Дәстүрге айналдырмақшы

Көкшетау қаласындағы теннис орталығында  бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын ұстану мақсатында теннистен «Altyntau Open» турнирі болып өтті.

Алғашқы рет ұйымдастырылып отырған жарысқа еліміздің солтүстік өңірлері Павлодар, Петропавл, Қостанай, Рудный және Лисаковск қалаларынан отызға тарта әуесқой спортшы жиналды. Олар екі күн бойы өзара бәсекеге түсті. Республикалық теннис федерациясының Ақмола облыстық филиалының директоры Марат Тәтембаевтың айтуынша, халық арасында теннисті насихаттау үшін аталмыш турнирді жыл сайын өткізіп отыруды жоспарлап отыр.Қазіргі таңда облыс орталығында 6-дан 14 жасқа дейін 150-ге тарта бала тұрақты түрде тенниспен айналысады. Олардан бөлек, теннис әуесқойлары да бар.
Додаға қатысушылар жас шамасына қарай екі топқа бөлінді. Осылайша, қырық жасқа дейінгі топ ішінде  Лисаковск қаласынан келген Леонид Папертный топ жарса, қырық жастан асқан қатысушылардың  тобында  Виктор Загайнов  бас жүлдені жеңіп алды. Турнирдің демеушісі  жауапкершілігі шектеулі «Алтынтау Көкшетау» серіктестігінің өкілдері жеңімпаздарға ақшалай сыйлық табыс етті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *