Қазақ хандарының мөрлері

Бүгінгі таңда қазақ хандығының  құрылу  тарихы,  қазақ хандары, сұлтандары, билері мен батырлары туралы мектеп бағдарламасында оқытып,  санамызға сіңіруде.  Бір тудың астына бір ұлт болып топтасып, ел болғанын жас ұрпақтың, менің құрдастарымның білгендері абзал деп ойлаймын.

Сондықтан, мені бүгінгі күнде тарихымыздың өзекті де асыл мұрасының  бірі – мөр туралы мәселе  де ойландырды. Бұл тақырып баршамызға аз да болса мәлім болсын деп тарихымыздағы мөрлердің қандай болғаны туралы   мәліметтен хабардар еткім келеді. Себебі, әрбір адам өз ұлтының тарихын біліп, құрметтеп жүруі міндет деп
ойлаймын. Қазақ хандығының 550 жылдығында тарихи деректерге үңіліп, осы мөрдің еліміздің болашағы үшін қаншалықты маңызды болғандығы төңірегінде ой тербеттім.
Қазақ хандығы бой көтергеннен соң мемлекеттік қызмет те жүзеге асып отырған еді. Хандардың, билеушілердің, ақсүйектердің лауазымдары мен мемлекеттің нышанын білдіріп,  көрсету мақсатында мөрлер дүниеге келіп, ел тарихында белгілі бір рөл атқарған.  Әрбір билеушінің өзінің жеке мөрі болған екен. Хан билігінің тұсында ол мөрлерді жасаудың өзіндік стандарты да қалыптасқан. Олар көбінесе тамшы пішінді келген басы үшкірлеу күміс жүзіктер еді. Бетінде араб тілінде әшекейленіп жазылған жазу оның иегерінің есімі мен атағын, әкесінің аты мен лауазымын білдірген. ХVІІІ ғасырдан бері қазақ ақсүйектерінің мөрлері таза күмістен жасала бастады, тас пен  алтынды қолдану өте сирек кездесті. Хан, сұлтандардың мөрлері тек тамшы тәріздес болса, би, старшындардың мөрлерінің пішіні дөңгелек, сопақ, төрт бұрышты болған және аса көп әшекейленбеген. Мысалы, Әбілқайыр хан мөріндегі жазуға тоқталайық: «Абул-л-Хайр-бахадур-хан Хаджи-сұлтан» деп оқылатын мөр ханның Ресей билеушілеріне  жазған 56 түпнұсқа хаттарында басылған.
Үш жүздің басын қосқан ұлы хан, ұлтымыздың мақтанышы, қазақ мемлекетінің тарихындағы аса көрнекті қайраткер Абылай ханның мөріне тоқталар болсақ, Абылай ханның мөрінде «Абулай-хан бен Бахадур Вали-султан» деген жазу бар. Бұл Абылай ханның аты-жөні мен оның орта жүздің сұлтаны Уәлидің ұрпағы екендігінен хабар береді. Мөр ханның Ресейдің орталық өкіметі мен орыс шекара басшыларына жазған хаттарында басылған. Абылай ханның немересі Кенесары Қасымұлының мөрінде «Кене-сары бен Касим» деген жазу жазылған.  Ол патшаның отарлаушылық әкімшілігі, Орынбор мен Сібір ведомстволарына және қазақ билеріне жазған хаттарында осы мөрді басып отырған.
Міне, осындай қысқаша зерттеуімді оқырмандар назарына ұсынғым келді. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында үлкен орын алатын қазақ хандарының мөрлерінің суретін өз құрбы-құрдастарыма да  таныстырып жүрмін. Қазақ хандарының мөрлері міне, осындай болғанын мен мақтан тұтамын. Бұл мөрлермен көп мемлекеттік мәселелер шешілген. Қазақтың іргесі қаланған құжаттарға хандарымыз өз мөрлерін басып, бізді қазіргі күнге жеткізді. Олардың  билік жүргізу кезеңінде дұрыс шешімдер қабылдап, сол шешімдердің тарих толқынында үлкен рөл атқаруы  осы мөрдің арқасында да жүзеге асты. Тарихымыздың асыл мұрасы – мөр арқылы  бүгінгі  ұрпақтың бақытын ойлады біздің ата-бабаларымыз.
Осы мөрлердің тарихымен таныса отырып, менің бойымда отансүйгіштік сезімі одан әрі асқақтай түскендей. Ата-бабаларымыздың осы салт-дәстүрі мен еліміздің тарихын санамызға сіңіріп өсірейік. Тарихты тану, құрметтеу  – жас ұрпақтың асыл парызы.

Нұргүл БЕРКІНБАЙ,
Көкшетау қаласының
 №2 орта мектебінің 10 сынып оқушысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар