Тағдырмен тайталасып…

Облыс орталығында «Көкшетау арнайы олимпиадасы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Әртүрлі, бірақ тең» акциясы өтті.

«Ани» мейрамханасында өткен шараға облысымыздың барлық қалалары мен аудандарынан тірек-қимыл, ойлау жүйесінде кемістігі бар сексенге жуық мүмкіндігі шектеулі балалар жиналды. Оларға аталған мейрамхана есебінен тегін дастархан жа-йылып, ән мен биден шашу шашылды. Айта кететін бір жайт, концерттік бағдарламаны коррекциялық мектептерде тәлім алатын балғындардың өздері қойды. Олардың өнерлерін тамашалай отырып, балаларды мүмкіндігі шектеулі деп айтуға аузымыз бармайды.
«Көкшетау арнайы олимпиадасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дәурен Шәріпов те өз сөзінде шет елдерде өткізілетін сайыстарда еліміздің намысын қорғап жүрген де осы ұл-қыздарымыз екендігін айтты. Мәселен, үстіміздегі жылы Лос-Анджелес қаласында өткен жазғы спорттық ойындарда біздің облыстың балғындары төрт бірдей медаль алып келген. Демек, олардың да еліміздің әлемдік аренада танылуына қосып жатқан үлестері мол. Сол себепті, қоғамдық ұйым жетекшісі осындай балалармен де жұмыс жасау қажет екендігін айтты. Келер жылы көрікті Бурабай баурайында  мүмкіндігі шектеулі балалар арасында спорт жарыстарын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Осы акциядан жиналған қаржы да соған жұмсалмақ.
Акцияда «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы атынан сөз алған партияның сайлауалды тұғырнамасын іске асыру және бақылау бөлімінің кеңесшісі Дархан Закиров қазіргі таңда елімізде мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін жақсартуға бағытталған партиялық жоба іске асырылып жатқандығын айта келе, жиналған қауымға зор денсаулық, бақытты ғұмыр тіледі.   
Бүгінгі қоғам мүшелері жік-жікке бөлінбей, бір-біріне қамқорлық көрсетіп отыру аса маңызды. Шараға он жасар ұлымен бірге келген Мантай Сәлімгерейқызы да бізбен әңгімесінде осылай деді. Иә, ақыл-есінде, денсаулығында кінәраты бар балаларды тәрбиелеу кез-келген отбасының қолынан келе бермейді. Оған тек шынайы ана махаббатының ғана күші жетеді. Акция барысында көз жеткізген бір жайт, мүгедек балалардың әке-шешелері біз ойлағандай бақытсыз емес. Қоғам олардың балаларын мүгедек ретінде қабылдаса да, олар үшін ұрпағы – өмір гүлі, мәні мен сәні. Лайым солай болғай.

 «Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар