Ақиқатын айтыңызшы!

Қоғам және мемлекет қайраткері Қасым Аппасұлы Тәукенов: «Өмір бойы пышақтың жүзімен жалаң аяқ жүріп өттім деуіме болады»

Адам бойындағы асыл қасиеттерді дамыту үшін алдымен батылдық керек. Батылдық болмаса, адам баласы қалайша ақиқат іздейді, қалайша махаббатты қорғайды?

Махатма Ганди.

Бұл – «Арқа ажары» газетінің жаңа айдары. Дәуір көшіп, заманалар өзгеріп жатқан бүгінгі кезеңде тарихтың қойнауына кетіп жатқан оқиғалар мен ел тағдырына қатысты жайлардың бел ортасында жүрген куәгерлердің де қатары сиреп барады. Міне, осыны ескере отырып, бар саналы ғұмырын өзі өмір сүрген дәуірдің міндеттері мен тапсырмаларын орындауға арнап өткен қайраткерлер мен тұлғалы азаматтарды сөзге тартып, ертеңгі күнге керек болып қалар деген оймен өткеннен сыр тартып қалуды мақсат етіп отырмыз. Алғашқы әңгімені кезінде шаруашылық және партия-совет орындарының басшылық қызметтерінде болған, еліміздің абыз ағасы Қасым Аппасұлы Тәукеновпен бастағалы отырмыз.

Сізбен келісіп алайық! Өзіңізге қойылар сұрақтарға орай анығын, тек қана анығын, ақиқатын айтсаңыз дейміз! Олай болса, әлқисса, әңгімемізді Абайдан бастасақ деп отырмын. Бұған себеп, Сіз «бала болып, жасыма ылайық ойын-сауық дегенді білмей өстім. Сөйтіп жүргенде Абайдың өлеңдер жинағы алғаш қолыма түсті» деп жаза келіп, содан бері адам болу, адал болу, өтірік айтпау, еңбек етіп, ғылымға талпынуды есіңізден бір сәт шығармай ғұмыр кештіңіз. Тағы да сол Абай өзінің бірінші қара сөзінде «Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық – әурешілікті көре-көре келдік» – дейді. Осы жайдың Сізге де қатысы бар ма деп отырмын.
– Келістік! Ешқашан жалған сөйлеп көрген жоқ едім! Абайдың бірінші қара сөзінде айтылған жайдың әрине, маған қатысы болғанда қандай, талай қызық-шыжығы мол дүниелер бастан өткерілді. Өмір бойы пышақтың жүзімен жалаң аяқ жүріп өттім деуіме болады. «Үйттім-бүйттім» деп бәрін тәптіштеп айту маған ұят. Әуел баста өмірімде атқарған қиын-қыстау жұмыстарымды өз қолыммен жазып шығуға батылым бармай жүрді. Кезінде Мұзафар аға Әлімбаев «жаз» десе де, өзімді-өзім әспеттегендей боламын ба деген ойдан аулақ болайын деген ойда жүрдім. Содан кейін досым Нұрғожа Оразға қолқа салып «менің ғұмыр баяным көз алдыңыздан өтіп келеді. Жастарға керек болуы мүмкін ғой, жазсаңызшы» дегендей тілек те білдірдім. Нұрғожа болса «ойбай, ондай материалдарды жазуды атама, еш жерде жарыққа шығартпайды», – деп ат-тонын ала қашты. Содан барып, ойлана толғана жүріп, жазушы болмасам да, амалсыз, басымнан кешкендерімді сақтықпен, ең қажет-ау деген жерлерін ғана қағазға ұяла-толғана түсіріп, жазып шықтым.
Ғұмырымда таза жүріп, таза тұруға сонау бала кезімнен дағдыланғаным бар. Қандай лауазымда қызмет атқарсам да, тегін бір келі ет алып көрген емеспін. Өз еңбегіммен тапқан таянғаныма тақыл-тұқыл ғұмыр кештім. Осынау қылығыма, осы күнге дейін ешкімнің сенгісі келмейді. «Қадірсіз десең халқымнан сұра» деген бар. Өсіп-өнген, қызмет атқарған ортамнан сұрап білуге болады.
–Дүниеде не оңай, не қиын? Жалпы дүние, өмір жайлы ендігі байламыңыз қандай?
– Дүниеде ең қиыны, ел басқарып жүріп, екі сөйлемей, ел алдында жүйелі, ағыңнан жарыла, арлы, таза, бүкпесіз ойыңды жеткізіп қана қоймай, орындата білу. Ешкімді өтірік алдап-арбай алмайсың. Саған шын сенсе соңыңнан ереді. Арамдық жасасаң, оны жұрт көзімен көріп, қолымен ұстамаса да сезінеді. Сенен бойын аулақ ұстайды. Шаруаң ақсайды. Еліміздің бүгінгі көптеген келеңсіз жағдайы, сол баяғы көзбояушылыққа салынып, ойланып-толғанбай, үстірт, «үйте салайық, бүйте салайықтың» кесірі. Арамдық кірген қоғамда береке бола ма? Халықтың хал-ахуалын уақытында аңғарып біліп, кемшін жерін шешіп отыру қажет. Халықпен тығылмақ ойнауға болмайды.
Осы орайда қытайдың философы Сюнь Цзының 2300 жыл бұрын айтқан тұжырымы еске оралады. Ол: «Отбирать (на службу) мудрых и прекрасных (людей), выдвигать честных и заслуживающих уважения, проповедовать почитание родителей и старших братьев, поддерживать сирот и вдов, помогать бедным и нищим – и тогда народ будет спокойно следовать приказам (правителя), то и правитель может спокойно управлять (государством). Предание гласит: «Правителя (можно сравнить) с лодкой, а народ – с водой: вода может нести лодку, а может ее и опрокинуть!» – дегенін ылғи да кім болмасын естен шығармағандары жөн. Ниетің ақ, жүрегің таза болсын!
–Сіз кешегі Кеңес Одағының тұсында жақсы да жауапты қызметте жүрдіңіз. Соған және сол кездегі коммунистік партия саясатына қарамай қазақтың шынайы болған тарихын айтып жүрдіңіз. Мұның себебі неде?
–Ол заманда біздерді үнемі кемсітумен болды. Бұлардың қылықтарына жүрегім айнып, институт бітірген соң, жұрт ентелей партия қатарына өтіп жатқанда, жеті жылдай жоламай жүрдім.
Намыс деген жібере ме, дереккөздер (первоисточник) жинап, коммунистердің, біздің халық туралы айтқандарының жала екендіктерін беттеріне айтып, кеуделерін басумен болдым. Бұл халықты дәлелді ашық түрде маңдайынан соғып, айтып отырсаң тайғақтайтынын аңғардым. Менің досым Л.Д.Комышник (академик): «Касым Аппасович! Что ты говоришь, нас же ведь учили, что история Казахстана и казахов началась с 1917 года?» – деп күлдіретін. Сыртымнан «вольнодумец» деп жамандап, облыстық партия комитетінің бюросына салғыштап, сағымды сындыруға бар күштерін салып жүрді. Кейін өзім облысқа екінші басшы дәрежесіне көтеріліп келісімен жыл өтпей, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Н.Е.Морозовты, халқымның өкілі ретінде оған қарсы шығып, шовинистік қылықтарын бетіне басып, халқымды қорлап, мысын басып жүргенін айыптап, «Великодержавная держиморда» екенін бетіне басып, жұмысынан кетірттім. Осынау қылықтарым, қанға біткен бөрі тектес халқымның ұлылығында жатса керек. Әрі оған қоса менің рухани байлығым, теңдесі жоқ үйімдегі кітапханам болса керек.
Қара нан мен қара су ішіп, ақ жарқын жүргеніңе ештеңе жетпейді. Көңілің тоқ болады!
– Әңгіме барысында Кеңес Одағы айтылып кетті ғой! Қазір сол кезеңге деген бір аңсарлық (ностальгия) бар сияқты сезіледі. Сіз қалайсыз?!
– Осының бәрі, көбінің өткен өмірді білмей үстірт кетуінен туындап жатыр. Коммунистер партиясының принципі 1960 жылдың ортасына дейін «кто не с нами, тот против нас» деген Макиавеллидің қағидасын Ленин молынан пайдаланып, өзіндік ой-пікірі бар адамдарды қынадай қырып салды. Партияның атынан кім не айтса, сол айтқаны бұлжытпай орындалуға тиісті болды. Партия мен халық біртұтас, демократиялық централизм – деп айналасын басып, жаншып тастады.
Ол дегенің Абай хакім айтып кеткендей «единица жоқ жерде, не болады өңкей нөлге» келіп тіреледі.
В.И. Вернадскийдің 1941 жылғы 2 қарашада жазған күнделігінде: «Крупные неудачи нашей власти – результат ослабления ее культурности: средний уровень коммунистов- и морально, и интеллектуально, нижесреднего уровня беспартийных» – деуі содан. 1960 жылдардың ортасына дейін хат танымайтын, еңбекақысын алып отырып ведомостіне қолдарын қоя білмейтін коммунистерге қарап түңіліп жүрдім. Ондайларға, партия «халық жауларын» түбірімен құрту керек, қалай ойлайсың десе болды, дұрыс «жауларды» атып асып, жер аудару керек деп қолдарын шапалақтай көтерулері түк те емес. Содан барып кейбір деректерді саралап отырсаң 1917 жылдан 1953 жылға дейін, «контрасы», «халық жауы», соғысы, аштығы бар, Кеңес Одағы бойынша 100 миллиондай адам апатқа ұшырағандай. Елді елдің текті серкелері емес, текелері бас көтеріп кетті.
Оның үстіне, осы орайда, Ақселеу Сейдімбектің мына бір тұжырымы шашыңды тік тұрғызады. Әрі қаны сорғалап тұрған шындық. Ақселеу бауырым айтады: «Адамзат баласының тарихында ең үлкен қылмыс ХХ ғасырда Евразия құрылығында жасалды. Ол – бір ұрпақтың көз алдында жүздеген миллион адамды жайлап өткен екі бірдей дүниежүзілік соғыс та емес. Ол – Жапон аралдарына тасталған атом тажалы да емес. Ол – технократтық жабайылығымыз тудырған экологиялық сүргін (катаклизм) де емес. Ол – керек десеңіз, қырық жыл бойы (1949-1989) қазақ даласында, бейбіт халықтың ортасында сынақ үшін жарылған 500-ге тарта атом бомбасы да емес немесе империялық колониялық саясаттың туын көтерген шовинистердің жиырмасыншы-отызыншы жылдары төрт миллион қазақты қырып салған геноциді де емес… ХХ ғасырдың ең үлкен қылмысы – социалистік системаның тоталитарлық өктемдікпен екі жүзден астам ұлтты мидай араластырып жіберуі еді. Нәтижесінде жүзге тарта ұлттар мен ұлыстар жойылып кетті. Яғни, жүзге тарта төлтума мәдениет мәңгілік жоқ болып, жұмыр жердің мәдени-рухани болмысы солғын тартты. Осынау жойқын да жойдасыз қасіреттің орнында мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан төлтума мәдениетін әбден таптап, химералдық күйге жеткен 300 миллион тобыр қалды; басқа ұлтпен некелескен 60 миллион дүбара қалды; 60 мың тірі жетім балалар қалды (тіркеуге алынғаны ғана); абақтының тұрақты тұрғындарының саны 20 миллионға жетті. Социалистік система адамзат тарихы үшін бір ғана пайдалы қырынан танылды. Бұл орайда, адам баласының қандай системада өмір сүруге болмайтынына көзін жеткізіп кеткенін айтуға болады.
Міне, осы мысалдардың ішінде 60 миллион адамның әр түрлі ұлт өкілдерімен некелесуі қандай аласапыран жағдайда да этноинтеграциялық процестің тоқтамайтынын көрсетті.
Тек, бұл жерде тоталитарлы социалистік система мұндай процесті бір ғана орыс ұлтының пайдасына шешіп, мәдени-рухани ассимиляцияны мемлекеттің саяси-идеологиялық негізіне айналдырғанын да айта кету керек. Соның салдарынан саны аз, әлеуметтік-экономикалық қарымы әлсіз ұлттар зардап шегіп, өзінен әлдеқайда қуатты өктем ұлтқа жұтылды. Яғни, ешуақытта тоқтамайтын этнобиологиялық тұтастану процесі тек қана орыстық үлгіні тудырып, орыс болып жазылатын тобырдың санын көбейтті» –дейді ғалым Ақселеу бауырым.
Тәңірім, ол өткен өмірізде тәнімізді ғана сақтап, күн көрген шағымызды ешкімнің басына бермесін!
–Қазір баршамыз Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында тұрмыз. Тәуелсіздік дегеніміз не? Осы тәуелсіздік өз ойыңыздағыдай болды ма?
– Кеңестер Одағы тоз-тозы шығып ыдырап жатқанда, біздер тәуелсіздігімізді, әлі де не болып қалады дегендей жалтақтықпен, жұрттың соңы болып, 1991 жылы 16 желтоқсанда ғана әрең деп қабылдадық. Оған да шүкіршілік! Тәуелсіздік деген – басқа елге тәуелді, бағынышты емес, еркіндік бостандығымыз өз қолымызда, емін-еркін тілін, ділін, құқығын, өз еңбегің өзіңе бұйыратын экономикасымен, тұрмыс-тіршілігін өзінің қалауынша дамыта алатын ел деген сөз.
Дегенмен, егеменді ел болғанымызға отыз жылдың маңайы болса да көңілің жүдеп құлазиды. Келмеске кеткір Кеңес заманынан да жаман, көбеміз сөгіліп, азып бара жатқандаймыз. Бас пайдасынан аспайтындар, көйлегіңнің ішіне кіріп алып, қаныңды сорып жатқан паразиттерден айнымайды. Содан барып әркім өз денесін қасумен болып, ортақ ортаға бірігіп, бар келеңсіз дүниелермен күресетіндей түрі жоқ. Ол жөнінде, іштей күңіріне отырып, өзіңнің газетіңе екі-үш мақала да бердім. Күйзелемін, осынау қыруар жасқа келгенде бақытсыз қоғамда өмір сүріп, домбырам не дейді, мен не дейміннің кебін киіп жатқандаймын, несін сұрайсың?
–Бар саналы ғұмырым Көкшетауда өтіп келе жатқаннан соң Сіздің кезінде Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болғандығыңызды ескеріп, сұрап алып, анық-қанығына жетсек деген біраз сауалымыз бар. Ең әуелі Көкшетаудағы бірінші хатшылық қызметіңізді «Кокчетавты»

– Көкшетау етіп, атап-жазуға күш салдыңыз. Солай еттіңіз де! Алайда осыған орай өзіңіздің «Алты асқардың төрінде» кітабыңызда Еркін Әуелбековтың «Тәукеновтың «Кокчетавы» – Көкшетау қылып атандыруы дұрыс емес деуіңізге жөн болсын? Киелі Көкшетау атын соншама тәрк етіп, еліңізді қорлайтындай, сізге не болды? Осы бір арам пиғылыңызбен елімнің азаматы ретінде жер басып жүргеніңізге таңмын» деп (279-бет) жазыпсыз. Бұл сөз Әуелбековтың тікелей өзіне-өзі отырған жиында айтылса керек. Неге осыншалықты қатты кеттіңіз деп ойлаймыз да. Бұған не себеп болды?
Әңгіме Әуелбековке қарай ойысқан екен, тағы бір сауал. Еркін Нұржанұлының Сіздің орныңызға Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болғысы келгені қаншалықты ақиқат? Сол Әуелбековпен араларыңыздағы келіспеушілік осы бірінші хатшылық мансап үшін болған жоқ па? Әлде жұрт біле бермейтін өзге де себептері бар ма?
–Әуел бастан, денсаулығыма байланысты Орталық комитеттің жұмсаған жерлеріне бармай жүретінмін. Олар ең алғаш Қарағандыға бар деді, бас тарттым. Н.Ә. Назарбаев бармасаң мына жұмысыңнан қуамын деді. Ол кісіге, қуана қазір тастап кетуге дайын екендігімді, маған мансап, атақ дәреженің қажеті жоқтығын жеткіздім. Бірер уақыт өткенде, Шымкент облысына, одан кейін Жоғары кеңеске ұсынды. Екеуінде де оңтүстіктің табиғаты жақпайтындығын, әрі ұлтабар жарасынан жазыла алмай жүргендігімді алға тартып, рахметімді айтып, бас тарттым. Қыр соңыма түсіп алып, ақыры сенің облысыңның табиғатымен бірдей Көкшетауға барасың деп сөзге келмей, өздеріне шақырмай, тіке Мәскеуге айдады да жіберді. Көкшетауға келген соң іштегі жарам тіпті асқынып кетті. Дәрігерлер күнара шланга жұтқызып ұлтабарымдағы жараны желімдейді, онысы екі-ақ күнге жетеді. Қатты қинала бастадым. Содан ЦК КПСС-тың «Борвихасына» барып көрініп, емделдім. Ем қона қоймады. Сондағы дәрігерлердің айтқаны іштегі жарамен он үш жылдан бері ауыратыныңыз, атқарып жүрген қызметіңізге тіке байланысты. Әйтпесе, мұндай ауру бізге түк емес болушы еді. Түбі бұл қызметіңізді тастамасыңыз, әрі қарай қатерлі болмақ! Сіз тым сезімталсыз деді.
… Көкшетауда бір жыл жетер-жетпес уақыт қызмет атқарып жүріп 1990 жылы сәуірдің 14 күні Н.Ә.Назарбаевтың атына, атқарып жүрген қызметімнен босату жөнінде арыз беріп, дәрігерлердің берген анықтамасын көрсеттім. Ол кісі, әлі де болса жарты жылдай істей тұрсайшы дегеніне де көнбедім.
Сонымен, мамыр айының басында Көкшетаудың облпарткомының ұйымдастыру пленумын ашып, Н.Ә. Назарбаев менің орныма Балташ Тұрсынбаевты ұсынбақшы болып ұшып келді. Әуежайда оларды қарсы алып тұрғанда, облыстық қауіпсіздік комитетінің бастығы М.Рахманқұлов, Мәскеуден Е.Н.Әуелбековтың елге жасырын келіп, өзін бірінші хатшылыққа сайлату үшін арнайы штаб құрып, пленум мүшелерімен кездесіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатқандығы жөнінде хабарлады.
«Қайта құру» (перестройка) – деп ел шаруашылығында не болып жатқанынан мақұрым, бос сөзге құмар, комсомолдан өскендігін білдіріп, М.С.Горбачевтың елді сергелдеңге салып жатқан кезі. Шаруашылықты шын түзейтін ниетте болса, А.Н.Косыгин мен Либерманның қалай реформа жасау керек деген идеясын пайдаланбай ма? Не болмаса Дэн Сяопиннің мысықтың – ақ, ала, қызыл түсті болғанында не тұр, тышқан ұстаса болмай ма? – деген тезисін де ескермей, өзінше бөлек сара жол тапқандай санданбайлықта, өзіне-өзі риза болып тамсанып жүрген шағы болатын. Онысын бетпе-бет кездесіп, сөйлескенде аңғардым. Дегенмен, партияның ішкі тәртібі онша өзгере қоймаған шақ. Тәртіп бойынша үлкен лауазымды қызметке тағайындалу үшін Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы Н.Ә.Назарбаевтың келісімімен, М.С.Горбачевтың қолдауы қажет-ті. Олай болмай шыққан соң, Н.Ә.Назарбаев маған «сен қызметіңді атқара тұр, мен М.С.Горбачевпен ақылдасайын» деп, келген ұшағына қайта мініп Алматыға ұшып кете барды. Алматыға барысымен, аз уақыттың ішінде, Целиноград облпарткомында қызмет атқарып жүрген көкшетаулық Чапай Әбутәліповты Көкшенің бірінші хатшылығына ұсынбақшы болып, оны Е.Н.Әуелбековке қарсы қойып, Көкше елінде үгіт-насихат шараларын жүргіздіртті. Екі жақ, «Болды да партия, ел іші жарылды»,– деп Абай хакім айтқандай, қызу жұмыстар атқарысып жатты. Өкініштісі, Ерекең маған кіріп шығып ақылдаспады, өзім білемге салынған болар. Ал, Чапай болса, еліне келе сала, маған кіріп, «еліңе қайт», – деген сөздер айтты. Әйтеуір кететін болған соң, екеуінің аласапыран жұмыстарына араласпадым.
Партия конференциясының ашылуына 2-3 күн қалғанда, конференцияда жасалатын баяндаманы, тәртіп бойынша, пленум ашып, облпартком мүшелеріне оқып беріп, керек жеріне өзгерістер енгізіп, бекітіп алу керек болатын. Пленум ашылысымен, әй-тәй жоқ, пленум мүшелерінің келісімінсіз Е.Н. Әуелбеков ағам президумға келіп отырды. Жатқан жері жайлы болсын, көңілі көтеріңкі жайдары көрінді. Пленум жұмысын жүргізіп отырған маған пысқырып та қарар емес, басын оңды-солды шұлғып, залда отырған әлдебіреулермен амандасып қояды…
Алдағы болатын партия конференциясында жасалатын баяндаманы пленум мүшелерінің қалауы бойынша түгел оқымай, маңызды-маңызды деген жерлеріне тоқталып, кімге қандай сын айтылатынына тоқтап, тезис ретінде жарты сағаттай оқып, айтып беріп: «Кімнің қандай сауалдары, ұсыныстары бар?» – деп залда отырғандарға көз салдым. Сол сәтте, әй-шай жоқ, оң жағымда отырған Еркін ағай, әдептіліктің бәрін сырып тастап, орнынан атып тұрып, мінбеге жетіп барды да, екі қолымен мінбені кере ұстап тұрып, баяндамамды, айтқан сөздерімді түкке тұрғысыз жамандап, мені мінеп, «Тәукеновтың ой-өрісі тар, қара малдың тұяғы мен мүйізінен басқа ештеңеден хабары жоқ, шала сауатты адам» деп жерден алып, жерге салып, ит терісін басыма қаптап, тақпаған кінәсі, жақпаған күйесі қалмады. көз салдым. Сол сәтте, әй-шай жоқ, оң жағымда отырған Еркін ағай, әдептіліктің бәрін сырып тастап, орнынан атып тұрып, мінбеге жетіп барды да, екі қолымен мінбені кере ұстап тұрып, баяндамамды, айтқан сөздерімді түкке тұрғысыз жамандап, мені мінеп, «Тәукеновтың ой-өрісі тар, қара малдың тұяғы мен мүйізінен басқа ештеңеден хабары жоқ, шала сауатты адам» деп жерден алып, жерге салып, ит терісін басыма қаптап, тақпаған кінәсі, жақпаған күйесі қалмады. Осы айтып отырғаным қарғанып қайтейін, имани шындық. – Ереке, қыңыр сөзіңізді тоқтатыңыз, ел-жұрттан ұят болады,– деп құлаққағыс жасағанымды елемей, сөйлей берді. Ереке, ұятқа қаласыз, қойыңыз десем де құлақ аспады. Мені бір жалынып тұр деп түсінгендей, інілік ізет білдіріп тұрғанымды елемеді. «Аузына ақ ит кіріп, көк ит шығып» тоқтамаған соң:– Пленум жұмысының берекесін кетірмеңіз, шырқын бұзбаңыз, бейбастыққа салынбаңыз,– деп дауысымды зілді, қатты шығарып, әрең тоқтаттым… Залдан өзінің бауырлары Болат Әуелбеков, Айдар Мусин, құс өсіру фабрикасының директоры Н. Цой және т.б. тарапынан тұс-тұстан, тездетіп ұйымдастыру мәселесіне көшу керек,– деген ұсыныстар айтыла бастады. Олардың ойы осы жүріп жатқан пленумда Е.Н. Әуелбековты облпарткомның бірінші хатшысы қызметіне сайлап жіберіп, алдағы болатын партия конференциясына жаңадан сайланған бірінші хатшымен бару. Алдында, Н.Ә. Назарбаев: – Осы, Әуелбеков сөйлесе, сендердің ауыздарың неге тарс жабылып, көмейлеріңе құм құйылып қалады?– деп ренжіп, әрі ескертпе айтқан болатын. Енді, міне, ел ағасы, жасы да, лауазымы да үлкен, көсемімізге теліп, ізет көрсетіп жүрген Ерекең ағамыздың түрі мынау. Барша саналы тіршілігімде атқарған іс-қарекеттерімді тәрк етіп, жөнсіз бас асаулығына салынып, мені тірі жан есебіне алмай, бозөкпе санап қорлап, ластап тастаған соң, маған да жан керек, құр қуыс кеуде емес, намысым бар тірі жанмын. Ендігі жерде обал өзіңізге,– деп інілік, ізеттілікті сырып тастап, маған қарата айтқан жосықсыз жалаларына, айыптарына тоқталып, бақайшағына дейін ғылыми дәлелмен саралай отырып теріске шығарып, тізіп, ой жарыстырып асықпай баяу масқарасын шығарып, әрі залда отырған халайыққа түсінетіндей дәрежеде жеткізе айтып бердім. Ерекеңнің, киелі «Көкшетау» атына неге қарсы шығуының себебін, осында отырған орыстардың бетін өзіне бұрып, дауыстарын жинап алу саясаты екендігін де бетіне басып, таяуда оларды осы залға жиып алып түсініскендігімізді айтып, неге жараның аузын жазылмастай тырнай бересіз?– дедім. Сол бір сәтте Ерекеңе бұрылып қарасам, қып-қызыл боп, екі алақанымен бетін басып, басын төмен салбыратып жерге кіріп кете жаздап отыр екен. Жұртта үн жоқ. Шыбынның ызыңы естілетіндей жағдайда, пленумның жұмысы аяқталды. Залда отырған қазақ бауырларым, естерінен ауыса, күңіреніп кеткендей болды. Кей ел азаматтары Ерекеңе тым қатты кетті деп, мені айыптап жүр. Сол азаматтар менің орнымда болса қандай күйде қалай өзін ұстанар еді?Сол пленум жұмысында Ерекең, арқасын кеңге салып, өзін байыпты, салмақты отырып, әдептілік танытқанда, мүмкін бірінші хатшылыққа сайланып та кетер ме еді қайтер еді деген ой да көлденеңдейді. Өкінішке қарай өзінің қылығының кесірінен, бұл мәселе басқа арнаға түсіп кетті. Бостан босқа басқа біреуді кінәлау әбестік болмақ. Оған тағы бір мысал. Философ Артур Шопенгауэрдың: «Өлілерді асыра құрметтеу үшін, тірілерге жалған сөйлеу қылмыс» – дейтін жері бар. Осы ойды әрқашан, кімге болмасын есте сақтау парыз. Мысал. Біршама кейін, Ерекеңнің баламалы түрде Жоғарғы кеңестің депутаттығына кандидат болып сайлауға түскенде, өз елінде жүріп екі пайыздай ғана дауыс жинағаны, сол өткен пленумның әсері болса керек. Бұл жөнінде кімді кінәлауға болар екен?Әңгіме басында айттым, өзіме келсем, ғұмыры мансап, атақ дәрежеге онша құлықты болған жан емеспін. Ол қылығымды бірге қызметтес болған азаматтар біледі. Дұрыс жүріп, дұрыс тұрсаң, еліңе адал қызмет істеп, айналаңа қандай жақсылық іс атқарсам екен деп, басыңды бәйгеге тігіп, жасқанбай жүрсең, атақ дәреже дегендеріңнің өзі, сені іздеп табатындай. Оған шыдай білсең, тар жол, тайғақ кешер, бейнеті көп азап ұзақ жол. Ер мойнында қыл арқан шірімес деген қағида содан шықса керек. Сүрінбейтін тұяқ жоқ, біреуді жақсы не жаман деп жазғыру қатып қалған қағида емес. Олай кесіп айту, әркімнің ой-өрісі, санасына, талғамына, тоқығанына байланысты. Содан барып еркек тоқты құрбандық. Дегенмен, Л.Н. Толстойдың «Отец Сергий» деген әңгімесінде: «Чем меньше имело значение мнение людей, тем для него сильнее чувствовался Бог (справедливость)», – дейтінін есте ұстанған жөн.Кімге болсын жамандық жасасаң, өзіңе он есе, жақсылығың жеті есе боп оралады деген қағида шындыққа жанасатындай. Осы өмірімде сан рет бетпе-бет мерт болатын жерімнен, бір құдіретті тылсым күштің қолтығымнан демеп, мамық төсеп жіберіп жүргенін аңғардым, соған тәубе деймін!…Жоғарыда айтылған оқиғаларға он жылдай өткенде, 2000 жылы 10 наурызда Щучье аудандық «Бурабай» газетінде Болат Әуелбековтың «Жарқын тұлғаға көлеңке түсірмейік» деген мақаласы шықты. Ол мақалада ағасын жақтап, мені даттап біраз жерге апарып тастапты. Кім бауырын жамандыққа қисын?! Бірақ, айтылған сол өткен пленумдағы сөздерімді жоққа шығарғысы келіпті. Амалсыз қолыма қалам алып, өтіріктің жолының қысқа екендігін дәлелдеп, сол газетке 2000 жылы 7 сәуірде «Ақиқат ащы, таза болады» деген айдармен қарсы мақала жазып мысын бастым. Одан кейін жұма сайын шығып тұратын «Курс» газетінде, 2004 жылдың 11 қарашасында В.Терещуктың «Оклеветанная память» деген мақаласы жарыққа шықты. Ерекеңді жақтаған болып, біраз ұлтаралық араздықты қоздырғысы келген. Оған да тиісті жауабын сол газетке беріп, әрі В.Терещукты оңдырмай біраз жерге апарып тастауға мәжбүр болдым (20 ХІІ. 2004ж). Одан кейін Е.М.Золотарев мені айыптап, Ерекең жөнінде жазғандарымды теріске шығарғысы келген соң, 25 жыл Целиноград ауданында қызмет атқарған ауданының газетіне «Честь имею» деген мақала жазып, әрі ол мақаламды кеңейтіп «Поклонись тюркам» деген кітабыма енгізіп, бүкіл шек қарнын қопарып, көзіне жас алғыздым.Мұхаммед С.Ғ.С. пайғамбарымыздың хадисінде: «Өзіңе зиян болса да шындығын айт. Алла алдында шындықтан артық садақа жоқ» – дейтін жері бар. Әр уақытта адал болсам да, үлкен қызметте жүргенде көпшілікке бірдей жағу әрине мүмкін емес.Иса пайғамбар он алапеспен (проказа) ауырған адамдарды емдеп шыққанда, солардың ішінен біреуі ғана ризашылығын білдіріп, құдайы рахметін айтқан көрінеді. Сол себептен маған риза еместерге де ренжімеймін. Себебі, ісім ақ, көңілім кімге болмасын таза, ниетім түзу.

–Көкшетауда өткен сол пленумға сол кездегі Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Нұрсұлтан Назарбаев та қатысты емес пе? Орталықтың Көкшетаудағы осы бірінші хатшылық үшін тартысты жағдайға деген көзқарасы қандай болып еді? Әйтеуір Әуелбеков сайланбауы керек деген байлам болды дейді ғой. Шынында да, Әуелбеков Көкшетаудың билігін қайра өз қолына алғысы  келді ме? 

–Бағанадан өзіңіз аңғарған шығарсыз, Ерекеңнің өз елінің билігін өз қолына алғысы келгені де рас, Н.Ә.Назарбаевтың бар мақсаты, қайтсе де оған тізгін бермей, сайлатқысы келмегені, сондай байламға келгені де шындық, рас. Қайталап айтайын, бар кінә ағамыздың өзінен болды. Сол өткен пленумда ол кісі бас асаулығына салынып жөңкімегенде, сайланып та кететіндей мүмкіншілігі болып еді…Кейін конференцияда ағамызды қолдап, дауыс көтерген бірде-бір азамат суырылып шықпады, Ерекең, сол конференцияның аяғына дейін басы салбыраған күйінде отырып қалды.

–Сіздің кезіңізде Еркін Әуелбеков жайлы айтқан және жазған пікірлеріңізге көкшетаулықтар келіспейтіндіктерін де, риза еместігін де білетін шығарсыз? Уақыт өтті, өтіп те жатыр. Әуелбеков жайындағы пікіріңіз өзгерді ме?

–Көкшетаулық ағайындарымның Ерекеңе сөз тигізді деп – маған өкпе-наз, базына айтуларына таңым бар. Байқап отырсыз, менің қандай кінәм бар? Ағам мені адам құрлы көрмей, тепкінің астына алып, езіп жатқанда, мал сияқты мыңқ етпеуім керек пе еді? Онда мен қалай жер басып жүрмекпін?..Ол кісінің келеңсіз қылықтарын, өз құлақтарымен естігендерінің көбінің көзі тірі, маған кінә тағатындар, олардан сұрап, неге анық қанығына жетпейді? Әлі де қайталаймын, мен өтіріктің адамы емеспін. Әуел баста естелік жаза бастағанда, Ерекең жөнінде жаза кету деген ойымда да болған емес. Бірде, бір үлкен аста кездейсоқ бірге болдық. Жатқан жері жарық болсын, маған пысқырып та қараған жоқ. Қолында рюмкасы бар, қасымнан көрмегендей болып өте шықты. Ең болмаса: «Әй, інім-ай, анада бір ағаттық шаруа болды»,– деп жуып, шая салса несі кетер еді? Онда, мен де қуана, ол кісіге ана жолы қатты кеткен жоқпын ба деп, кешірім сұрасып, айқара құшағымды жайып кетуім сөзсіз еді ғой. Өкінішті-ақ, олай болмады, қайтейін, ішім ауырады. Атам қазақтың: «Ағайын өкпеге қиса да, өлімге қимайды» – деген қағидасы бар. Не айтайын, жатқан жері жайлы болып, нұры пейіште шалқысын! Білгенге, түп негізінде менікі елімнің ішінде жүрген соң ағамды қарпып сүю ғана болатын.

 –Ел ішінде «егер Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып Тәукенов қалғанда, Көкшетау облысы қысқартылып, таратылып жіберілмес еді» деген де сөз айтылып қалады. Осыған және Көкшетау облысының тарап кетуіне орай қандай ойдасыз?

–Ол кезде, орыстардың ішімізге кіріп алып, 5-ші колоннаға айналғаны қашан, бас көтеріп бөлінеміз, Россияға қосыламыз деп қопаңдап жатқан кезі. Содан барып, ұлтымыздың саны аз, Шығыс Қазақстан облысына Семей облысын қосып, жеті пайыздың шамасында қазағы бар Солтүстік Қазақстан облысына, Көкшетау облысының біраз аудандарын қосып, біздің ағайындарымыздың санын өсіріп, қалған аудандарын Ақмола облысына беріп, Көкшетау облысының жабылуына әкеліп соқты. Әрине, бұны амалсыз, шарасыздықтан, еліміздің тұтастығын сақтап қалудағы атқарылған шара деп түсінген жөн. Сол қызметке сайлансам да, жоғарыда айттым, денсаулығыма байланысты осынау айтып отырған уақыттарыңа дейін қызмет атқарып жүре алмас едім. Содан барып болжауларыңа ештеңе айта алмаймын, бәрі сол кездегі жағдаятқа байланысты, шешілген мәселе. Ештен, кеш жақсы деген, Көкшетау қаласы қайтадан облыс орталығы болып, тозып бара жатқан жерінен, еңсесін тез көтеріп алғанына қуаныштымын. Елімнің бір құйқалы өңірі.

–Бір әңгіме барысында ақын, марқұм Нұрғожа Оразов ағамыз «Целиноградты Ақмола етіп өзгерту кезіндегі пікір алмасу кезінде ол орысша аударғанда «Белая могила» емес, «ақ мол» деген сөзден шыққан деп амалсыздан сол кездегі басшы Браунды иландыруға тура келіп еді. Есіңде болсыншы, бұл шынында да «Ақ мола» деген сөз қала атауы болып кеткен. Түбінде Ақмола облысының атауын «Көкшетау» деп өзгерту керек. Бәрі бірде облыс орталығы Көкшетауда тұр ғой» дегені бар еді. Осы жайға орай Сіздің пікіріңізді білсек деп едік. Әрине, осы арада ақмолалықтардың қытығына тиюден аулақпыз. Ел дүрлікпесінші, үлкен сөз туып кетпесінші деген ой да бар.

– «Арқада Бурабайға жер жетпейді»,–деп Мағжан тегін жырламаған. Көкшетау – жалпы Көкше өңірі алыстан көгілдір тартып, көк түске бөленіп, әсемдігімен кім-кімді болмасын, баурап тұрады. Бұл өңірге Абылайхан туын тігіп қазақ ордасына айналдыруы да тегін болмаса керек. Әрі, осындай ғажайып, сұлу көркі бар, жұпар иісті қоңыр желі бар байлығы мол жерде, аттары аңызға айналған алаш ақындарының, сал-серілерінің тумауы да мүмкін емес. Әр қазақтың Бурабай, Көкшетау, Ерейментау, Баянауыл, Қарқаралы, Жетісудай жерім, елім бар деп, мақтана кеуде қағуы өте орынды, атына заты сай – топонимдер. Ал, «Ақмола», «Ұлытау» деген атаулар топонимнен гөрі этнонимге жақындау. Тамыры көне, тереңде жатқан айбынды жасағанның құдыретті күшін сезінесің. Сан мың жылдар Тәңіріммен Аруақтың бірге қосылып үйлесімді ұштасуын аңғарасың.Айта кеткен жөн. Бүкіл дүниежүзі діндерінің шыққан қайнар көзі Алла тағаланың 99 атының бірі Тәңірге тіреледі. Мысалға – Византияның императоры Константин Тәңір мен Иса пайғамбарды бірге қосып Никей қаласында 325 жылы Христиан дінін әлемге әкелді. Өзі болса, Тәңірімнің қаһарынан қорқып, өмір бойы шоқынбай, өлер алдында ғана (на смертном одре) 337 жылы Никомедийде шоқынғанға саяды (Ф.Шлоссер, 1868 ж.). Сәл өзгеріспен кеуделеріне тағып жүргендері сол Тәңірдің кресі. Мұрад Аджидың айтуынша, Мұхаммед С.Ғ.С. пайғамбарымыз, алғаш Мединеде намаз оқығанда, Тәңірімнің шыққан жері, біздің елге Қазақстанға қарап оқығанға саяды. Кейін намазын Меккеге қарап оқыды дейді ол. Осынау ойды, Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінен де аңғаруға болады. Бұл дегенің, біздің халықтың тамыры тым тереңде, әріде жатқандығын білдірсе керек, әрі мұсылмандар аруақты осы күнге дейін онша қастерлемейді, ол ұғым тек Тәңіріммен ұштасады. «Ақмола» – басын жарып, көзін шығаратындай орысшаға тіке аударса, «Белая могила» деген атау емес. Біздің, ел басқарып жүрген ағаларымыздың шорқақ шалағайлығынан, әумесер Н.С.Хрущевтың алдында міңгірлеп, ел тағдырынан мансабын артық көргендіктері де бар шығар, қарсылық білдіре алмай, 1961 жылдың 20-шы наурызында «Ақмола»-«Целиноград» атанып шыға келді. Кейін, Құдайға шүкір, киелі «Ақмола» атауы қалпына келді. Жастардың есіне сала кеткен жөн. Төрт-бес мың жылдық тарихта, тіпті одан да әріде, халқымның сан түрлі діндерді ұстанса да Тәңірін, аруақтарын сыйлаудан бір ауытқымаған, қазір мұсылман дінін қабыл алып жүрсек те, таным-сенімімізден, ділімізден, екі дүниенің сабақтастығынан айрылмадық, айнымадық. Біздің ұлттық мәдениетіміздің өзінде тәңірлік рух басым болғандықтан мұсылмандық дін біздің бірлігімізді одан әрі нығайта түсті. Содан барып қасиетіңнен айналайын, киелі халқымыздың бүгінге жетуі сонау мұсылман дініне дейінгі, өзінің ата-бабаларының бейітін көзінің қарашығындай сақтап, пір тұтуында. Ал, өлгенін сыйламай аяқасты еткен, сөйтіп өмірде қадір-қасиетінен айрылған қаншама халық тарих сахнасынан жойылып кетті десеңізші. Русоцентристер (орыс шовинистері) біздерді езіп, қаншама жапа шеккізгендерімен, ата-баба рухы аруақтар қолдаған біздер әлі тіріміз. Қаһарман, дарынды, өнерпаз халық екендігімізді бүкіл әлемге, мына егемендік алған заманда танытуға мүмкіндік бар. Қаласынан моласы көп болған қазақ халқының көне тарихының киелі қанымен суарылып, сүйегімен өңделген топырағында, әрбір қазақтың көкірегінде, қанында, жанында. Көшкіншілер қатарында жүріп, қаншама қыруар жерін ерлікпен қорғай білген (Геродот, Қ.Жұбанов) халық нағыз ер халық. Өткен-кеткеніміздің бәрі, үнсіз жатқан зират, қабірлерімізге байланысты. Халқының болмысына шекесінен қарайтын шілтеңбайлар мұны білуге тиісті. Ата-баба дәстүрінен өнеге алып, бүгінге жеткен, киелі жері мен аруағы үшін өлімнен де қорықпайтын ұлы ұрпақ тәрбиелеген қазақ, қай заманда болмасын жауына қасқайып тұрып, оларды ықтыра білген. Ұлы автохтонды киелі даласын сақтай білген. Содан барып зират, мола осынау шексіз-шетсіз даламызда еліміздің сақшысы, қорғаны, ұранына ұласып, ұрпақ жалғасына айналып, біздің бүгінгі заманға жетіп отыр. Бұл дегенің қазақ халқы тегін білмейтін тексіз халық емес екендігінің ғаламат айғағы болса керек. Осынау ұлы қасиетімізге дүние жүзінің ғалымдары іштей болса да мойындауына мәжбүр болып келеді. Жарқ етіп жарыққа шығатын күн де тақар! Тарихтың атасы атанған Геродотқа (б.д.д. 485-425), Ф.А.Брокгауз бен И.А.Ефронның, 1893 жылы шығарған энциклопедиясының VІІІА томында, оған: … ему была присуща… любознательность, вместе с добросовестностью, сделала из него весьма достоверного для своего времени наблюдателя нравов, памятников… деген жоғары баға берді. Сол Геродот екі жарым мың жыл бұрын өзінің еңбегінде, біздің ата-бабаларымыздың бейітті қандай қасиет тұтатындығы жөнінде егжей-тегжей жазады… Онда, Парсының атақты патшасы Дарий көп әскермен бізді жаулап алмақ болып, еліміздің етегіне кіргенде, ата-бабаларымыз партизан тәсіліне көшіп қақтығыс жасай бастайды. (Айта кету парыз, бұл тәсілді біршама кейін 1812, 1941-1945 жж. орыстар жақсы пайдаланды). Сонда Дарий патша: «Әй, ақымақтар! Бізбен адам сияқты соғыспайсыңдар ма? Не берілмейсіңдер ме? – дейді. Содан біраз уақыт өткенде, біздің елдің елшісі оған келіп, өз сөзін өзіне қайтара: «Әй ақымақтар! Егер шын соғыс сендерге керек болса, біздің кім екендігімізді білгілерің келсе, ата-бабаларымыздың молаларына тиісіп көріңдер, – деп бір тышқан, бір құс, бір көлбақа, үш садақтың жебесін тастап кетеді. Дарий патша қуанып жақын жердегі тұрған молаларды қопартып сүйектерін сыртқа шығартып тастайды. Сонда патшаның ақылгөй ақсақалы: «Патшам! Мыналардың сес көрсетуіне қарағанда, осал жау емес. Көрмеймісің мына әкеліп тастап кеткен заттарын? Менің ойымша, мына қылықтарында, егер құс болып ұшып, тышқан болып жер астына кіріп, көлбақа боп су түбінде жасырынбасаңдар мына үш жебеден өлесіңдер, – деп тұрғандай-ау, байқа дейді.Айтса айтқандай, ертеңінде таңертең іргесінде самсап тұрған атты әскерді көреді. Дарий патша, соғысатын болдық деп қуанып, шатырына кіріп тез ауқаттанып алғысы келеді. Бір уақытта қарсы жақтан айғай-шу естіледі. Білші, ана мақұлықтар неге шулайды? – деп көмекшісін сыртқа шығарады. Ол келіп: –Аналар қоян қуып жүр – дейді. Сонда Дарий патша сасып, ана ақсақалдың айтқаны шындыққа саяды-ау, шамасы. Қазір ғой біздер соғысамыз, аналардан да көп шығын болып қырылады. Өздері сонда тіпті өлімді ойламай, қоян қуып жүр. Қой, бұлармен соғысамын деп жүріп опат болармын деген ойға келіп, сол күні соғыс ашпай, түнде әр жерге от жағып, ауыр жүктерін, жаралыларын тастап, елім қайдасың,–деп түнделетіп жүріп қашатыны бар…Ыңғайсыз болса да, айта кетейін, реті келіп тұрғандай. 1985 жылы, ол кездегі Целиноград облысының атқару комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалғанда, 1960 жылы жабылған қаланың іргесіндегі орыс зираты қопарылып, тегістеліп, көп қабатты үйлер салына бастап, кезек қаланың ортасындағы, ғасырлар бойғы тарихы бар мұсылман зиратына келгенде, ол қорымда неше түрлі жұқпалы аурулармен жатқан аруақтар бар, зардабы тиеді, – деп қалың орыстың аузын жауып, бұздыртпай, әрі тәуір қоршаттырып едім. Енді мына егеменді ел болдық деп жүргенде, ол қорымның үстіне басшыларымыз саябақ, жол саламыз деп төрт-бес жылдай зіркілдеп, елді дүрліктіріп қоймаған соң, республика басшыларының әрқайсысының атына, мүфтиятқа да зілді, сұс көрсетіп хат жолдап, әрі халықтың атынан қыр көрсеткен соң, беттері қайтып, сол кездегі мемлекет хатшысы Иманғали Тасмағамбетов, қала әкімі Темірхан Досмұханбетов, мүфтиіміз Әпсаттар бар, бәрімізді жинап, қорымға тиіспейтіндіктерін жеткізді. Шүкіршілік, ақыры мемлекет қамқорына алынды. Аруақтардың ризашылығынан болар, сол кездері өн бойымнан қуат, жылылық аңғардым. Осы орайда ақын Мамытбек Қалдыбаевтың мына бір жыр жолдары ойға оралады:–

Армысың, ескі қорғандар,

Армысың ескі армандар.

Ата-баба жұртына,

Қарауыл боп қалғандар.
Құламай қалай тұрсыңдар,

Бәрің құпия сырсыңдар.

Ояу жүріп мен егер,

Ұмытып кетсем ұрсыңдар.
Осынша төзім берді кім?

Ойға енем аяп желді күн.

Оқимын үнсіз сендерден,

Ата-баба ерлігін.
Тұрғанда сендер қалқиып,

Аласа маған бар биік,

Қуып тастап келемін,

Жапалақ қонса жарбиып.

«Өзіңді-өзің сыйласаң, жат бойынан түңілер» – деген ғой, баршамызға ортақ аруақтарымызды сыйлап, қастерлейік, әр саққа жүгіртпейік. Ақмола атауының шығуына байланысты айтылатын әңгімелердің енді бірі – бұл жердің, Сарыарқаның бел ортасында орын тепкен киелі, аруақты жер екендігінде дау жоқ, әрі мал басы тез өсетінін, содан барып ағының мол болатындығына саятындай. Осынау ойды, егін аралауға келген Димаш Ахметұлы Қонаевтың да аузынан естігенім бар еді. Қорыта тағы бір айтарым: Италияның мемлекет қайраткері ДЖ.Мадзини (1805-1872): «Я не верую ни в какую из существующих религий, вместе с тем быть глубоко религиозным человеком. Перед каждой могилой старался становится лучше. Я был верен тем, которые уходили и поэтому все более и более печалился, когда они оставляли меня один за другим. Но я был твердо уверен, что моя любовь не есть только ощущение, но высокое, святое дело, что она есть почка цветка, обещание и обязательство того, что он расцветет где-то в другом месте, точно так же, как каждый цветок, имея корни в земле, распускается наверх», – деп сырын ашқан екен. (Л.Н. Толстой, Т.18 изд. Сытина, Москва, 1913 г.).

–Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылдың 1 қыркүйегіндегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында Ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру мәселесіне айрықша тоқталды. Осыған орай Президент «қазақ қоғамында жаңа қағидаттар және жаңа бағдарлар салтанат құруға тиіс» деді. Көпті көрген жан ретінде ол қандай қағидаттар мен жаңа бағдарлар болуы керек деп ойлайсыз?

–Егемендік алғалы 30 жылдың ішінде президентіміздің жылдағы жолдауларынан кенде емеспіз. Сол, әр жылдағы жолдаулардың жылда ең болмағанда он пайыздайы орындалып отырса, жағдайымыз біраз түзеліп жөнге келіп те қаларымыз сөзсіз болар еді. Кейде сол жылдарға қарап отырып, ол жолдауларды кім орындауға тиісті? Кім басқарады? Кім жауапты? Кім ай сайын есеп беріп жатыр? Халықтың ахуалы, жай-күйі түзелді ме? Неге басымыз өспейді? «Қайыршысы жоқ ел бақытты», – деп Әл-Фараби айтып еді, неге елімізде қайыршылар көп? Олардың соңына түсіп қумай, неге мәселесін шешпейміз? Оған кім кінәлі? Тағы басқа толып жатқан шешімі шегеріліп жатқан проблемалар бастан асады. Одан да айқайлатпай, шулатпай, өйтейік деп бүйтейік деп жатырмыздан халыққа не пайда? Осы орайда түрікшілдіктің негізін қалаған Зия Көкалыптың (1876-1924) мына бір айтқаны тілге оралады. Ол: – «Егер түріктерді, түрікшілдік мұраты аясында біріктіріп», үлкен құлдырау қаупінен құтқара білетін ұлы данышпан тумаса, түрікшілдікке байланысты бүкіл іс-әрекет нәтижесіз қалмақшы еді. Құдайға шүкір, бүгін, бүкіл әлем Ғази Мұстафа Кемал-паша есімін қасиеттеп, әр сәтте құрметпен еске алады. Бұрын Түркияда түрік халқының ешқандай маңызды орны жоқ еді. Бүгін бар құқық – түріктікі. Түрік жеріндегі бүкіл билік – түріктерде. Саясатта, мәдениетте, экономикада билік – түріктерде. Осындай мықты да үлкен түрікшілдікті жүзеге асырған адам – Кемал Ататүрік. Ол түрікшілдіктің ең ұлы қайраткері. «Өйткені, қиялдап ойлау мен насихаттап айту – оңай. Ал, ол қиялды жүзеге асыру және табысты нәтижеге жеткізу, әсіресе қиын», – дейді. Ал, біз болсақ, рухымызды асқақтатып, намысымызды оятатын ортақ түйсік, ұлы гармония үйлесім тұтастығын орната алмай келеміз. Ең алдымен экономика, одан кейін басқасы деп экономиканы паравоздың алдына қойып жетіскеніміз де шамалы. Есесіне ұлттық мұратымызды аяқ асты қылып іргелілеу, өркендеу қиял болып барады. Елдің жағдайын, көмекшілерінсіз, жасырын, не ашық аралап, өз көздерімен көретін ортамызда басқарып жүрген ел ағалары бар ма?

–Жалпы қазақ баласының бүгінгі ісі мен мінезіне, харекетіне көңіліңіз тола ма? 

– Бағанадан бері не айтып отырмын. Қазір айналаң өмірді танымайтын, шикі өкпе балалар мен бос сөзге құмар боп өскен кеңес заманындағы комсомол жетекшілері. Көбі құлқынынан басқа ештеңеде шаруасы жоқ, жайын ауыздылар.

 –Ұлттың сапасын арттыру және қазақ қоғамын жат әдеттерден біртіндеп арылту керектігі осы Жолдауда тегін айтылмаса керек-ті. Бұл мақсатқа қалай және қайтсек жетер едік? 

– Жоғарыдан төмен қарай ел басқару жүйесін түгелдей реформалап, елдігімізді ту қылып ұстайтын, ұлттық идеологиямыздың ашық анық болуы шарт, әйтпесе, түріміз бар, сапамыз жоқ болып барады. Оған бірден-бір себеп, 650 жыл бұрын социологияның негізін қалаған Ибн Халдунның: «Халифтардың есік алдына кісі қойып, қарапайым адамдардан, шын жанашырларынан өзін алыс ұстауы, мемлекеттің іргетасын шайқалтып, өзін-өзі құртуға алып келеді» – деуі шындыққа саятындай.

–Болашаққа не аманат артар едіңіз, не айтар едіңіз? 

– Сөзінде пәтуа жоқ, ісінде тиянақ жоқ үлкендер жаңылып, кішілер адасып жатқан осынау заманда, жоғарыда айтқандарымды ой елегінен өткізсе деген тілекпен, келешек ұрпаққа аманатым, қазақ халқының айбыны, намыссүйгіштігі өрбіп, теңдесі жоқ агглюнативті тілін сақтап, әрі дамытып, мемлекетіміздің бір уақыттары қоламта-күл болып өшіп бара жатқан жерінен, ендігі мына егеменді ел болған жерде түлеп, феникстей болуын, қайратты, экономикасы мығым, ешкімге бас имейтін, өзінің көне де бай тарихын дүниежүзіне танытып, Егеменді мемлекетіміздің тұғырының биік тұруын тілеймін. Сонда кез-келген өңірімізде өзімсініп, өз үйіңде жүргендей, «қарға тамырлы қазақ» екендігімізді сезініп теңдесі жоқ бақытқа ие болар едік. Жаратқан ием, соған жеткізсін! Әңгімелескен

Жабал ЕРҒАЛИЕВ.Нұр-Сұлтан қаласы.

Редакциядан: «Арқа ажары» газетінде жарияланып жатқан мақалалар мен ой-пікірлер редакцияның пікірі мен ұстанымын білдірмейді деген ережеге сәйкес «Ақиқатын айтыңызшы!» айдарымен жарияланатын материалдарға қатысты өзге пікірлер мен жауап хаттар қабылданбайтындығын оқырман есіне саламыз.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар