Көбіне әкімшілік шаралар қолданылады

Еліміз құқықтық-демократиялық мемлекет болғаннан кейін азаматтардың мүддесі қашанда биік тұруы қажет. Қоғамның қауіпсіздігін сақтап, сонымен қатар, ел тыныштығын да қорғау біздің негізгі міндетіміз болып табылады.

Қылмыстың себебін анықтағаннан гөрі, оны болдырмаудың жолын іздеу әлдеқайда тиімді. Осы орайда, аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері айтарлықтай жұмыстар атқаруда. Тәртіп сақшылары қылмыстың алдын алу  мақсатында ауыл тұрғындарына  түсіндіру шараларын жүргізіп, әсіресе, басқа біреудің мүлкін рұқсатсыз иемдену, мал ұрлау фактілері көп тіркелген елді мекендерді назарда ұстауда. Жыл басынан бері ұзақ уақыт бойы ашылмай келе жатқан жеті қылмыстық іс, биыл тіркелген 119 заң бұзушылықтың  86-сы ашылып үлгерді. Елдің сорына айналған есірткі бизнесімен күрес қарқынды жүргізілуде. Есірткі мен психотроптық  заттарды заңсыз қолданғаны үшін төрт қылмыстық іс қозғалды.
Мас күйінде және бұрындары сотталған азаматтардың, кәмелет жасқа толмағандардың қолымен жасалатын қылмыстар, қоғамдық жерлерде орын алатын заң бұзушылықтар саны біршама азайғанын айта кеткеніміз жөн. Аудан бойынша 309 адам құқық қорғау органдарының есептік тіркеуінде тұр. Ал, қылмыстың алдын алу бойынша үш нашақор істі болған, ішімдікке салынған 23 тұлға, 30-ға жуық жасөспірім есепке алынды.
Қазіргі таңда елімізде кінәлілерді қамауға алудан гөрі, әкімшілік жаза қолдану кең етек жаюда. Жазалаудың бұл түрі азаматтарды азырақ ойлантады, әрі зардап шеккен тарапқа материалдық шығынын өндіріп алуға мүмкіндік береді деп ойлаймын. Үстіміздегі жылы біздің бөлім 500-ден астам құқық бұзушылықты анықтап, соның тең жартысына айыппұл салу туралы әкімшілік жаза тағайындалды. Жергілікті сот актілерін орындау бөлімінің мәліметтеріне сүйенсек, салынған айыппұлдардың жалпы мөлшері 1637132 теңгені құрап, осы уақытқа дейін біршамасы мемлекеттің пайдасына қайтарып алынды.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, құқық қорғау қызметкерлерінің басты міндеті ел тыныштығы болып табылады. Ол үшін әріптестеріміз күні-түні тынбай еңбек етеді. Түрлі радикалды бағыттағы діни ағымдардың өкілдері қоғамға іріткі салып жатқан мына заманда ауданға алыс-жақын шет елдерден қонақтап немесе көшіп келіп жатқан азаматтар жайлы толық мәліметті білу аса маңызды. Біздің өңірдің деңгейі аудандық дәрежеде болғанымен, өзге мемлекеттерден  келіп, кететіндер көп. Мәселен, осы жылы ауданда болған шетелдіктердің саны 131 адамға жетіп отыр. Ұйымдастырылатын әрбір іс-шара қылмыстың алдын алуға бағытталған. Мысал ретінде келтіріп өтсек, көші-қон полиция-
сы өткізген «Заңсыздық-2015», «Босқын» акциялары аясында 82 азамат әкімшілік жауапкершілікке  тартылды.
Әрине, біреуді тұтқындап, жазаламас бұрын офицердің өзі заңды бес саусағындай біліп, сауаты тасып тұруы қажет. Жеткілікті білімсіз, адамгершілік қасиет пен патриоттық сезімсіз құқық қорғау саласында еңбек ету қиын. Сондықтан, жас мамандар тәжірибе жинақтап, білімдерін молайтуы үшін оқу-жаттығу жұмыстарын жиі өткізіп тұрамыз. Әр жас офицер бір-бір тәжірибелі маманға бекітілген.
Қорыта айтсақ, ауданымыздағы криминогендік жағдай тұрақты деуге әбден негіз бар. Тәртіп сақшылары барда тұрғындар еш нәрсеге алаңдамаса болады. Қашанда халықтың сенім үдесінен шығамыз деген ойдамыз.        
 Жанат ҚАЛЫҚОВ,
                      Жарқайың аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар