Ювеналды сот – бала құқығын қорғаудың басты арнасы

Жақында Ақмола облыстық сотында балаларға қатысты сот билігін дамытудың  қазақстандық озық үлгісінен тәжірибе алмасу мақсатында Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына қатысушы  елдер судьяларының басқосуы болып өтті.

Атап айтсақ,  Тәжікстан Республикасы Жоғарғы Соты төрағасының орынбасары  Абдулхафиз Ашурзода, Қырғызстан және Ресей Федерациясы Жоғарғы Соттарының судьялары  Гүлбара Қалиева, Александр Кликушин және аталған елдердің соттың төменгі сатылары жүйелерінің судьялары  қатысты. Балалар құқығын қорғау жөніндегі  халықаралық ЮНИСЕФ және PRI ұйымдарының  өкілдері де ювеналды жүйе жөнінде тәжірибе алмасуға  атсалысты.
Алдымен шетелдік меймандарға  Ақмола облыстық жасөспірімдер ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында  өткен сот процесі ұсынылды. Онда Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296 бабы 2 бөлімі бойынша есірткі затын заңсыз сақтау жөнінде іс қаралды. Аудио-бейне жазу құралдары да пайдаланылып, осы заманғы сот жүйесінің тиімді тұстары паш етілді.
Сот процесінен кейін тәжірибе алмасу шарасы жалғасын тапты. Жиналғандар алдында  облыстық жасөспірімдер ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрайымы Айсұлу Жұматова  «Жасөспірімдерді бас еркінен айыру ең соңғы үкім шарасы және оларға ықпал етудің балама  түрлері» деген тақырыпта баяндама жасады.
Онда ол елімізде қолға алынған  бұл бастаманың маңызды қырларына тоқталды. Ювеналды сот жүйесін енгізу ең алдымен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға септігін тигізетінін айтты. Сот процестерінің тәрбиелік  маңызы артатынын атап көрсетті. Себебі, біздің елдің қылмыстық-процессуалдық заңнамасы да  жасөспірімдер мүддесін барынша қорғауға бағытталады.
Ювеналды жүйенің енгізілуі жасөспірімдерді жазалап, бас еркінен айыру көрсеткішінің төмендеуіне ықпал етіп отыр. Атап айтсақ,  2013 жылы сотпен 105 қылмыстық іс қаралып, 32 тұлға сотталған болатын. Оның жетеуіне  ғана нақтылы бас бостандығынан айыру үкімі шығарылды. Ал, өткен жылы төрт жасөспірім ғана темір торға қамалды. Биылғы жылдың  тоғыз айында 46 тұлғаға қатысты  36 қылмыстық іс қаралып,  17-сі сотталып, тек біреуі ғана бас еркінен айрылды.
Сонымен бірге, адвокат Айгүл Құсдәулетова, облыстың ювеналды сотының психологы Әсел Ерғалиева және облыстық ішкі істер департаментінің ювеналды полиция тобының аға инспекторы Азамат Меңдібаев өз салалары бойынша кеңінен әңгіме қозғады. Жасөспірімдердің құқығын қорғаудың сан қырлы сипаттары жайлы айтып берді. Біздің елімізде бұл жүйенің енгізілуі өз жемісін беріп отырғанын атап көрсетті.
Біз ювеналды сот жүйесі жөніндегі басқосуға арнайы келген Қырғызстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы Гүлбара  Қалиеваны әңгімеге тартқан едік. Сонда ол: «Сот билігіндегі жаңа реформалар жөнінде тәжірибе алмасуы  аса маңызды болып табылады. Қазақстан бұл бағытта көбімізден алға кетіп қалғанын көреміз. Ресей, Тәжікстан және Қырғызстанда мұндай ювеналды сот жүйесі жоқ. Сондықтан, бұл тәжірибе алмасу бізге көп нәрсені үйренуге мүмкіндік береді» деді.
Шынында да, сот жүйесіндегі бұл жаңалықтар былай қарағанда сондай маңызды болып байқалмауы да мүмкін. Бірақ, шеттен келген сот жүйесі мамандары да  судьялардың бір арнаға мамандануы бүгінгі күннің маңызды бір жаңалығы екенін айтып жатты. Бала – біздің байлығымыз, ал оның құқығы мен мүддесін қорғау қашанда мерейлі іс болып қала береді.

 

Бақыт СМАҒҰЛ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар