Батыр жұлдызын енді тақты

Бұған дейін әскери жаттығуда ГРД-5 гранатасын денесімен жауып қалып, асқан ерліктің үлгісін көрсеткен ұлты қазақ, ресейлік сардар Серік Сұлтанғабиев туралы газетімізде екі мәрте жазғанбыз.

  Ол хабарларымыз «Ерлікке дейін қас-қағым сәт», «Батыр атағы бұйырып тұр екен» деген тақырыптармен «Арқа ажарының» 2014 жылдың 9 қазанындағы №114 және сол жылдың  4 желтоқсанындағы №142 сандарында жарық көрген болатын.
Енді міне, осы тақырыпқа үшінші рет қалам тартуға тура келіп отыр. Өйткені, жуырда ғана Қостанай облысының Меңдіқара ауданындағы Введенка ауылында туып-өскен жерлесіміз салтанатты жағдайда Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің қолынан осы ел Батырының Алтын Жұлдызын алды.
Бұл жалғыз Серік бауырымыз үшін ғана емес, бүкіл қазақ ұлты үшін зор мерей болса керек. Иә, кешегі Батыр Бауыржандардың ерліктерімен сусындап өскен бүгінгі ұрпақтарымыз бейбіт заманда да осылай кез келген сыннан тайсалмай, өз биігінен көрініп жатса, қуанбауға еш хақымыз жоқ.
Арада біраз уақыт өткен осы ерлікке тағы бір тоқталып өтеміз десек, сөзді басынан бастаған жөн болар. Серік қарапайым отбасынан шыққан алты баланың бірі.  Кешегі кеңес заманында ата-анасы ауылда мал шаруашылығы саласында еңбек еткен. Өзі болса, мектептен кейін арман қуып, Челябі жоғары танк училищесіне оқуға түседі. Оны бітірген соң Ресей әскерінде қалып, шешен соғысының от-жалынынан өткен. Бертін Фрунзе атындағы жоғары әскери академияда оқып, Свердлов облысындағы әскери бөлімнің жетекшілігіне тағайындалады.
Сол күні қарамағындағы жауынгерлерді кезекті әскери дайындық сабағына полковник Серік Сұлтанғабиевтің өзі бастап алып шыққан. Нысана көздеу кезінде кіші сержант Алексей Телегин абдырап қалады да, қолындағы чегі ашылған гранатаны жерге түсіріп алады. Бұл – өзі мен жанындағы талайларға тура келген ажал еді.
Бірақ, лезде гранатаға жата қалып, оны өз денесімен жабу арқылы командир мұны болдырмады. Содан бері дәрігерлер күні-түні күресіп, ажал аузынан әзер алып қалған
42 жастағы қазақ жігіті басынан бірнеше  күрделі операцияларды өткізді. Жылдан астам уақыт госпитальда емделіп, былтырғы жылдың 11 қарашасында берілген «Ресей Батыры» атағын алудың сәті де енді ғана түсті.
Оны Кремльде ержүрек командирге Владимир Путиннің өзі тапсырып, қиын сәтте бар соққыны бір өзіне алудан асқан батылдық жоқ екендігін ерекше атап өтті.
Сөйтіп, халқымыздың батырлар шежіресінде ата-баба өсиетіне адал тағы бір перзентіміздің жұлдызы шамшырақтай  жарқырай түсті.   

 

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар