Тағылымды жолдың Тайжаны еді

Қазақстандағы орман өндірісінің тұңғыш ғылым докторы Тайжан Хамитұлы Тоқмұрзин 1930 жылы Көкшетау облысының Рузаев ауданы Қарағаш
ауылында дүниеге келді.

Қарапайым ауылдың жоғары білімді, көкжиегі кең азаматы жергілікті орман шаруашылығының директоры (1954-1959 жылдар) қызметін атқарды. Еңбексүйгіштігі мен ізденгіштігі арқасында ол Алматы қаласына шақыртылып, өзі оқыған Қазақ ауыл шаруашылығы институтында орман құрылымы және таксациясы кафедрасын (1962-1994) басқарды.
Одан кейін Ұлттық агроуниверситетте ғылыми еңбекпен, студенттерге дәріс берумен айналысты. Т.Хамитұлы 1962 жылы кандидаттық, ал 1984 жылы Ленинград орман техникасы академиясында докторлық диссертациясын қорғады. Ол – Қазақ Ұлттық академиясының академигі болып сайланды.
Т.Тоқмұрзиннің ғылыми қызметі орман шаруашылығы өндірісінің кешенді теориялық, ұйымдастырушылық бағыт-тағы ауқымды мәселелерін нақты талдауға арналды. Ол жүзге жуық талдамалық монография, көптеген ғылыми кітаптар жазды. Тайжан Хамитұлының жетекшілігімен 12 кандидаттық, 1 докторлық диссертация қорғалды және Қазақстандағы орманды кешенді пайдалану, республикадағы орманды орналастыру мектебі қалыптасты. Ғалымның «Кешенді орман шаруашылығының ұйымдық негіздерін дамыту» атты монографиясы өзектілігін жоғалтпайтын құнды еңбек саналады. Тайжан Хамитұлының отыздан астам ғылыми талдамалары мен ұсыныстары бүгінгі орман шаруашылығында кеңінен қолданылуда және оқулық ретінде пайдаланылуда. Сондай-ақ, оның тікелей басшылығымен құрастырылған «Орман шаруашылығы терминдерінің орысша-қазақша түсіндірмелік сөздігі» салалық ғылымдағы баға жетпес олжа екендігі даусыз. Ғалымның ерен еңбектері кезінде республикамыздың көптеген мемлекеттік марапаттарымен атап өтілді. Міне, осынау қазақ ғылымының іргелі өкілін сұм ажал арамыздан алып кеткеніне де бір жылдың жүзі болып қалыпты. Туған елі, халқы, өзі еңбек етіп, ғылыми жұмыстармен айналысқан орман өндірісіндегі қызметтес әріптестері мен шәкірттері барында аяулы есімі мен тындырған еңбегінің ешқашан ұмытылмасы хақ. Топырағыңыз торқа, жатқан жеріңіз жайлы болсын, қадірлі аға!   

Б.ҚАЙЫРЛЫҰЛЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар