Шоқан және қазақ болмысы

Ұлы ағартушы ғалым Шоқан Уәлихановтың қазақ тарихы мен мәдениеті, қоғамдық құқықтық қатынастар жайлы еңбектері халқымыз үшін зор қазына саналады. Оның өз ұлтының өркениет көшінен қалмауы мақсатында атқарған әрбір ісін ұлықтап, өскелең ұрпаққа жеткізу – баршамыздың міндетіміз деп білемін.

Тарихқа көз жүгіртсек, ежелгі  Вавилондағы «Хаммурапи заңы», ежелгі Римдегі «ХІІ таблицалар заңы», Осман империясындағы «Кануннаме», орта ғасырлардағы Европалық феодалдық мемлекеттерге тән  «Сали шындығы» заңдары болған. Ал, біздің құқықтық жүйеміздің құнды дерегі  әдет-ғұрып құқығы болып табылады. Көшпелі қоғамдағы құқықтық қатынастардың дамуы мемлекеттіліктің қалыптасуымен қатар жүрді.
Осы орайда, Шоқан Уәлиханов «Қазақ шежіресі» деген әйгілі еңбегінде: «Қазақтардың әрбір рубасылары өз ру-тайпасының шежіресін, шыққан тегін, елдің әдет-ғұрып заңдарын, ескі жарлықтарын, халықтың басынан өткен тарихи
жайларды көп жасаған ақсақалдардан ыждаһатпен үйреніп, өзінің шешендік өнерін шыңдауда көптеген аңыз-әңгімелерді, мақал-мәтелдерді, маңызды оқиғаларға қатысты ұлағатты асыл сөздерді ұзақ уақыт

жаттайды. Сондай дайындығы бар билердің аузынан шыққан сөздерді халық ұйып тыңдайды, ол нақыл сөздердің мәні өмірдің бар саласын қамтитындай өсиет-өнеге, тәлім-тәрбиелік мазмұнда болып келеді», – деп жазды.
Ал, «Сот реформасы жөніндегі жазбаларында» ол қазақ халқы үшін әлеуметтік-экономикалық жаңашылдықтар енгізу аса маңызды деп есептеді. Сондай-ақ, Ресей патшалығының қазақтардың би соты жүйесін жою мақсатында жүргізген саясатына да қарсы пікір білдірген. Қазақтарда құрметті би атағы халық тарапынан қандай да сайлау жолымен немесе өкіметтің бекітуімен емес, тек сот рәсімін терең білетін, оған қоса, шешендік өнерін меңгерген адамдарға ғана берілетінін, Еуропадағы ақындар, ғалымдар, адвокаттар сияқты билердің де маңызы жеке беделге негізделетінін айтқан.
ХVІІІ ғасырдан бастап Қазақстан жері Ресей отарына айналып, осыған орай, жергілікті халықтың қазақы дәстүрі мен заң-жоралғылары ескерілместен, отарлаушы елдің заң ережелері енгізіле бастағаны тарихтан белгілі. 1865 жылы үкімет Қазақ даласын басқару туралы «Ереженің жобасын даярлау үшін Далалық комиссия құрды. Оның құрамына Ішкі істер министрлігі мен жергілікті генерал-губернаторлардың өкілдері кірді. Ресей Қазақстанды басқарудың бұрынғы жүйесін түбірімен қайта құру міндетін алға қойды. Реформаны даярлау кезінде қалың бұқараның пікірі назарға алынбағандығын анық байқаған Шоқан халықтың өзін-өзі басқаруына негізделген әкімшілік жүйесін енгізуді ұсынды. Халықты орыс отаршыларына қарсы бастап шыққан халық батырлары, барымта жайлы да Шоқан Уәлиханов бірталай жазбаларын қалдырып үлгерді. Ол еңбектерде қазақта барымтаға кейде заң жүзінде рұқсат етілгені анық жазылған.  1862 жылы Атбасар дуаны бойынша аға сұлтандыққа сайлауға түскен Шоқан Уәлихановты найманның Бағаналы руының болысы Ерден Сандыбаевтың жеңіп шыққаны туралы ел арасында кең тараған мағлұматтың жалған екенін көпшілік біле бермейді. Шындығында, Шоқан сайлауда басым дауыспен жеңіп тұрса да, денсаулығына байланысты  аға сұлтандықтан бас тартады да, осы себеппен Ерден аға сұлтан болып тағайындалады. Омбыдағы мемлекеттік архивтен табылған құжаттар соның айқын дәлелі бола алады.
Шоқан Уәлиханов қазақ ауыз әдебиетінің құндылығы туралы «Түркі әлемінің өздеріне тән әдет-ғұрпы, ойын-тойы, тарихи жырлары, әр заманда өмір сүрген ақындардың өлеңдері, құқықтық кодекстері  – жазба билік жолымен сақталып қалған халық қазынасы»,  десе, Ресей патшасының әкімшілік және сот реформаларын қатты сынға алған «Сот реформасы жайында хат» атты еңбегінде Ресей империясының құрамына еніп отырған барлық бұратана халықтардың ішінде халқының саны, байлығы жағынан да қазақтардың бірінші орын алатынын, алдағы дамып, өркендеу де біздің ұлтымызға тиесілі  екенін  көрегендікпен айтып кеткен.                                             

Дәулетияр  МАШРАПОВ,
Жарқайың аудандық сотының судьясы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар