ЖҰМЫС ҚАРҚЫН АЛА БАСТАДЫ

«Capital Projekt LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Ақмол ауылындағы құс фабрикасында өнім шығара бастағанына көп уақыт өте қойған жоқ.

2013 жылы  «Ақмол-Феникс» акционерлік қоғамының бұрынғы нысандары негізінде ашылған кәсіпорын бос қалған цехтарды жөндеуден өткізіп, заманауи қондырғылар орнатқан соң жұмыс жандана бастады.
Әрине, аз ғана уақыттың ішінде сапалы өнім шығаруды бастау оңай болған жоқ. Қаңырап бос қалған цехтарды рет-ретімен жөндеп, құс фермасын, инкубаторларды, құрама жем цехын қажетті қондырғылармен жабдықтаумен қатар, инкубациялық жұмыртқалар, асыл тұқымды құстар әкелу сынды қажетті шаралар жылына 20 мың тонна құс етін шығаратын жаңа өндірісті іске қосуға мүмкіндік берді. Осылайша, өткен жылдың шілде айында инкубаторларға алғашқы жұмыртқалар орналастырылып, қыркүйек айында алғашқы бройлерлер сатылымға шығарыла бастады.
– Біздің фабриканы іске қосу үшін қыруар жұмыстар атқаруға тура келді, – дейді фабриканың бас директоры Роман Перевала. – Алты үлкен нысанды күрделі жөндеуден өткізіп, қажетті қондырғылар орнаттық. Оның ішінде әрқайсысына 23 мың балапан сыйатын үш корпустан тұратын цех, 40 мың бройлер тұратын 4 корпус және жылына 15 миллион балапан шығара алатын инкубатор бар. Біреуінде 54 мың бройлер өсіруге болатын тағы да 14 арнайы цех жұмыс істейді. Сондай-ақ, сағатына 15 тонна өнім шығара алатын құрама жем цехы мен бройлерлерді соятын және етін өңдейтін зауыт іске қосылды. Енді осыған өзіміздің автомобиль паркіміз бен үш жылу орталығын қоссақ, жұмысымыздың қаншалықты ауқымды екендігін пайымдауға болады.
Міне, осының бәрі кәсіпорын ұжымына тәулігіне 45-50 тонна сапалы өнім өндіруге мүмкіндік беріп отыр. Оның ішінде өнімнің құс еті, шұжық, ысталған ет сияқты 20 түрі бар.
Бір назар аударарлығы, өнімді сатуда ешқандай қиындық жоқ екен. Бүгінгі таңда кәсіпорынның өнімдері Астана, Қарағанды, Алматы қалалары мен Ақмола облысының аудандарына жөнелтіледі. Сондай-ақ, Ресейдің Мәскеу қаласы мен Сібірге, Ресейдің орталық округтеріне дейін жіберілетіндігін айтсақ, кәсіпорынның  жұмыс ауқымы өте кең деуге әбден болады.
Роман Переваланың айтуынша, олар қол жеткен табыстармен шектелмей, келесі жылы өнім шығаруды екі есе көбейтуді жоспарлап отыр екен. Бұл құрғақ уәде емес, нақты есеппен дәйектелген, сұранысты ескере отыр. Жоғарыда айтып өткеніміздей, фабрика өнім шығарумен қатар, өндірістік базаны кеңейтуді қолға алды. Мәселен, 9 миллион инкубациялық жұмыртқа бастыратын тағы да 4 корпус жабдықталуда. Бұл өндіріс көлемі екі есе артады деген сөз. Сондай-ақ, биылғы желтоқсан айында 54 мың бас құс өсіретін тағы бес корпусты жөндеу жұмыстары аяқталады. Ал, келесі жылы тағы да осындай цехтар ашылып, іске қосылмақшы.
Осының бәрін ескерсек, бүгінде тәулігіне 50 тонна өнім шығаратын фабрика алдағы уақытта өнім көлемін тәулік сайын 150-170 тоннаға жеткізе алады.  Яғни, 2017 жылы фабрика толыққанды жұмыс істеп, жылына 20 мың тонна құс етін өндіретін болады.
Әрине, өнім көлемін ұдайы көбейтіп отыру үшін заманауи қондырғылар орнатып, жаңа цехтар ашу жеткіліксіз. Бұл орайда, ең алдымен кадр мәселесіне баса назар аудару қажет. Бүгінгі таңда фабрикада 380 адам еңбек етеді. Мұнда әсіресе, Ақмол ауылымен қатар, аудан орталығына жақын орналасқан Өтеміс, Бірлік, Оразақ, Воздвиженка және басқа да шағын ауылдар тұрғындарының жұмыспен қамтылғандығы қуантады. Олардың орташа еңбекақылары 90 мың теңгені құрайды. Бұл ауыл тұрғындары үшін жақсы жалақы екендігі дау тудырмайды. Сондай-ақ, жұмыскерлерді арнайы автобус таситындығы және жұмысы ауыр цехтар жұмыскерлеріне тегін түскі ас берілетіндігі де фабрикада іс жоғары деңгейге қойылғандығын айғақтайды.
Фабрикадағы құрама жем зауытының директоры Валерий Артамонов, құс сою цехының операторы Ольга Наложитая, технолог Татьяна Экштет, ветеринарлық дәрігер Әйгерім Көсембаева, технолог Светлана Триус, слесарь-оператор Бақытжан Серікбаев, өңдеу цехының шеберлері Аманғайша Жұмабаева мен Лейла Ермағамбетова кәсіпорынның мақтаныштары. Олар өз істерімен әріптестеріне үлгі болып, жұмыстың жандана түсуіне ықпал етуде.

 

Талғат ҚАСЕН

Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар