Екі елдің төл перзенті

Биыл жазда Бисен Жұмағалиев өмірден өтті деген қаралы хабар жетті Көкше еліне. Марқұмның соңғы тұрағы туған жері – Жайықтың жағасындағы әсем қала Орал болды. Ұзақ жыл Көкше жерінде обком хатшысы болған Бисекең зейнет жасына шыққасын туған өлкесіне сапар шеккен еді. «Ат айналып қазығын табады» деген даналықтан аттап кете алмаған  болуы керек.

Кіндік қаны тамып, бар саналы ғұмыры өткен Орал жері құшағын жая қарсы алды. Ол соңғы демі таусылғанша облыс әкімінің кеңесшісі, яғни, ақылшысы болды. Абыз да, аңыз қария тоқсан үш жасқа қараған шағында фәниден бақиға озды.
Біз облыстық әкімдіктің арнайы тапсырмасымен марқұмның қырқына арналған дұға асына қатысып қайттық. Делегация жетекшісі мәдениет саласының қайраткері Базарбай Кәкенов. Жайықтағы ағайындар құрақ ұшып қарсы алды. Аяғымызды жерге тигізбей, қонақжайлылық танытты.
Дұға асына да облыстық әкімдіктің лауазымды тұлғалары мен елдің жақсы жайсаңдары қатысып отырды.  Бисекеңнің ширек ғасыр қызмет еткен киелі бір өңірі – Көкшеден барған Базарбай ағамыз өзі қызметтес болған абзал қария жайлы ағынан жарыла әңгіме айтты. Кешегі Еркін Әуелбековтей ұлық тұлға елді басқарып тұрғанда, онымен қоян-қолтық еңбек етіп, Көкшенің абыройын асқақтатып, беделін өсіргенін тілге тиек етті. Әсіресе, әлеуметтік саладағы  өркендеу көріністері осы Бисекеңнің де адал маңдай терінің арқасында бір белеске көтерілген еді.
–Бүгінде халықаралық ареналарда өнер көрсетіп жүрген «Көкшетау» халық би ансамблі де Бисен Жұмағалиев Көкшетау облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы болып тұрған кезінде, оның тікелей мұрындық болуымен шаңырақ көтерген еді, – деді Базарбай Кәкенов ел атынан сөйлеген сөзінде.
Сосын қазақ мәдениетін көтеруге барынша үлес қосқанын ерекше атап өтті. Қаншама жас мамандарға пәтер әперіп, ұлттық өнерді көркейтуді қолға алғанына да жан-жақты тоқталды.
Біз бүгінгі мақалада дұға асында көріп, естігендерімізді емес, қазаққа танылған, Көкшеге есімі етене таныс тұлға жайлы сыр шертуді жөн көрдік. Оның өмір деректеріне де үңілдік.
Бисен Жұмағалиұлы Жұмағалиев 1922 жылдың 22 желтоқсанында Батыс Қазақстан облысы Тайпақ ауданына қарасты Сайқұдық ауылында дүниеге келді. Педагогика училищесін бітіріп, бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек жолын бастады. Бұл ел басына күн туған Ұлы Отан соғысы жылдары еді. Туған жерін қорғаудан жас Бисен де сырт қала алмады. 1942 жылы әскерге алынып, Ленинград майданында мерген болып, жауынгерлік борышын өтеді.
«Біз Ленинградтан жиырма шақырым жердегі Пулков биігін қорғадық. Қала қоршауға алынған еді. Жаудың алдыңғы шебі 300 метр жерде ғана болатын. Еңбектеп, жорғалап жүруге ғана тура келді. Екі ай бойы күнделікті нәр жалғайтынымыз үш жүз грамм қара нан. Аштықтан көз жұмып жатқандар да болды» – дейді майдангер ағамыз артында қалдырған бір естелігінде.
Міне, қазақтың қара домалақ баласы өзінің ержүректігімен көзге түсіп, Құралайды көзге атқан мергендігімен танылады. Бәлкім, Ленинград қоршауында қазақ тілінде газет ашылмағанда, оның даңқы мергендік қасиетімен бұдан асқақтар еді-ау. Басқа ұлттар тілінде газет шығару жөнінде тапсырма түскенде, жоғары басшылық қазақ тілінде де газет шығаруды ұйғарады. Оның астарын алыстан іздеудің қажеті жоқ. Жамбылдың «Ленинградтық өрендерім!» толғау өлеңі  жауынгерлерге рух беріп, саналарына отансүйгіштіктің шырақ сәулесін құйған сәт еді ол.
Жас жауынгер Бисен Жұмағалиевті шақырып алған әскери басшылық одан Жамбылдың өлеңін білетін-білмейтінін сұрайды. Сонда қазақ сарбазы өлең жолдарын жатқа айтады.  Осылай тағдырдың жазуымен әскери тілші атанады.
«Отанды қорғауда» газеті майдандағы қазақ жауынгерлерінің  ерлік өнегесін жазды. Кеңес Одағының Батыры Сұлтан Баймағамбетовтың батырлығын да қазақ жауынгерлері осы газет арқылы оқып, білді. Соғыс аяқталғанша осы газетте мінсіз қызмет еткен Бисен Жұмағалиұлы майданнан елге аман оралды.
Ол соғыстың алғашқы жылдарында аяу-лы әкесінен де айырылған еді.  Ол кісі де елден қолына қару алып майданға аттанған адамдардың бірі болатын. Кетерінде туған елі мен туыс-бауырына өсиет айтып кетіпті дейді. Өзінің майданнан оралмасын сезген сияқты. Қазақтың  қиын-қыстау сәт туғанда құрбандық шалатыны бар ғой. Өзін жанын құрбан етуге бақұл болып, тек бауырлары мен балаларының сұм соғыстан аман оралуын тілеген екен. Өсиет сөзінің соңында ауылдастарынан өзіне қандай бір реніштері болса, кешіріммен қарауын да өтініп сұрайды.
Шынында да, Бисен ағаның әкесі Жұмағали елге оралған жоқ. 1943 жылы майданда опат болды. Ал, елде қалған анасы «Қызыл Ақрап» колхозының төрайымы болып, ел басқарады. Бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесіне қатысып, республикалық съездің делегаты  болады.
Осындай отбасында дүниеге келген Бисен тегін адам болмауы мүмкін емес еді. Майданда да өз өнегесімен танылып, соғыстан кейінгі жылдарда да ел мүддесі жолындағы мінсіз қызметімен көптің алғысын арқалады.
Отыз екі жасында Батыс Қазақстан облысының Фурманов аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалады. Кейін аталған облыстың  және Көкшетау облыстық партия комитетінің хатшысы болып  елеулі еңбек етті. Көкше жерінде осы лауазымды қызметті он бес жыл бойы үзіліссіз атқарған екен. Бертін «Көкшетау қаласының құрметті азаматы» атағы да осы еңбегі үшін берілген еді.
–Бисен Жұмағалиев мықты идеолог басшы болды. Бұл саланың қарышты дамуына ерен үлес қосты. Менің есімде бір қалғаны, кеңес заманы дүрілдеп тұрған  тұста дін тақырыбына алқалы жиын өткізді. Ислам дінін дамыту мәселесін қозғаған сөзі кезінде еліміз бойынша үлгілік бағыт ретінде  кеңінен насихатталды, – дейді Қазақстан Жазушылар одағы Ақмола облыстық филиалының төрағасы, жазушы Төлеген Қажыбай.
Соғыс  және еңбек ардагері Асылбек Дәулетов те өз естелігінде Бисен Жұмағалиұлы жайлы жылы пікір білдіреді. Идеология саласына басшылық жасаған хатшыны қол астындағыларды кінәлап, орынсыз ғайбаттауға жол бермеген ақылды адам  ретінде атайды.
– Өте қарапайым, сабырлы, әрі кішіпейіл жан болатын Бейсеағаң. Біздер Ұлы Отан соғысында да қатарлас майдан шебінде болдық. Ол Ленинградты, мен Карелияны
жаудан азат етуге қатыстық. Менің есімде мына оқиға ұмытылмастай қалыпты. Бір немерем дүниеге келіп, Индияның премьер-министрі Индира Гандидің есімін қойғым келді. Сонда Бейсеағаң ақыл қосып, оның ұлына хат жолдап, рұқсат сұрайық деді. Сөйтіп, екеулеп хат жазып, Индияға жібердік. Араға бірер ай салып, Индира Гандидің ұлы Раджап Гандиден жауап хат келді. Онда ол: «Менің анамның атын өз немереңізге бергеніңізге қуаныштымын. Сіздің де немереңіз менің анам сияқты елдің асқақ тұлғасы болсын» депті.
Бисен Жұмағалиұлы кез-келген адамға ақылшы, қамқоршы еді. Ол билікте болған жылдары қаншама қаракөздеріміз пәтер алып, биік лауазымдарға көтерілді. Елін ойлаған абзал азамат Оралға оралғасын да  көштің алдында жүрді, – дейді соғыс және еңбек ардагері Асылбек Дәулетов.
Бисен ағаның туған жерінде болғанымызда, абзал жанның орыстың атақты ақын-жазушылары Михаил Шолохов және Николай Тихоновпен жақын дос болғанын айтады. Бірде Михаил Шолохов Жайық жағасындағы Орал қаласына келгенде оған қазақ халқының меймандостығы негізінде ақ ботаны сыйға тартады.
Осының алдында Ғабит Мүсірепов бастаған қазақ қаламгерлері Мәскеудегі Михаил Шолоховтың мерейтойына қатысып, сол жолы олар достықтың нышаны іспеттес – ақ бота сыйлайтынын айтқан екен. Кейін орыс жазушысы Оралға келгенде бұл миссияны облыстық партия комитетінің хатшысы Бисен Жұмағалиев орындайды. Осылайша олар өмірлік досқа айналады. Себебі, атақты жазушы соғыс жылдарында  өз отбасымен осы Орал жерінде өмір сүрген еді. Сонда қазақтың қонақжайлығына кеңінен қанық болғаны бар. Ал, өзінің мерейтойына сыйға алған екі көзі мөлтілдеген ақ бота өміріндегі ең қымбат сыйлық болғанын жайып салады.
Міне, бұл өмірден тағы бір аңыз адам өтті.  Марқұмның қырқына арналған дұға асында облыс басшылары да Көкше жұртына деген ыстық ықыластарын білдіріп жатты. Бисен Жұмағалиевтей абзал ағаға ұзақ жыл тұғыр болған бұл киелі өңірде оның өшпес ізі сайрап жатыр. Екі елдің ғана төл перзенті емес, қазақтың асып туған дарабоз ұлы мәңгіге аттанды. Оралдан қайтып бара жатып біз: «жатқан жерің – жұмақта, жолдасың иман болсын» деп тіледік.
Бақыт СМАҒҰЛ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Көкшетау – Орал – Көкшетау.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар