Отанымыз ортақ

Бейбітшілікті – әке болу, ана болу бақыты, бала-шағаның денсаулығы деп түсіну керек. Отбасы шағын мемлекет деп жатамыз. Елдің берік болуы алдымен сол мемлекеттің іргесін құрап отырған отбасылардың беріктігіне байланысы болса керек.

Отанға деген сүйіспеншілік отбасы ошағы махаббатынан басталады. Туған шаңырақ астында алған тәрбие – бұл біздің барша халқымыздың дені сау және жемісті болашағының кепілі. Біздің қоғамда отбасы әртүрлі ұрпақтарды байланыстырушы буын ретінде қалыптасып, рухани және мәдени салт-дәстүрлерді сақтауға өз үлесін қосып келеді. Ұлан байтақ Қазақстан жерінде бүгінде бірнеше ұлттар мен ұлыстар мекендейді. Бұл дегеніміз, еліміз діні мен тілі әртүрлі болса да, мақсат-міндеті бір, тілегі бір мыңдаған отбасының Отанына айналды.  
Отбасы мерекесі күні қарсаңында облыс орталығында өткен мерекелік іс шарада армян ұлтының өкілдері Грачик Ишханян мен Нария Цирциянның отбасы Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының Алғыс хатымен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды. Олар 2004 жылы Қазақстанға Армениядан көшіп келген екен.
Отағасы Грачик – бесаспап маман. Осында қоныс аударғаннан кейін бірден туысқандарының дәмханасына аспазшы болып жұмысқа орналасқан. Ал, жұбайы Нария және екі баласы Армениядан Қазақстанға бір жылдан соң көшіп келген.
Бүгінде Грачик өз наубайханасын ашып, кондитерлік өнімдер жасаумен айналысса, отанасы қаламыздағы белгілі армян мейрамханасында  бас аспазшы болып жұмыс істейді. Ұлы Айк университетте, қыздары Мариям мектепте оқиды. Бұл отбасы – облыс орталығындағы армян диаспорасының белсенді мүшелері, ұйымдастырылатын барлық іс-шараларға ұлттық тағам жасап, ұлттық киімдерін киіп, қоғамдық істерге де белсене араласып отырады. Сонымен қатар, Достық үйінде жүргізілетін армян тілі сабақтарына қатысады.
Аталмыш мерекеде Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының Алғыс хаты мен бағалы сыйлықтарына ие болған тағы бір өзге ұлт өкілдерінің бірі – Тәжібай Ташаев пен оның жұбайы Жәмила. Тәжібай Қазақстан жерінде туып-өскен өзбек азаматы. Ал, жұбайы Өзбекстаннан қоныс аударған. Олар бүгінде бес бала тәрбиелеп өсірген бақытты ата-ана. Өздерінің жеке кәсіптері де бар. Бізбен әңгімесінде өзбек диаспорасының белсенді мүшелері елімізге береке-бірлік, молшылық және бақытты қазақстандық отбасылардың көп болуын тіледі.

Динара ЖӘМШИТОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар