Өнегелі ғұмыр

Бұланды аудандық балалар шығармашылығы үйінде Кеңес Одағының Батыры, қоғам қайраткері, академик, жазушы Мәлік Ғабдуллиннің туғанына 100 жыл толуына орай, мерейтойлық  конференция болып өтті.

Конференция жұмысына ауданның мектеп мұражайларының жетекшілері мен оқушылар қатысты. Шара Мәлік Ғабдуллинге арналған бейнефильмнен бастау алып, жиналғандар батырдың өмірі мен шығармашылығынан  егжей-тегжейлі мағлұмат алды.
Облыс орталығындағы Мәлік Ғабдуллин музейінің ғылыми қызметкері Қуаныш Оспанов құттықтау сөз сөйлеп,  ғалым туралы тың мәліметтерді айтып берді. Батыр-жазушының қаламгерлік таланты мен қайраткерлік қарым-қабілетіне арнайы тоқтала отырып, оның ғылыми жұмыстары әлі күнге дейін өзінің маңыздылығын жоймай, балаларды тәрбиелеуге арналған кітаптары аса құнды болып отырғанын атап өтті. Мәлік батыр аспирант кезінде кандидаттық диссертация тақырыбы ретінде  «Қобыланды батыр» эпосын таңдап алып, халқымыздың ауыз әдебиетіне, оның ішінде ұлттық фольклор тұнығына тереңінен бойлайды. Бірақ, сәтті басталған диссертациялық жұмысын аяқтағанымен, қорғауға мүмкіндігі болмайды. Себебі, дәл сол кезде сұрапыл соғыс басталған болатын. Соғыс жылдары өз жазбаларында шынайы суреткер ретінде майдан көріністерін бейнелеу арқылы адамды, оның тұлғасын тануға, ішкі жан дүниесін ашуға әрекет етеді. Ол тек ғылым, әдебиет, мәдениет саласында ғана емес, кешегі Ұлы Отан соғысында елдік пен ерліктің рухын көтерген, жаужүрек батырлықтың символына айналған, күллі қазақ ұлтының айбынын асқақтатқан ерен тұлға. Ел болу мұраты жолында жақсылардың ұлағатын ұлықтаудан танбаған абзал азамат.
Осы ретте, Бауыржан Момышұлы екеуін табыстырған, ажырамас-тай жақындастырған ұлт мүддесі, ұлттық идея, отаншылдық рух болғаны сөзсіз. Осындай тағылымды да ғибратты өмір жолы жас толқынға үлгі екені де әңгімеге тиек болды. Әрі қатысушылардың назарына батыр музейінің құрылымын көрсететін  бейнефильм ұсынылды.
Ал, аудандық балалар шығармашылық үйінің директоры Қазбек  Қалиев бұл конференцияның жас ұрпаққа берері мол игі шара екенін айтып, кезінде даңқты жерлесіміздің мерейтойы-на арналған «Қоңыр қаз» әнін таныстырды. Әсерлі ән әуенін Көкшетау қаласындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы музейдің іргетасын қалаушы, немере келіні Мәриям Кенжеахметқызы, сөзін белгілі ақын Төлеген Қажыбай жазған. Жансейіт Түкібаев әрлеген  әнді «Оқжетпес» дуэті  шебер орындап шықты. Мазмұнды шара жиналғандардың естелік фотосуретке түсуімен аяқталды.

 

Бұланды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар