Сөйлей білу де – өнер

Сөйлеу кезінде тілді шебер пайдалана білу маңызды. Сөз тілдің қолданыстағы көрінісі болса, тіл мәдениеті тілдің жеке элементтерін дұрыс пайдалану туралы білім саласы болып табылады.

Сөйлеу коммуникативтік қызмет атқарумен қатар, адамның ішкі өмірінің рухани байлығын жарыққа шығарып, жан сарайын танытады. Сөз адамның ой-өрісін, мәдени дәрежесін, ақыл-парасатын көрсетеді. ХІ ғасырда өмір сүрген шығыстың  дана тұлғаларының бірі Кей-Кабус: «Барлық өнерден сөз өнері жақсы екенін білген жөн. Адамзаттың ең абзал қасиетінің бірі – сөйлей білу. Бұл жағдайды жете түсін де, жақсы сөйлей білуге үйрен. Сыпайы, анық сөйлеуді әдет қылғайсың, өйткені, қандай сөзді айтуды әдеттенсең, тіл соны айтады. Сөзді өз орнымен сөйле. Орынсыз айтылған сөз жақсы болса да жаман көрінеді. Орынсыз айтылған артық сөз опық жегізеді» деген екен.
Осы орайда, менің айтайын дегенім, сөзді өз орнымен қолдану – білімділіктің белгісі. Бүгінде жеке тұлғаға білім мен тәрбие беру өзекті мәселенің бірі болып отыр. Оқыту мен тәрбиелеу нәтижелі болу үшін  оқушының сөйлеу қабілетінің дамуына тікелей әсер ететін тіл мәдениетіне баса назар аудару қажет деп есептеймін. Өкінішке орай, оқушылардың көбінде тіліміздегі сөз маржандарын орынды пайдаланып сөйлеу дағдысы қалыптаспаған. Бұған бүгінгі таңда электронды техниканың дамуы, ақпараттық жүйе өз әсерін тигізуде. Адам ойы әр уақытта тіл арқылы жарыққа шығады. Ал, қазіргі таңда жастар түрлі әлеуметтік желілерде хат алмасқанды,  көркем әдебиетті оқығаннан гөрі,  ғаламторда отырғанды құп көреді. Сол себепті, олардың сөйлеу мәнері дұрыс жетілмейді.
Бұл өз кезегінде ұстаздар қауымына зор міндет жүктейді. Келешек ұрпақ сауатты, тілі, ой-санасы бай болып өссін десек, оларды ана тілінің мөлдірімен сусындатып тәрбиелеуіміз қажет. Тілі жатық, ойын ашық айта алатын жас кез-келген қызметке орнығып, өмірден өз орнын таба алады.  
Ардақ ҚҰНАНБАЕВА,
Степногорск қаласындағы
№2 индустриалдық-техникалық
колледжінің оқытушысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар