Жастардың сыйлығы тапсырылды

Жастардың жыл сайын берілетін «Zhas_Akmola 2015» сыйлығын тапсыру салтанатына қатысып, сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов өңірімізде бастамашыл, отансүйгіш, зияткерлік және шығармашылық әлеуеті мол жас ұрпақтың өсіп келе жатқанын ерекше атап өтті. 

Бұл шараны облыстық жастар мәселелері жөніндегі басқарма ұйымдастырып, өткізді. Басқарма ұжымының облыстық жастар сыйлығын тапсыру рәсімін өзіндік бір тартымды мерекеге айналдыра білгені жарасымды да көңілді ахуалдан айқын көрініп тұрды. Кеш қонақтары – мемлекеттік мекемелердің басшылары, оқу орындарының, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, жастардың өздері осы сыйлықтың иегерлерінің, жекелеген орындаушылар мен өнер ұжымдарының жетістіктері мен шеберліктеріне қапысыз куә болды.
Марапаттау рәсімінің алдында жиналғандарды алда келе жатқан Жаңа жыл мейрамымен құттықтаған Нұрлан Нұркенов өз сөзінде қазіргі жастардың тәуелсіз қазақ  елінде туған ұрпақ екеніне, сондықтан да оларға мемлекетіміздің одан әрі дамып, бұдан да зор табыстарға жетуі жолында мол үміт артылатынына баса екпін берді.  Бір топ жастар, атап айтқанда жас әншілер Қайырлы Әшім, Әлихан Қайырбек, Ақмола КВН лигасының өкілі Андрей Буров, Ж.Мусин атындағы қазақ педагогикалық колледжі жастар комитетінің жетекшісі Арман Қалменбет, спортшы Диана Мұратбекова, тағы басқалары облыс әкімі орынбасарының Алғыс хатымен марапатталды.
Бұдан кейін  облыстық жастар сыйлығын тапсыру рәсімі басталып, «Ерлік, батырлық» аталымы бойынша бұл сыйлыққа биыл төрт  бала мен олардың анасын өрттен құтқарып алған полиция қызметкері, «Ерлігі үшін» медалінің иегері Данияр Аманжол ие болды. Оған, сондай-ақ, осы сыйлықтың басқа иегерлеріне де ноутбук пен арнайы диплом тапсырылды. «Жыл табысы» аталымында Сұлтанбек Бекішев жетекшілік ететін «Думан» педагогикалық отряды, «Жыл үздігі» аталымында  «Ақмола облысының жастар ұйымы» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әсет Байжолов және республикалық КВН-қозғалысы «Көкшетау КВН» филиалының атқарушы директоры Жалғас Жәмаш,  «Жылдың үздік жастар ұйымы» аталымы бойынша Көкшетау студенттер альянсы, «Жыл волонтеры» аталымы бойынша Ж.Мусин атындағы қазақ педагогикалық колледжінің студенті Арман Ермахан топ жарды.  Ал, «Жыл жұмысшысы» атағы тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы елдер арасында энергетика саласы бойынша өткен ХІІ халықаралық кәсіби шеберлік сайысында күміс жүлдеге қол жеткізген  Берік Қалымовтың еншісіне бұйырды.
Жуырда ғана Ирландияның
Дублин қаласында өткен кір көтеруден жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатынан жерлесіміз Меруерт Сүлейменова  жеңімпаз болып оралған еді.  Сондықтан, оның осы салтанатта «Жылдың үздік спортшысы» атануын жиналғандар  заңдылық деп қабылдады. Сонымен бірге, «Үздік өнер ұжымы» аталымы бойынша Мәдина Досмағамбетова жетекшілік ететін «16 қыз» би ансамблінің де топ жарғанына мерейіміз өсе түскенін айта кету  керек. «Жылдың жас таланттары» атағына ие болған «Реверанс» спорттық би клубының тәрбиеленушілері Дмитрий Шувалов пен Мәдина Аманжолованың өскелең өнеріне қатысушылар осы жолы тағы көз жеткізіп, сүйсіне қол соқты. Әрине, жастар ресурстық орталықтары арасында  Аршалы аудандық орталығының жеңімпаз атанғаны да зор жетістік.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар