Несие алдыртып, тақырға отырғызып…

Асланды кездестіргеннен бері Айшаның жүзі бал-бұл жайнап, көңіліне де бір үміт ұялай бастаған. Ол кезде Айша облыс орталығына іргелес жатқан Краснояр селосындағы дүкендердің бірінде сатушы болып жұмыс істейтін. Әлгі жігітпен де сол жерде танысқан екен.  Жүрегіндегі махаббат оты маздап,  сүйіктісін көргенше тағат таппайды.

Жігіт те оған барынша қамқор болып, көңілін бір қалдырған емес. Дәмханаға, киноға да жиі апарып тұрады. Екеуінің махаббатына Асланның бұрын заңды әйелі болғаны, одан екі баласының бар екені де кедергі келтірмеді. Ұзақ жыл жалғыз тұрған Айша ғашығына тұрмысқа шығып, мәңгі бірге болу үшін кез-келген жағдайға көнуге дайын еді.

 Алайда, шаңырақ көтеру жайлы мәселе тек сөз жүзінде ғана қалып отырды. Жігіттің дүкенші қызға деген махаббатының астарында жалғандық жатқанын кім білген?! Арада бірер ай өткеннен кейін отбасылық кәсіп ашамын деп сылтауратқан Аслан Айшадан несиеге ақша алып беруін өтінеді. Сүйіктіме сенбегенде кімге сенемін деген Айша бөтен ойға бармай, бірден келісе кетеді. Сөйтіп, әлгіге үш жүз мың теңге көлемінде несие алып береді. Абырой болғанда бір миллион теңге несие сұратқан Асланның ұсынысын банк қанағаттандырмапты.
Мақсатына жетіп, ақша қолына тигеннен кейін жігіт бірден өзгеріп сала береді. Сүйем-күйем дегенін де, үйленем деген уәдесін де әп-сәтте ұмытқан. Қомақты қаржыны Айшаның қолынан ала салып, көлікке мініп кете барады.
Бұл оқиғаны бізге алаяқтың арбауына түскен қыздың анасы баяндап берді. Екі айдан бері қызының зардап шеккенін айтып, құқық қорғаушылардың табалдырығын тоздырған жетпіс жастағы қарт ана редакциямызға осы жайды айтып, шерін тарқатуға келіпті. Өзінің шын аты-жөнін атамауымызды өтінген апай қызының болған оқиғадан кейін күйзеліске түсіп, сырқаттанып қалғанын айтты. Әрине, сүйген адамыңның мұндай опасыздығын көру оңай ма?! Қызы үшін шырылдап, бармаған жері, баспаған тауы қалмаған зейнеткер Аслан есімді әлгі жігіт ақшасын қайтармаса да, қызынан тым болмаса кешірім сұраса екен дейді.
–Өз басым балаларымды біреудің ала жібін аттамаңдар деп тәрбиеледім. Қызымды алдаған жігіт те біреудің ұлы ғой. Ата-анасы оған қандай тәрбие берді екен? Адамгершілік қасиеттен жұрдай мұндай алаяқтар қалайша жер басып жүреді? – деп налиды қария. Оның айтуынша, бұл жігіт бұрын да алаяқтық жасағаны үшін бірнеше мәрте құқық қорғау қызметкерлерінің құрығына түскен көрінеді. Алайда, бұл жолы заң сақшылары оған айып тағудан қашқақтайтын көрінеді. Мұның артында бір гәп жатқанын айтады қария…
Мәселенің анық-қанығын білейік деп облыстық ішкі істер департаментіне хабарласқанымызда, олар соңғы кезде қылмыстың бұл түрі тым жиілеп кеткенін алға тартты. Нақты деректерге сүйенсек, жыл басынан бері алаяқтық бойынша 382 қылмыстық іс тіркелсе, өткен жылдың осы мерзімі ішінде 395 алаяқтық фактісі әшкереленген. Заң бойынша зейнеткердің кез-келген уақытта департамент басшысының атына қызының мәселесін айтып  арыз жазуына болады. Телефон желісі арқылы өрбіген әңгіме барысында ішкі істер департаментіндегілер осыны айтты.
Ал, Айшаның анасынан әлгі жігіттің телефонын алып, оған қоңырау соққанымызбен, ол керісінше қыздың өзін кінәлай бастады. Істеген ісін мойнымен көтермейтінін сезген соң біз де әрі қарай онымен сөйлесуден ештеңе шықпайтынын түсіндік. Біздің қолымыздан келетіні – бұл істі Асланның арына тапсыру ғана. Әй, қайдам, жас жігіттің бойында ер азаматқа тән намыс, ұят деген қасиеттер бар болса, біреудің қызын алдап, ақжаулықты ананың көз жасына қалмас еді ғой. Қарт ана редакцияға осы келгенінде өз қызының басынан өткен осы бір ауыр жағдай өзгелерге де сабақ болса екен деп кетті.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар