Жүректен кіріп, бойды алар

Халқымыздың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 170 жылдық мерейтойына арнап Ақмола облыстық филармониясының әртістері «Абай тағылымы – халық даналығы» атты концерт ұйымдастырды.

Облыстық филармонияның Кенжебек Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің орындауындағы «Май түні» күйімен басталған ән кеші Абайдың «Есіңде бар ма жас күнің», «Көзімнің қарасы», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», тағы басқа әндерімен жалғасын тауып, жиналған қауымды өте керемет әсерге бөледі. Абай күйлеріндегі әуен бірде денеңді шымырлатса, енді бірде көңіліңді толқытып, тебірентеді.
Дәстүрлі әнші Сәрсенбай
Хасенов Абайдың сөзіне жазылған С.Мұхамеджановтың «Есіңде бар ма жас күнің» әнін, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Ғазиза Жұмекенова «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма» әнін домбырамен тамылжыта орындап берсе, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Мереке Бекмағамбетов Абай әндерін оркестрдің сүйемелдеуімен шырқады.  
Биылғы жылы еліміз бойынша атап өтіліп жатқан ұлы Абайдың 170 жылдық мерейтойына үн қоспақ ниетте аталмыш концертті өткізуге ұжым қыркүйек айынан бастап дайындалған екен. Ең бастысы, тағылымы мол шарадан тыңдарман өзіне мол жаназық алды деген сенімдеміз.

 «Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар