Майдангер риза болды

 Облыс әкімі Сергей Кулагин Көкшетау қаласында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері Елдес Қоңыровты Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен құттықтап, мерекелік сый-сияпат жасады.

Бейбіт өмір сыйлаған ардагерлерімізге әрдайым құрмет көрсету қашанда парыз.
Бұл жолы облыс әкімі Сергей Кулагин Ұлы Отан соғысының ардагері Елдес Қоңыровтың шаңырағына барып,  Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен құттықтап,  сый-сияпат жасады.  Құттықтау сөзінде өңір басшысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың майдангерлердің жағдайын әрқашан да назарына алып, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне қолдау көрсетіліп жатқандығын ерекше атап өтті.
Жасы 92-ге таяған ақсақал барша қазақстандықтарды осынау мерекемен құттықтап, өзіне бір сәт көңіл бөлген қаржы  облыс әкіміне шынайы ризашылығын білдірді.
– Бейбітшілік пен тыныштық орнаған елдің келешегі кемел. Осы орайда,  Қазақ елін гүлдендіріп, әлемге танытқан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі зор. Мереке күні Елбасының бастамасымен Отан үшін отқа түскен майдангерлерге құрмет көрсеткен азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін, – дейді ақсақал.
Ардагер 1943 жылы әскер қатарына шақырылып, Фрунзе қаласындағы әскери училищеге оқуға жіберіледі. Онда десантшы ретінде  жаттығудан өтеді. Сол жылдың тамызында Украинаның Киев, Днепропетровск сияқты қалалары мен селоларын жаудан азат ету үшін қиян-кескі ұрыс жүргізіліп жатқан Днепр өзенінің оң жағасында алғаш рет жаумен бетпе-бет шайқасты.
Сонымен қатар, ол фин әскерлерінің бақылауында болған Свир өзені бойын және неміс басқыншыларынан Орша қаласын азат етуге қатысты. Румыния және Венгрияға дейін барды.
1945 жылдың сәуір айында ауыр жарақаттанып, үш ай бойы госпитальда емделді. Тек 1949 жылы ғана елге оралды.
Қарт жауынгердің кеудесінде «Ерлігі үшін», «Карелияны азат еткені үшін» және «Венаны алғаны үшін» медальдары жарқырайды.
Осы күні қарт сарбаз, егде тартқанын елемей қоғамдық өмірге белсене араласып, жастарға ақыл-кеңесін айтудан да жалыққан емес.

 

Аслан ОСПАНОВ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар