Мәңгілік ел – болашағы бір тұтас ел

Кеше Астанадағы «Қазақстан» концерт залында «Мәңгілік ел – болашағы біртұтас ел» патриоттар форумы болып өтті. Форум жұмысына Астана, Алматы қалалары мен барлық облыстардан делегаттар, соның ішінде Парламент депутаттары, мәдениет қайраткерлері, азаматтық сектор, этно-мәдени орталықтар, қоғамдық жұртшылық, БАҚ өкілдері және жастар қатысты.

Форумды ашып, жүргізіп отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2014 жылы өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Мәңгілік ел идеясын жария еткенін және оның бүкілхалықтық қолдауға ие болып, бүгінгі таңда көпұлтты тәуелсіз мемлекетіміздің алға сенімді қадам басуының басты кепілі болып отырғандығын атап көрсетті. Ол форумда қазіргі уақытта әзірленіп жатқан «Мәңгілік ел» жобасына нақты ұсыныстар мен пікірлердің ортаға салынатынына сенім білдіре келіп, осынау алқалы жиынның көне Тараз қаласында өтетін Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойының қорытынды шараларымен тұспа-тұс келіп отырғандығын тарихи заңдылыққа балады.
Форумда алғашқы сөз Елбасының осы жиынға қатысушыларға жолдаған құттықтауын оқып беруі үшін  Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаевқа берілді. Өз құттықтауында Мемлекет басшысы бұл форум оған қатысушыларды Мәңгілік ел идеясы төңірегінде тығыз топтастыратындығына сенім білдіре келе, бірлік пен қоғамдық тұрақтылықты нығайту осы идеяның түп темірқазығы екендігін атап көрсеткен. Бүгінгі таңда Мәңгілік ел мұраты әр қазақстандықтың жүрегінен берік орын алып отырғаны ақиқат. Мәңгілік ел – тәуелсіздігіміздің мәңгі болуы, бақытты өмір сүріп, жасампаз істерді еңсерудің барлық мүмкіндігі туғызылған біздің ортақ үйіміз – Қазақстанның жер бетінде мәңгі жасауы. Осы туралы салиқалы ой өрбіткен Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары өз елінің шынайы патриоттарына айналған форум делегаттарының ішінен бір топ адамды бөле-жара атай отырып, өз сөзінде Аршалы ауданы Вячеславка орта мектебінің директоры Татьяна Немцанға да ерекше тоқтала кеткені бүкіл ақмолалықтар үшін үлкен абырой десек артық емес.
Бұдан кейін сөз алған Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов өз сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымының 70-ші мерейтойлық сессиясында қазақ тілін БҰҰ-ның төріне шығарғанын, сөйтіп, ана тіліміз осы алқалы жиында тұңғыш рет әлемнің алты тіліне аударылып, осындай биік деңгейге көтерілгендігін тілге тиек етті. Мұның өзі қазақ болсам, ел болсам деген бабалар арманының нақты жүзеге асуының жарқын бір көрінісі. Осы орайда, белгілі саясаткер, халық қалаулысы елімізде бұдан былай «Мәңгілік ел» бағдарламасының, не болмаса, жеке телеарнасының болуы керектігі жөнінде аталмыш жобаға өзінің нақты ұсынысын білдірді.
Форум делегаттарын ерекше тебіренткен сәт оның жұмысына жуырда ғана аман-есен ғарыштан оралып, тәуелсіз еліміздің абырой-беделін тағы бір жаңа биікке көтерген Айдын Айымбетовтың қатысуы еді.
– Мен қарапайым қазақтың баласы, Елбасының көрсеткен жоғары сенімімен ғарышқа ұшуым арқылы үлкен бақытқа ие болдым. Бүгінде қазақ елі көптеген жетістіктерге жетсе, соның бір көрінісі менің сіздердің он сан мың армандарыңызды арқалап, сонау ту-ту биікке көтерілуім десем артық емес. Әсіресе, жас ұрпақты осы толайым істерімізді еселей түсуге шақырамын, – деген батыр өреніміздің сөзі барлық көкірекке бірден қапысыз жетіп жатты.
Ал, «Үміт» қайырымдылық қорының жетекшісі ретінде жүздеген балаларға екінші өмір сыйлады деуге болатын тағы бір замандасымыз – Аружан Саин форум мінберінен толқып тұрып, «Мәңгілік ел менің ұғымымда адам құндылығы, мейірім шапағатымен астасқан жүрек жылуы. Біздің қор құрылғаннан бері 1300 бала ауыр дертінен жазылды. Біз Қазақстанда балалар үйінің болмауы үшін бар күш-жігерімізді салудамыз. Соның нәтижесінде қордың көмегімен 500 жеткіншек отбасылық тәрбие алу бақытына бөленді. Осы уақыт ішінде Елбасымыз екі рет келіп, біздің жұмысымызбен танысты. Өзінің «Жібек жолы» сыйлығын қорға берді. Соның нәтижесінде 23 бала емделіп, көптеген озық медициналық жабдықтар сатып алынды», – деді.
«Болашақ» бағдарламасының баяндылығы туралы форумда Қуаныш Аманбайұлы баяндады. Ол көп сөйлеген жоқ, бірақ, бүгінгі таңда осы бағдарламамен 11 мыңнан аса жастар білім алса, оның сегіз мыңы елге оралып, қызмет істеп жатқанын жеткізді әрі «болашақтықтар – Мәңгілік ел құрылысшылары» деп тауып айтты.
Форумға бірнеше ұрпақтың, соның ішінде тұтастай жұмысшы әулеттерінің өкілдері де қатысты. Сондай есімі көпке мәлім ардагерлердің бірі, «Еңбек Даңқы» ордені-нің толық иегері Қанат Мұстафин «Менің әкемнің аты Қазақстан, сүйікті Отаным-
ның атауы да Қазақстан, алғаш еңбек жолымды да «Қазақстан» деген шахтада бастап едім. Біз жалпы, еңбек өтілі екі жүз жылды орталаған кеншілер әулетіненбіз» дегенде бүкіл зал құрметпен қол соқты.
Патриоттар форумы – ең алдымен, елін жан-тәнімен сүйген, өз елі үшін отқа да, суға да түсуге бар жалынды жүрек иелерінің форумы. Жеке кәсіпкер Инна Апенко, «Қазавтожол» ҰҚ» акционерлік қоғамы Жамбыл облыстық филиалы басшысының орынбасары Айжан Туғанова, тағы басқалары биік мінбеден осы сөздің мағынасын кеңінен аша түсіп, өмірде өздері таңдап алған мамандықтарына, тілегі бір, жүзі басқа ондаған ұлттар мекен еткен қасиетті қазақ елінде өмір сүріп, еңбек етіп жатқандықтарына сүйіспеншіліктері мен ризашылықтарын айнытпай жеткізді.
– Елбасының Мәңгілік елдің бір тұғыры білім мен ғылым деген көреген сөзі бар. Кеше ғана ұстаздар мерекесін атап өттік. Ендеше, еліміздегі 340 мың мұғалімдер қауымын осы төл мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! – дей келе, Тараз мемлекеттік педагогикалық  университетінің ректоры Дәрия Қожамжарова Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына ойысты. Өз өңірінде бүгін-ертең басталғалы отырған ұлан-асыр тойдың тағылымдық-танымдық тұстарына тоқталып, Мәңгілік ел идеясын өміршең ету үшін бүгінгі басты міндет – зияткерлі ұрпақ тәрбиелеу екендігін баса атап көрсетті.
Кешегі Евролигада сәтті өнер көрсеткен, көрсетіп те жүрген «Қайрат», «Астана» футбол клубтарының ойыншыларын өз елінің патриоттары емес деп кім айтар. Сөз кезегі Бауыржан Исламханға келгенде, Қазақстанның спорттағы жеңісі ел жеңісінің ажырамас бір бөлігі деп ой толғауы қай жағынан алғанда да жарасып тұрды.
Парламент Мәжілісінің депутаты, «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл Ауған соғысының ардагерлері Мәңгілік ел құндылықтарын мәңгі қастер тұтатынын, интернационалист-жауынгерлер батырлық пен ерліктің үлгісі екендігін атап көрсетумен бірге, барша қазақстандықтарды ортақ Отанымыздағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға шақырды.
Бір өзі 18 пән олимпиадасының жеңімпазы мен жүлдегерін тәрбиелеп шығарған павлодарлық химия пәнінің оқытушысы Алмас Ордабаев, үш бала мен олардың анасын өрттен аман алып шыққан, сөйтіп, жиырмадан жаңа асқанда Елбасының қолынан «Халық Қаһарманы» жоғары атағын алған Азамат Жұмаділов, өзінің дарынымен АҚШ-ты таңғалтып, тапқан қаламақысының екі миллион долларын еліміздегі обыр ауруына қарсы күрес қорына аударған бағдарламашы Асхат Мырзабаев та нағыз ел патриоттарына тән істерімен де, сөздерімен де көпке үлгі болары анық.
Көркемсуретті фильмде Ұлт Көшбасшысының рөлін сәтті сомдаған белгілі актер, жерлесіміз Нұрлан Әлімжанов кино өнері ең басты тәрбие құралының бірі екендігін атап өтіп, елімізде кино өндірісінің бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып отырғанын жеткізді. Сонымен бірге, әңгіме санда емес, сапада екенін, олай болса, ендігі міндет Мәңгілік елді ұлықтайтын кино туындылар жасау болып табылатындығын орынды көтерді.
Ал, қазақтың белгілі ақыны Маралтай Ыбыраев Елбасының қазақ тілі Мәңгілік елдің мәңгілік тіліне айналады деген тұжырымын өз сөзінің арқауы етіп, шабытты жырын оқыды. Форумда осының айғағындай Сергей Махов, Сергей Закура сияқты ұлты басқа жігіттердің өздерінің Интернеттегі «Орыстар» жобасы арқылы қазақ тілін насихаттау мен үйретуде үлкен жетістіктерге жетіп жүргені де осы жолы көпшіліктің шынайы ризашылықтарын туғызды.
Форумда Ақмола облысынан да жеке кәсіпкер Елена Мащинская сөз алып, Қазақстанда тұрып, еңбек етіп жатқан өз өмір жолы негізінде осы ел мен жерге деген сүйіспеншілігін нақты мысалмен көз жеткізе баяндап берді.
Форум соңында «Қазақстан
патриоты» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі болып өтті. Байқауға қазақ халқында ерекше қастер тұтылатын жеті санын арқау етіп алған ұйымдастырушылар осынша аталымның «Менің елім» атты алғашқысына үшінші ғарышкеріміз Айдын Айымбетовты лайық деп таныпты. Ал, «Ана жүрегі» аталымына кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Геннадий Головкиннің анасы Елизавета Головкина, «Руханият шыңы» аталымына Ұлы Даланың күміс көмей әншісі Бибігүл Төлегенова ие болса, біздің облыс та бұл жүлдеден құралақан қалмағаны үлкен абырой деуіміз керек. Ол – Жарқайың ауданындағы «Темірлан» ЖШС-ның директоры Ерлан Алиннің ауылдың әлеуметтік мәселелеріне жете көңіл бөлгені үшін «Ерен еңбек» аталымы бойынша жеңімпаз атануы.
Осындай көтеріңкі көңіл-күйде алқалы жиын да аяқталды. Бірақ, оған қатысушылар бірден тарап кетпей, жаңа ғана дуалы ауыздардан шыққан елдік толғаныстардың әсерімен тағы бір ой әлеміне сүңгіп, қазақстандық патриотизмнің жалпыұлттық қағидаларымен еңселене түскендей болды. Бұл ойлардың түп-тамыры түсінікті. Яғни, кім-кімнің де ендігі жерде Мәңгілік елдің қолдаушысы, қорғаушысы болып, өз жерін шексіз сүюі, сол мүдде үшін аянбай қызмет етуі. Осы сөзіміздің сабақтастығындай, форумда Қазақстан халқы Ассамблеясының «Үлкен мемле-
кет – үлкен отбасы» жалпыұлттық жобасы да бүкіл елге бастау алды.
Суретте: ақмолалық кәсіпкер, Қазақстан кулинарлары қауым-дастығының президенті Елена Мащинская форумда сөз сөйлеп тұр.

 

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар