Бойында иманы бар азамат

Мәскеуден жаңа мешіт құрылысына қаржы аударды

Ұлық пайғамбарымыз Мұхаммед өзінің бір хадисінде: «Кімде-кім бұл дүниеде мешіт салса, Алла тағала оған о дүниеде сарай тұрғызады» деген екен. Осы бір ұлағат етер сөздің астарында терең ұғым жатыр. Мұны Көкшетаудағы ұзаққа созылған мешіт құрылысына қаратып та айтуға болар еді.
Кезінде осы мешітке Мәскеуде тұратын жерлес бауырымыз Берік Балғабаев та өз қалтасынан жарты миллион теңге қаражат аударғанын естідік. Бұл жылы хабарды өзге емес, оның әкесі, белгілі теміржолшы ағамыз Құттыбек Балғабаев жеткізген еді.
–Балам  мектепті алтын медальмен бітіріп, Мәскеудің халықаралық қатынастар институтын тәмамдады. Кейін көп жыл шетел елшіліктерінде жемісті қызмет атқарды, – дейді Құттыбек ақсақал. – Қазір Бүкілдүниежүзілік шахмат федерациясында  қызмет істейді. Былтыр менің соғыста қаза тапқан әкемнің туғанына жүз жыл толды. Осыған байланысты ас бермекші болдық. Мәскеудегі балам бұл асты өткізуге 500 мың теңге ақша жолдайтынын айтты.  
Мен жергілікті мешітке барып, облыс имамы Қанат Қыдырминге жолықтым.  Әкемнің асы жайлы ойымды ортаға салдым. Сонда ол  «Ақсақал, сіз асты екі жүз адам жинап бір дәмханада бересіз. Ал, бұл қаражатты қарапайым адамдар игілігіне салынып жатқан мешіт құрылысына жұмсасаңыз, ертең сол Алланың үйіне келіп намаз оқыған мыңдаған мүмін әкеңізге дұға тілейді ғой», –  деді.
Ойланып қалдым. Шынымен, ізгілікті іс екеніне көзім жетті. Балама хабарластым. Сондағы оның қуанғанын көрсеңіз. Бір жағынан атасын ойлап, екінші жағынан туған еліндегі мешітке шарапаты тиіп жатса, бұдан асқан бақыт бар ма?! Осылай мен баламның жіберген 500 мың теңгесіне бәйбішем екеуміздің зейнетақымызды қосып, мешіт құрылысына аударған едім…
Құттыбек ақсақалдың ағынан жарыла айтқан осы әңгімесі шынында ұлағат болар  жағдай екен. Әкесі  Төкен Бәкейұлы сонау ел басына күн туғанда қолына қару алып, майданға аттаныпты.  1943 жылы Курск иініндегі қиян-кескі шайқаста көз жұмған екен.  Соғысқа дейін ол кісінің де теміржол саласында еңбек еткенін білдік.
Кейін майдангердің он алты жасар баласы Құттыбек те теміржол мекемесінің есігін ашқанда, әкесін көзі көрген абзал жандар жас баланы еш ойланбастан жұмысқа алады. Бір жағынан ол сол тұста науқас анасына қамқор болғысы келген еді. Бұл – елуінші жылдардың басы болатын.
Осылай  өмірдің баспал-дағымен өрге қарай өрлей берді. 1955 жылы  жұмыс орны оны Ақмоладағы теміржол техникумына оқуға жібереді. Сол білімін алып келген соң депода механикалық цехтың бригадирі, техникалық бөлімнің технигі қызметтерін атқарады.
Кейін локомотив  бөлімінің аға инженері,  жол бөлімшесінің екінші бөлімінің бастығы лауазымдарына көтеріледі. Зейнет жасына шығатын жылы  «Құрметті теміржолшы» атағын алады. Жан жолдасы Халима Омарқызы да ұзақ жыл осы салада еңбек етті. Ал, балаларының барлығы әке жолын қуды. Үлкені Жолдас  та, кейінгі ұлы Серік те бір кезде өзі білім алған Алматы  теміржол көлігі инженерлері институтын бітірді. Кенжесі Қанат та теміржол  оқуына түскен. Әттең,  өмірі  қысқа болды.  Ал, Берігінің орны бөлек. Алдымен, теміржол оқуын, сосын халықаралық қатынастар институтын аяқтады.
–Мен бақыттымын, – деп ағына жарылады Құттыбек ақсақал бұл күнде. Оның да жөні бар. Соңынан ерген балалары өз орындарын тапты. Қазір бәйбішесі Халима екеуі ата-әжелеген немерелерінің қызығына тоймай, бақуатты өмір сүруде.
Көкшетаудағы мешіттің құрылысы тезірек аяқталғанын қалаған Балғабаевтар әулетінің де бұл игі іске өз үлестерін қосқаны ұлағатты іс. Біздер мешіт жамағаты кешегі соғыста мерт болған аяулы ата-әкелері Төкен Бәкейұлының рухына дұға тілейтініне сенімдіміз. Иә, осындай жандар арамызда көп болса екен.
Бақыт ҚАЙЫРЖАНҰЛЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар