Әрбір кездесуден үлкен әсер аламын

«Родина» Агрофирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Иван САУЭР 

Мемлекет орнату, оны қалыптастыру, баянды ету, әлемге танытуды кез-келген кісінің пешенесіне жазыла бермеген. Біздер ауыл шаруашылығы саласында осы бақытқа ие болғандармыз. Бізді баулыған да, елге қызмет еткізген де – Нұрсұлтан Назарбаев, сол кісімен бірге келген тәуелсіздік дер едім.
Нұрсұлтан Назарбаев ел тізгінін алмағайып, аумалы-төкпелі, ең қиын кезеңде қолына алды. Тарихтың да, тағдырдың да сынынан абыроймен өтіп, халқын да қыл көпірден, жанып тұрған өрттен аман алып шықты. Азаматтың теңдесі жоқ осы қаһармандығын, даналығын кейінгі ұрпақтың келешекке аңыз етіп жеткізетіндігінде еш күмән жоқ. Тарихқа есесі кеткен халықтың бүгінгі тағдыры туралы ойлау – Президентіміз туралы ойлаумен сабақтас десем, ақиқаттан алыс кетпейтінім анық.
Өзгені қоя тұрып,  өзіме жақын ауыл шаруашылығы саласының дамуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қосқан үлесі туралы айтатын болсам, қазір елімізде кәсіп ашып, табыс тапқысы келетіндерге жол ашық. Әсіресе, шағын және орта бизнесін дөңгелетіп әкетемін деушілерге Үкімет тарапынан барлық мүмкіндік қарастырылған. Елбасының биылғы жылы шағын және орта бизнеске мораторий жариялауы осыған айқын дәлел.
Қазақ елінде отандық кәсіпкерлерге жасалынып отырған Президенттің зор көмегі деп білемін. Осындай зор көмектің арқасында бүгінгі күні Қазақстанда «Агроөнеркәсіптік кешендерді дамыту-2020», «Үдемелі индустриялды-инновациялық даму», баламалы «жасыл» энергетикалық технологияларды пайдаланудың «жасыл экономика» стратегиясы сияқты жаһандық бағдарламалар қолға алынуда. Бұл бағдарламалар жөнінде біздің шағын округіміздің тұрғындары жай ғана емес, іс жүзінде білетіні қуантады.  «Үдемелі индустриялды-инновациялық даму» бағдарламасы аясында  елімізде теңдесі жоқ қазіргі заманғы сүт зауыты ашылды. Жобаның жүзеге асуы округ тұрғындарын жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп қана қоймай, еңбекақының өсуіне де септігін тигізді. Сондай-ақ, жақын елді мекендердегі шаруашылықтар да өз өнімдерін сатуға мүмкіндік алды. Әсіресе, біздің бренд «Родина» өніміне деген сұранысы жоғары Астана тұрғындары үшін де тиімді болып отыр. Зауыттың іске қосылуы өнім түрін, құрылымын, өндірісін және сату көлемін жыл өткен сайын көбейтіп келеді.
Сондай-ақ, былтырғы жылы қуаттылығы 750 киловатт жел электр станциясы іске қосылып, жұмыс істеуде. Аталмыш қондырғы кәсіпорынның электр қуатына деген қажеттілігін 100 пайыз қанағаттандырып отыр. Бұл халыққа арзан электр көзін пайдалануға мүмкіндік беріп, әрі ауыл тұрғындары үшін қолайлы болып отырған жайы бар. Сол себепті, осындағы барлық істің басында жүрген шаруашылық жетекшісі ретінде мұндағы  кез-келген тұрғын, еңкейген қариядан бастап, еңбектеген балаға дейін баламалы энергетикалық технологияны пайдаланудағы мемлекеттік бағ-дарламаның маңызын түсініп, өзінің туған ауылы мен  Отанын сүйіп, оның жетістіктерімен мақтан етуі керек деп ойлаймын.
Біздің округ – ерекше елді мекен. Округтің негізгі кәсіпорны  –  «Родина» Агрофирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып табылады. Сондықтан, мұндағы тұрғындарды толғандырған барлық мәселелерді билік бізбен ақылдасып шешуге тырысады. Өз басым шаруашылық басшысы ретінде әлеуметтік саланы дамытуға да баса көңіл бөлемін. «Родина» шаруашылығына табаны тиген әр адам мұнда барлық игі істердің қарапайым еңбек адамы үшін жасалып жатқандығын пайымдар еді. Ауылда 40 шақырымдық су құбыры жүйесі бар. Көшелердің бәрі жарықтандырылып, асфальт төселген. Шаруашылық есебінен әлеуметтік-мәдени маңыздағы нысандарды жөндеу мен материалдық-техникалық базаларды жаңарту жұмыстары ұдайы жүргізіліп келеді. Родина ауылындағы мәдениет үйінің, Садовое елді мекеніндегі ауылдық клубтың, дәрігерлік амбулаторияның соңғы жылдары облыс бойынша үздік нысандардың бірінен көрінуі осының бір айғағы іспеттес. Ал, ауылдағы қарттар үйінің мұқтажына жыл сайын 5 миллион теңге қаржы саламыз. Сондай-ақ, ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында ауыл орта-лығынан жаңа екі ғимарат салып бердік. Оның бірі – сәулетті шіркеу, екіншісі – бүгінгі күннің талабына сай жабдықталған жабық хоккей корты. Бұны біздің салауатты өмір салтын қалыптастырып, бұқаралық спортты дамытуға қосып отырған үлесіміз деуге болады. Осы мақсатта жыл сайын 6 миллион теңгеден астам қаржы жұмсаймыз.
Округте бұдан басқа да игі шаралар жетерлік. Мұның бәрі Елбасы Жолдауында көрсетілген халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту бағытында атқарылып жатқан игі істер дер едім.
Сондықтан,  Елбасымен өткен әрбір кездесуде қысылмай, керісінше,  ләззат аламын деуге болады.  Біздің қол жеткен жетістіктерімізге Мемлекет басшысы өз бағасын беріп,  өзгеге үлгі ретінде айтып отырады.  Жақында Астанада өткен бір кездесуінде Елбасы: «Родина» агрофирмасы ауыл шаруашылығы ісін жүргізудің нағыз үлгісі. Мысалы, кәсіпорындағы еңбек өнімділігі бір жұмыскерге 38 мың доллар болады. Бұл рекорд, себебі еліміз бойынша бұл көрсеткіш 7 мың долларға тең. Егер де жалпы алғанда, аграрлық секторда өнімділік «Родинаның» көрсеткішінің жартысына жақындаған болса, онда өнім көлемі басқаша болған болар еді. Мұнда өндірісті мінсіз дамытып қана қоймай, әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға жауапкершілікпен қарайды. Фирманың еңбеккерлері жұмыс істейтін кентте спорттық және әлеуметтік нысандар, жақсы жолдар, ауруханалар салынған, жылу беру жүйесі орнатылған» деп айтқан сөзі бізді шынымен қанаттандырып отыр.

Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар