандандырды. Тау-кен өндірісінде құрамында алтыны бар руда өндірісі 17,9 пайызға кеміген. Бұған Зеренді ауданындағы «Алтынтау Көкшетау», Степногорск қаласындағы «Қазақалтын» ТМК» және Бурабай ауданындағы «RG Gold» акционерлік қоғамдарындағы қордың артуы себеп болған.
Сонымен бірге, Жарқайың, Шортанды, Ақкөл, Егіндікөл, Жақсы аудандары мен Степногорск қаласында өндіріс көлемі кеміген. Ал, Есіл, Қорғалжын, Біржан сал аудандары және Көкшетау қаласында керісінше, өндіріс көлемі біршама артқан.
– Дамудың өсім динамикасы өңірдің өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы саласында байқалуда. Өнеркәсіпте өндіріс көлемі 631,2 миллиард теңгені құрады. Ауыл шаруашылығы саласында нақты көлем индексі 119,5 пайызға жетті немесе 200,8 миллиард теңгені құрады. Бұл республика бойынша алдыңғы көрсеткіш, – деді Қанат Дүзелбаев.
Сонымен қатар, басқарма басшысы кейбір өңірлер бойынша өнім өндіру, жаңа жұмыс орындарын ашу, негізгі қорға инвестициялар салу және құрылыс жұмыстары көлемінің кемуіне жол берілгенін де атап өтті. Мәселен, Зеренді, Жарқайың, Бурабай, Жақсы, Аршалы және Зеренді аудандарында негізгі қорға инвестициялар салу көрсеткіші көңіл көншітпейді. Ал, Бурабай, Зеренді, Шортанды, Ерейментау аудандары мен Степногорск қаласында құрылыс жұмыстары сылбыр жүргізілуде.
Облыс әкімі Ермек Маржықпаев мәжілісте өңірдің сегіз айының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріндегі олқылықтар үшін бірқатар аудандар мен қала әкімдерін, басқармалардың басшыларын тұрғызып, осының себебін сұрады және әрқайсысына жіберілген кемшіліктердің орнын толтыру бойынша биылғы жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды.
Облыстық құрылыс, өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармаларының басшыларына өңір әкімдерімен бірлесіп, тиісті салалар бойынша көрсеткіштерді жақсарту қажеттігін ескертті.
Бюджеттің орындалуы бойынша облыстық қаржы басқармасының басшысы Талғат Бөлтенов жан-жақты айтып берді. Басқарма басшысының айтуынша, 2020 жылға арналған бюджеттің көлемі 393 115,4 миллион теңгені құраған. Сегіз айдың қорытындысы бойынша бюджетке 55 893,5 миллион теңге салықтар мен төлемдер түскен. Облыс бюджеті 98,7 пайызға орындалған. Бюджеттің шығыс бөлігіне келсек, 2 897,3 миллион теңге қаржы игерілмеген. Бұл негізінен білім, құрылыс, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы басқармалары және полиция департаментінде жол берілген. Осы орайда, облыс әкімі қай салада нақты қандай кемшіліктер жіберілгенін және оның себебін түсіндіруді талап етті.
Облыс тұрғындары үшін өзекті мәселенің бірі – алдағы жылу беру маусымына тиянақты дайындық жүргізілуде. Өткен жылғы жылу беру маусымы бірқалыпты өтті. Қазандықтар отын қорынан кемістік көрген жоқ. Ішінара кездескен кейбір олқылықтар жедел жойылып, жылудан тарығу болмады. Бұл туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Иван Юрченко баяндап, алдағы қысқы жылу беру маусымына облыстың дайындығы мен алдағы жоспарлар туралы ой бөлісті. Оның айтуынша, облыс жылу беру маусымына 98 пайыз дайын көрінеді. Бүгінгі күнге дейін қысқы маусымға қажетті көмірдің 157 мың тоннасы жеткізілген. Баяндамашы келтірген мәліметтерге сәйкес, күзгі-қысқы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары қыркүйек айының 15-іне дейін аяқталуы тиіс. Қыркүйектің 25-інен бастап, білім беру және денсаулық сақтау нысандарына, 1 қазаннан бастап тұрғын үйлер мен өзге нысандарға жылу беріле бастайды. Осы мақсатта облыстың 8 елді мекенінде жылу көздері мен жылу желілерін қайта жаңарту және салу жұмыстары жүргізілуде.
Облыс әкімі Ермек Маржықпаев жылу беру маусымына дайындық бойынша қолға алынған жұмыстарды ширатуды, сондай-ақ, аудан, қала әкімдеріне, департаменттер мен басқармалардың басшыларына алға қойған міндеттерді орындау бағытында әр сала бойынша нақтылы нәтижеге қол жеткізуді тапсырды. Ол өз сөзінде жылу беру маусымының коронавирус инфекциясы мен тұмаудың таралуының алдын алуда үлкен өмірлік маңызы барын жауапты лауазым иелерінің естеріне салды.
Әкімдік мәжілісі соңында Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығына байланысты бірқатар аудан және қала әкімдері мен департаменттердің, басқармалардың басшылары мерейтойлық медальдармен марапатталды.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар