Жүрегі шәкірт деп…

Шоқ жұлдыздай шағын ғана Қараөзек орта мектебінде жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып жүрген ұлағатты ұстаздар көптеп саналады. Солардың бірі – отыз жылдан артық еңбек өтілі бар, жоғары санатты ұстаз Рашат Чарияздан.

Ұстаз аталған мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Әрқашан жылт еткен жаңалыққа назар аударып, өз бойындағы білімі мен білігін жетілдіріп жүретін мұғалімнің әр сабағы қызықты, берер тағылымы мол. «Ұстазы талантты болса, шәкірті талапты болады» дегендей, одан тәлім алған шәкірттердің көпшілігі бүгінде бір-бір мамандықтың иесі атанса, мектеп қабырғасында жүріп те болашағынан зор үміт күттіретін оқушылары да аз емес.  
Мәселен, Абылай Наурызхан аудандық Абай оқулары байқауының «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» номинациясы бойынша бірнеше жыл қатарынан жүлделі орындарды иеленді. Оның үстіне көркем сөздің құдіретін танып-білетін, талапкер жас ақындардың «Шуақты Наурыз» атты аудандық байқауында да жақсы қырынан танылды. «Жарқын болашақ» олимпиадасының «Жазушылар» бағытында, пән олимпиадасында терең білімін көрсетіп, облыстық сайыстарға қатысты. Күнсұлу Серікбол есімді тағы бір шәкірті аудандық Махамбет оқулары байқауының, «Жарқын болашақ» олимпиадасының жеңімпазы атанды. Сондай-ақ, Айдын Съезбек облыстық «Жас дарын» байқауында I орынды иеленіп, өзін дайындаған ұстазының, мектебіміздің мерейін өсірді.
«Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімдігі де жойылады» деп ұлылардың айтып кеткеніндей әріптесіміз әрдайым ізденіс үстінде жүреді. Бір жерде сайыс, олимпиадалар  ұйымдастырыла қалса, соған оқушыларды қатыстыруға асығады. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай диплом, аудандық кәсіподақ ұйымынан, аудан әкімі мен аудандық білім бөлімі тарапынан марапаттауға ие болып жатса, тынымсыз еңбегінің жемісі.   
Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан екені белгілі. Күн сайын оқушыны сапалы білім және саналы тәрбиемен сусындатып, «ұстаз» деген ұлы сөзді өз биігінде ұстай білген әріптесіміз Рашаттың еңбегі әрдайым еленіп келеді. Ел ішінде дәл осындай ізгі ниетті адамдар көп болса, қоғамдағы жарқын көрініс, жасампаз іс аз болмас еді.  

Меруерт РАХЫМОВА,
Қараөзек орта мектебінің мұғалімі.  
   Бұланды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар