Батыр музейіне жиырма жыл

 

Биыл Кеңес Одағының Батыры белгілі әдебиеттанушы ғалым Мәлік Ғабдуллин  атындағы музейдің құрылғанына да жиырма жыл толып отыр. Осы атаулы күннің алдында музей директоры, белгілі ақын-жазушы Құдайберлі Мырзабекпен кездесіп,  сұхбаттасқан едік.

 

– Мәлік Ғабдуллин атамыздың мәнді мұралары жинақталған музей қалай ашылды? Оның басы-қасында кімдер болды? Әңгіменің әлқиссасын осыдан бастасақ?
– Музей ең алғаш рет 1995 жылы батырдың 80 жылдығына орай ашылды. Ол кездегі  екі қабатты ғимаратты  татар саудагері Бағаудин Баязитов салған екен. Кейіннен 106 жылдық тарихы бар үйде кешкі мектеп те оқытылды. Сол ескі  ғимаратқа келіп орналасқаннан кейін, музей он жылдай жұмыс істеді. Алайда,  әбден тозығы жеткен жерде жұмыс істеу мүмкін болмады. Сол себепті, өте қысқа мерзімде қарағайдан жаңа ғимарат тұрғызылды. Музейдің негізін салушы және алғашқы директоры Мәриям Кенжеахметқызы. Ол  жаңа экспозицияның ғылыми тұжырымдамасы мен материалды көрсетудің жаңа әдістерін енгізді. Сондай-ақ, Алматы қаласындағы  ұрпақтарынан батырдың артында қалған дүниелерін тірнектеп жинап, бәрін ұшақпен Көкшетауға жеткізді. Бұл жауапты іске белгілі қоғам қайраткері Балташ Тұрсынбаев та қол ұшын беріпті. Содан бері музей қоры мемлекеттік мұрағаттан  алынған материалдармен күні бүгінге дейін толығып келе жатыр. Басқа музейлермен салыстырғанда материалдық базасы жақсы деңгейде деп айтуға болады. Бұл алғашқы ұйымдастырушының ыждаһатпенен еңбек еткенінің белгісі. Музейдің жиырма жылдығына арнап шығарылған «Музей шежіресі» кітабында аталмыш деректердің бәрі бар. Негізгі қорда 3000-нан астам жәдігер бар. Одан бөлек, қосалқы қор жұмыс істейді. Жалпы алғанда, мұнда 6500 экспонат қойылған. Музейге бір күнде отыз, қырық адам келеді. Кейде жүзден асып жығылады. Айта кетерлігі, батырға арналған ең алғашқы музей оның туған ауылы Қойсалғанда ашылған. Мәлік Ғабдуллин 1973 жылы 2 қаңтар күні  дүние салғанда, іле оның мәдени мұраларына көңіл бөліне бастады. Сол кезде 1974 жылы ұлтжанды азаматша Зере Қиықова мен Олжабай Нұрғалиев екеуі бірлесе музейдің негізін қалады.  Музей жұмысы  Мәскеудегі халықаралық көрмеге де қатысқан. Бірақ, кейіннен ғимаратты ұстап тұру қиынға соққан соң жабылып қалды. Оның барлық жәдігерлері Мәлік Ғабдуллин ауылдық округінің мектебінде сақтаулы.
– Музейдегі Мәлік Ғабдуллиннің мұраларының орналасуы жөнінде айтып берсеңіз.
– Музей бес экспозициялық залдан тұрады. Ең бірінші «Ауылым – алтын бесігім» деп аталатын залда оның балалық шағымен байланысты тұрмыстық заттар, фотосуреттер қойылған. «Өмірдің өріне өрлеп, шыңына шыққан» атты екінші залда  мектеп қабырғасынан бастап, ғылым жолындағы еңбектеріне дейін ұсынылады. Көпшілігі мемлекеттік мұрағаттан алынып отыр. Әрине,  оның соғыстағы ерен ерлігі ешқашан ұмытылмайды ғой. Сол себепті, «Елі үшін, халқы үшін туған Мәлік» залы соғыс тақырыбына арналған. Мұндағы Кеңес Одағының Батыры атағы берілгендегі туралы 1943 жылғы бұйрықтың түпнұсқасы  музейдегі ең құнды жәдігерлердің санатында. Ал, «Көкіректе сөнбейтін мәңгі жарық» залында қонақтар академиктің ғылыми еңбектері мен атақтарын куәландыратын құжаттармен таныса алады. Ал, бөлек бір зал батырдың Алматы қаласынан әкелінген жеке кітапханасы мен заттарына арналған. Экспозициялық залда оның үштен бір бөлігі ғана қойылып, қалғаны негізгі қорда тұр. Мұнда әр жәдігердің өзіндік маңызды орны бар.
– 20 жылдық қалыптасу тарихы бар музейдің қазіргі жүзеге асырып отырған негізгі жұмыстарын айтсаңыз.
– Музей тек қана Мәлік Ғабдуллиннің мұраларын ғана емес, оның ұстанған бағыттарымен де таныстырады. Ол батыр, ғалым, әдебиетші, жазушы, педагог және қоғам қайраткері болған. Сондықтан, қазақ елі болып қалыптасуда үлгі етіп ұстауға өте лайық адам деп білеміз. Батыр жайлы кім әңгіме айтса, оның адамгершілік қасиеттері туралы айтады. Мәлік Ғабдуллиннің Шоқан Уәлиханов сыйлығын алған «Ата-аналарға тәрбие туралы кеңес» деген еңбегі бар. Осы кітап негізінде жас ұрпаққа оның тұлғасын өнеге етумен айналысып жатырмыз. Мұнда жиырма сегіз адам жұмыс істейді. Оның ішінде сегізі ғылыми қызметкер. Барлығы осы мақсатта жұмыла еңбек етіп келеді.
Мәлік Ғабдуллин – жан-жақты тұлға. Ол ғалымдық жолда ауыз әдебиетін таңдап, батырлар жыры бойынша диссертация қорғады. Бұдан ел, жер қорғауда ұрпақ жауапкершілігін жете түсінгенін аңғаруға болады. Қазақ халқы Отан қорғауды даналық деңгейіне дейін жеткізгені жасырын емес. Соны дөп басып зерттеп, ғылыми айналысқа салды. Ол кезде ұлттық құндылықтарымызды, жадымызды жаңылыстыруға көптеген әрекеттер жасалғанымен, соған қарамастан батырлар жырын қолға алып, зерделеп шықты. Оған жасынан жырға бейім болып, жаттап өскені қатты әсер еткенін атап өту қажет. Ұлы Отан соғысында саяси жетекші болғанда, сол білімін жауынгерлерді рухтандыруда шебер пайдалана білді. Қай қырынан алсаң да  өнерлі, халқымыздың маңдайына біткен қайсар ұлды насихаттау мақсатында  дәстүрлі түрде көптеген шаралар жүзеге асып келеді. Айтар болсақ, музейдің жанында «Жас Ұлан» патриоттық клубы жұмыс істейді. Жыл сайын Мәлік Ғабдуллиннің Батыр атағын алған 30 қаңтар күні ант қабылдау рәсімі өтіп, жаңа мүшелер қабылданады. Музей ашылған күннен бастап шахмат, қазақша күрес, бокс, таэквондо сынды спорттық ойындар бо-
йынша турнирлер өткізіледі. 2012 жылдан бастап бұл шараларға қосымша «Мәлік Ғабдуллиннің Құрмет жұлдызы» деген байқау ұйымдастырылуда. Сайысқа  әр мектептегі оныншы сынып оқушылары арасынан  білімді, ойы ұшқыр, спортпен шұғылданатын, өнерлі ұл балалар іріктеліп алынады. Тіпті,  олар танго би түрінен де сынға түседі. Бұл дегеніміз жігіттерді ел тізгінін ұстар  азамат етіп тәрбиелеуге бастар бір қадам екені сөзсіз. Сондай-ақ, мектептер өз тарихтарынан сыр шертетін «Мәртебелім – мектебім» көрме байқауына қатысады. Сайыс оқу орындары ішінде кең қолдау тауып отыр. Одан қалды, облыстық білім басқармасымен бірге «Қобыланды батыр» жырын жатқа айтушылар әрі суретшілер арасында да байқау өткізу үрдісі қалыптасты. Мұнда олар жырдың сюжетіне үңіліп,   басты кейіпкерлер Қобыланды, Құртқа бейнесін салады. Сонымен бірге, Мәлік Ғабдуллиннің тұлғасын таныту мақсатында Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов музейлеріне арнайы барып, дәрістер оқылды. Одан кейін, батырдың ағасы, қанды көйлек жауынгер досы, Бауыржан Момышұлының туған елі Жамбыл облысы Жуалы ауданы Талапкер ауылына барып кездесу өткіздік. Қарасай ауданындағы Абай ауылында Мәлік Ғабдуллин атындағы мектепке арнайы көрме апарып, мектеп ұжымымен жүздестік. Тіпті, Павлодар, Семей, Алматы, Өскемен  қалаларына да экспедиция-лар ұйымдастырған болатынбыз. Мәлік Ғабдуллинді көзі көрген Сапабек Әсіпов, Мекемтас Мырзахметов, Сарбас Ақтаев, Қабдеш Жұмаділов, Әйіп Анафин және өте жақын араласқан Баян Жанғаловпен сұхбат жазылып алынды. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында облысымыздағы көзі тірі соғыс ардагерлерінің мәліметтерін жинап, тындырымды жұмыс атқардық. Әрі «Армысың, асыл қарттарым!» акциясы аясында облыс орталығындағы 69 ардагердің үйіне барып, әрқайсысына бәрінің мекен-жайы жазылған анықтамалық тарту еттік. Айта берсек, өткізілген шаралар өте көп. Көпшілігі ғимаратымызды көріп «мұнда не істейді екен» деп ойлайды. Ал, біз көптеген шараларды қолға алып, жаңа жобаларды іске асырудамыз.
– Мәлік Ғабдулиннің 100 жылдығына орай қандай шаралар өткізілді?
– Тойды атап өту наурыз айынан бастау алды.  Мәлік Ғабдуллиннің тоғызыншы атасы  Мағжан ақын жырлағандай «Ту баста Абылайды хан көтерген, қамқоры қарауылдың шешен Қанай» болған. Сол Қанай бидің ұрпақтары бүгінде алты ауылдың барлығы қатысты. Музейдің жанында Абылай ханның ақ туын желбіретіп, Қанай бабамыздың ақбоз үйін тігіп үлкен шара өткіздік. Жиынға батырдың қызы Майдан Мәлікқызы, қазақ халық күнтізбесін жасап шығарған математик-ғалым Мыңбай Ысқақовтың ұрпақтары да келіп, ел мерейін үстем етті. Мəлік Ғабдуллиннің туған жері – көрікті Зеренді өңірінде де дүбірлі той өтті. Бұл шара еліне өшпес мұра қалдырып қана қоймай, сұрапыл соғыс жылдарында Отан үшін ерлік көрсеткен Мəлік Ғабдуллиндей даңқты бабаларын келер ұрпақ ешқашан да ұмытпайтындығын тағы бір дәлелдеді.  Музейдің ішіндегі мүсіні жаңартылды. Әсіресе, Отан қорғаушы күні қала саябағының «Даңқ» аллеясымен тоғысқан жерінде батырдың ескерткіші бой түзегені ел жастарын отансүйгіштікке тәрбиелеудің өнегелі жолы болып табылады. Жастар арасында ұйымдастырылған көкпардан  республикалық турнир мен «Ел үшін ерлік еткен батыр Мәлік» атты жас ақындардың  жыр мүшәйрасы өтіп, батырдың есімі ұлықталды. Оған қоса, асыл ердің жүз жылдығы қарсаңында Бауыржан Момышұлы, Жамбыл Жабаев, Иса Байзақов, Қалия Жұбандықов, Дихан Әбілов, Саттар Сейітқазин және жергілікті ақын Төлеген Қажыбаевтың өлеңдері жинақталып «Мәлік батыр» атты кітап   жарыққа шықты. Және Мәлік Ғабдуллин туралы ең алғашқылардың бірі болып мақала жазған Борис Полевойдың «Эпостың тууы» деген очеркінен бас-тап, бүгінгі күндерге дейін жазылған естелік мақалалар, публицистикалық материалдардың бәрі топтастырылып, «Ақын халықтың батыр ұлы» жинағын басып шығарған болатынбыз. Барлық еңбектерін зерттеп, он бір кітап дайындалды. Мұнда ғылым академиясының сын пікірі алынып, Мәдениет министрлігі жанындағы сараптамалық кеңеске ұсынылған. Алайда, қажетті қаржы көлемі бөлінбей, келесі жылға үміт артып отырған жайымыз бар. Қараша айында «Мәлік Ғабдуллин феноменін зерттеу және зерделеу мәселелері» атты тақырыпта халықаралық ғылыми конференция өткізілмек. Бұл шараны Алматы қаласындағы Ұлттық ғылым академиясы жанындағы Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет пен өнер инс-титуты директоры, белгілі журналист, қоғам қайраткері, профессор Уәлихан Қалижан және Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетімен бірлесіп ұйымдастырғалы жатырмыз. Конференцияға көптеген белгілі ғалымдар қатысады деп күтілуде.
– Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар?
–Біздің негізгі бағытымыз жасөспірімдермен тығыз жұмыс жасау болғандықтан, оқу жылы басталысымен ілкімді шараларға барлық білім ошақтарын қатыстырып отырамыз. Осы мақсатта, мектептермен ынтымақтастық жөнінде келісім жасалынуда. Бұл ұрпақ тәрбиесімен айналысу деген сөз. Себебі, батырдың сан қырлылығы кез келген мекемемен байланысқа шығуға мүмкіндік тудырып отыр.
Келесі жылы Мәлік Ғабдуллиннің тұлғасын насихаттау мақсатында республикамыздың алты, жеті облысын қамтып, жылжымалы көрме, «Мәлік оқуларын» өткізу жоспарда бар. Мұнда Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Ақтау, Қызылорда сияқты облыстар енгізілген. Түптеп келгенде, Мәлікке қатысы бар барлық жерлерде ауқымы кең шаралар ұйымдастыру мәселесін жан-жақты ойластырып
жатырмыз.
– Әңгімеңізге рахмет, істеріңіз берекелі болсын!

Сұхбатты жүргізген арнаулы тілшіміз Ырысгүл АШУОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар