Кетші әрі, құбыжық қуыршақ…

Түн жарым. Кішкентай Әлия тыпыршып ұйықтай алар емес.  Кенет әлдебір қорқыныш сезім билеп, ащы дауысымен шыңғырып жылап жіберді. Пәк санасын билеген алапат үрейден жан азабын тартып,  маңдайынан суық тер моншақтады.  Түні бойы перзентінің  жанынан бір елі босаған жоқ. Сәбиі ыңырсып дауыс шығарғанда қасында отырып «ботам, қоя қойшы» дегеннен басқа ештеңеге дәрмені жетпеді.

Баласының көзінен мөлтілдеп аққан әр  тамшы жас, анасының жүрегіне қанжар болып қадалуда.
«Кінәлімін» деп өзін іштей жазғырады. Бала десе барын салатын халықпыз ғой. Осыдан төрт күн бұрын  қызы қайта-қайта қуыршақ сұраған соң базарға барған. Сатушы сөредегі небір түрлі ойыншықтарды аузы-аузына жұқпай мақтай жөнеліп, арасындағы ең «жақсы» дегендерін  көрсетті. Жібек  болса қайсысын аларын білмей, ұзақ ойланды. Дегбірі қашқан сатушы «аласың ба, жоқ па» дегендей қабағын шытып, жақтырмаған кейіп танытты. Әйтеуір, жөні дұрыс дегенінің біреуін таңдап, үйдегі қызын қуантуға асыққан болатын.
Қуыршақ Әлия теледидардың алдында тапжылмай көретін мультфильмнің кейіпкері еді. Ол алғаш көрген адамға түрпідей көрінетін ойыншықты көргенде жүзі балбұл жайнап, анасының мойнына асыла кетті. Біраздан соң қуыршаққа қазақша ат қойып, өзінің балалық қиялымен ойнауға кірісті. Анасына дән риза.  Десе де, басы қуанышпен басталған іс жамандыққа ұласты. Кішкентай бүлдіршін бәзбаяғы жаймашуақ мінезінен айырылып, бұрынғы мөлдіреп тұрған көздері өзгеріп кеткен. Ойыншық сатып алудың соңы бұлай боларын кім білген?! Анасы базардың көркін қыздырған ойыншық  сәбидің психикасын бұзады деп ойлады ма? Әрине, жоқ. Мұны өнімді шығарумен айналысатын азаматтар да қаперіне алсын ба. Қалтасы ақшаға толса болғаны. Ар жағын ойлап не керегі бар дейсіз оларға. Міне, осыдан қатыгез, бұзық, психологиялық тұрғыдан ауру балалар көбейіп отыр.
Жақында облыстық психологтар тар қытайдың құбыжық ойыншықтары балалардың өз-өзіне қол жұмсауына дейін итермелейтінін анықтаған. Мамандар сауда сөрелеріндегі  ойыншықтардың 36 түрін зертханалық тексеруден өткізіп, нәтижесінде қыздарға арналған қуыршақтар талапқа сай болмай шықты. Шетелдік тауарлардың иісі, бояуы мен дыбысы бүлдіршіндердің денсаулығына аса қауіпті екені белгілі болды. Тіпті, олардың сыртқы келбеті де сын көтермейді.
Мәселен, «Монстр Хай», «Май монстер», «Веборелла» және «Магик Гел» сынды қуыршақ-тардың құбыжық түрі бала түгіл, үлкендердің де зәресін ұшыратындай. Алайда, еліміздің ойыншық индустриясын жаулап отырған елдер түрлі тәсілмен балаларымыздың санасын улауда. Бұл құбыжық қуыршақтардың барлығы мультфильм кейіпкерлері. Теледидар арқылы бүлдіршіндерімізбен жақсылап достасқан олар ойыншықты тиімді түрде кәсіпкерліктің құралына айналдырып отыр деуге болады. Ашығын айту керек, бүгінгі «заманауи ойыншықтар» бала санасын ғана емес, ағзасын да улап жатыр. Осылайша, идеология және қауіпсіздік жағынан ұтылып отырған жайымыз бар.
…Таң атып қалды. Жібек әлі көз ілмеді. Қызын қатты құшақтап жіберер емес. Әлия болса ара-тұра  дыбысын шығарып, қорқыныш сезімнен дірдек қағып жатыр. Бұл оқиға сырттан әкелінетін ойыншықтардың сапасын мұқият тексеруге түрткі болса игі болар еді-ау.  Бірақ, әзірге базар сөрелері зиянды өніммен күн сайын толыға түсуде…

Ырысгүл
КЕНЖЕБЕКҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар