Ерінбегенге жұмыс бар

Үстіміздегі жылы аудандық жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен 15 адам түрлі мекемелерде іс-тәжірибеден өтсе, 179 адам тұрақты жұмысқа, тағы 45 адам әлеуметтік жұмыс орындарына уақытша жұмысқа орналастырылып отыр.

Аталған орталық директоры Ботагөз Тәшенованың айтуынша, тұрғындарды жұмыспен қамту ісі кешенді жоспарға сәйкес жүргізіледі. Ауданда болғанымызда мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп отырған бірқатар азаматтармен әңгімелесудің сәті түскен еді. Солардың бірі – Астана қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ аграрлық-техникалық университетінің түлегі Маржан Баяхмет. Биыл жастар іс-тәжірибесі аясында Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық қадағалау және бақылау комитетінің Ақкөл аудандық аймақтық инспекциясында біліктілігін жетілдірген ол алдымен мемлекеттік қызметке тестіні ойдағыдай  тапсырып, осында тұрақты жұмысқа қабылданған. Жас болса да, қызметіне тиянақты, жауапкершілігі мол Маржанға деген  басшыларының да көзқарасы оң.
–Мемлекеттік қызметте жұмыс істеп жүргеннен кейін халыққа сапалы қызмет көрсету – парызым. Біздің мекеменің жұмысы өте күрделі, зор жауапкершілікті талап етеді. Кәсіпкерлерге шетелге экспортқа мал тасымалдау үшін сертификат береміз. Субсидия бөлу үшін құжаттар қабылдаймыз. Қаншалықты қиын болғанымен, жұмысым өзіме ұнайды, – дейді жетекші маман.
Келесі кейіпкеріміз Михаил Немыткин да түрмеден босап шыққаннан кейін бірден осы орталық арқылы жұмыс тапқан. Қазіргі таңда ол «Агропромстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде дəнекерлеуші болып еңбек етіп жүр. Жалақысы да жаман емес.
«Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында Астана қаласында кәсіпкерлік негіздерінен дәріс алып, жеке кәсіп ашу  үшін мемлекеттен несие алған ақкөлдіктер де бар. Бірі тіс емдеу кабинетін, енді бірі мейрамхана, шаштараз ашқан. Осы орайда, біз мемлекеттен алған несиеге аудан орталығында сегіз жылдан бері бос тұрған ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, оның орнына  балабақша ашқан Валентина Когутты сөзге тарттық. Әңгіме барысында ол салиқалы саясаты үшін Елбасымыздың атына зор алғыс білдірді. Сондай-ақ, кәсібін одан әрі өркендеткісі келетінін, алайда оған балабақша канализациясының дұрыс жұмыс істемейтіндігі кедергі келтіріп отырғандығын жеткізді.
Айта кетейік, он бес балаға лайықталып жасалған балабақшаға  ата-аналар әр бала үшін ай сайын 20 мың теңгеден төлейді. Ал, егер мектепке дейінгі білім беретін бұл мекеме «Балапан» бағдарламасына қатысса, мемлекет тарапынан көмек-қолдау көбірек болып, балаларын осында әкеліп жүрген ата-аналарға төлем жағы жеңілдетілуші еді деген пікірде кәсіпкер.
Шыны керек, жыл өте келе сотталғандардың, мүгедек жандардың жұмыс табуы мүмкін емес деген пікірдің артта қалып бара жатқанына куə болудамыз. Себебі, əлеуметтік əлжуаз топтарға мемлекеттің өзі қамқорлық танытуда. Бағдарлама аясында аудан орталығында тұратын екінші топтағы мүгедек  Жамбыл Қадыровқа да қомақты несие берілгендігі осы сөзіміздің анық дəлелі бола алады. Бүгінде оның өз кəсібі бар. «Gamer» атты компьютерлік клубына келушілерге күн
сайын ғаламтор желісі, қағаз шығару, көшірме жасау секілді қызмет көрсетеді.
Иə, мына қоғамда адал жолмен нəпақа табуға мүмкіндік зор, тек ынта болсын деңіз. Ерінбеген адамға еңбектің, кəсіп пен нəсіптің есігі айқара ашық екенін жоғарыда біз келтіріп өткен мысалдардан-ақ көруге болады. Оның үстіне, жыл аяғына дейін аудандық жұмыспен қамту орталығы шалғай ауылдарға барып, аталған  мемлекеттік бағдарламаның мақсатын түсіндіріп, оған қатысушыларды көптеп тартпақшы болып отыр. Бұл жұмыссыз жүрген көптеген ауылдықтар үшін қолайлы емес  пе? Ендеше, іске сәт!  

Ақкөл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар