Нан пісіргеннің еңбегі адал

«Әділ» наубайханасының кіреберісінен-ақ, ыстық нанның иісі мұрын жарады. Пештен шығып жатқан бөлке нанның қызыл күрең түсіне қарап тұрып, оның құдіретті иісінен артық ештеңе жоқ-ау деген ой келді.

Бала кезімде қолыма бір үзім нанды ұстай сала, ойын қуған кездерімді елестеттім. Бүгінгі күні бәзбіреулердің нанның құдіретіне мән бермейтіні көңілге қаяу түсіреді. Осылай ойға шомып тұрғанда наубайхананың басшысы Мұхтар Қасымовтың қасыма келгенін аңғармай қалыппын. Амандық-саулықтан соң ол бұл кәсіпке қалай келгенін әңгімелеп берді. Оның наубайхана ашуына анасының тандыр пеште пісірген тәтті нандарына деген сағыныш ықпал етіпті. Сексеннің сеңгіріне шыққан анасы: «Елдің еңсесін көтеретін, дастархан басына жинайтын ас атасы – нанның қадірін бағалаңдар. Бір үзім нанның шашылғаны берекеңнің, ырысыңның шашылғаны» деп ақыл-кеңесін айтудан бір жалықпаған көрінеді. Сөйтіп, анасының ақылын тыңдаған жеке кәсіпкер наубайхана ашуды қолға алыпты. Мәкеңнің жобасын «Еңбек-Аршалы» кәсіпорнының директоры Қанат Ағаділов қолдап, наубайхана жұмысы тез арада жандана түскен.
– Жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылды. Көкшетау қаласынан осы саланың арнайы мамандарын шақырдым. Олар да өз тәжірибелерімен бөлісті. Қазір Инна Харламова өзгелерге үлгі-өнеге болып жүр. Бұдан бұрын дүкендерге сырттан тасымалданатын нан карьер тұрғындарына жетпей қалатын. Қазір күніне 1300 бөлке нан пісіріліп, аудан мен  өзге де елді мекендердің дүкендеріне дейін тасымалдануда. Осы орайда, жүргізуші Батыр Смайыловқа зор сенім артылып отыр, – дейді жеке кәсіпкер. Мұнда нанның таза көлікке тиелуі мен дүкенге ұқыпты жеткізілуіне мән беріледі. Әр наубайханашы өздеріне жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқаратынын аңғардық. Мұхтар Қасымов түнде нан пісірсе, күндіз бауырсақ, тоқаш, самса тәрізді өнімдер шығаруды, әрі оны сататын дүкен ашуды көздеп отыр.

 

Мәулен АЖЫҚАНОВА,
журналист.

Суретте: «Әділ» наубайханасының басшысы Мұхтар Қасымов нан пісіруші маман Инна Харламовамен бірге нанның сапасын тексеруде.
Суретті түсірген Роман САМКОВ.

Аршалы ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар