Ерейменнің ерке желі елге қызмет етеді

Дағдарысты кезеңдерде тәуелсіздігін жариялаған бүгінгі табысты Қазақстан кедергілер арқылы кемелдікке жететінін талай мәрте дәлелдеген. Оған мың-сан мысал келтіруге болады.

Сол мысалдардың ішінде жүретін журналист қауымы ел ішінің үлкен өзгерістер құшағында екендігін, тіршіліктің мәні, ырыс қадамының ырғағы бөлектігін алдымен байқап, қуанышпен қалам тартатыны сондықтан. Мемлекет басшысы айтқандай, отандастарымыз уақыт талабына бейімделе алатын жоспар құруға машықтанған. Өйткені, тәуелсіз елдің тұрғындары болашақтың экономикасын тиімді ғылыми-инновациялық жүйе құру арқылы ғана жасауға болатынын біледі. Бұл сенім аймақтарда желпініс тудырғаны ғанибет. Мәселен, мемлекет қолдауына сүйенген Ерейментау ауданы ауыл экономикасын әртараптандырудың бұрын болмаған ғажап үлгісін танытып отыр. Мұнда көп ұзамай өндірістік сипаттағы жел электр стансасы пайдалануға берілмекші.
Бұл жолы да бастамашы Елбасының өзі болды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2013 жылдың маусымында еліміздің «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдамасын бекітті. Аталған құжат мұнай, газ, көмір сияқты дәстүрлі байлықтарымызды тиімді пайдалануды, ең бастысы, шексіз мүмкіндіктегі жел және су ресурстарының қуатын игілікке жаратуды көздейді. Осы бағыттағы жобалардың бірі – «Самал жел» паркі деген атаумен Ерейментау ауданында іске асырылуда.
Ерен жобаның мәні мен мазмұнына келер болсақ, аудан әкімі Ермек Нұғыманов төмендегідей пайым айтты: «Ел тәуелсіздігі еркін дамуға жол ашумен қатар, қолда барды ұқсата білуді, ертеңгі есіктеріміздің алаңсыз ашылуын да қамдайды. «Қолда бар» дегеніміз – баламалы қуат көздері. Қазақстан тынысының тереңдігімен, Көшбасшысының көрегендігімен, болашағының кемелдігімен әлем назарына ілініп отыр. Қазақтың қайтпас мақсаты – отыздықтан орын алу. Бұл орайда, жаһандық экономикалық сынақтарды былай қойғанда, ЭКСПО-2017 емтихандары да баршамызды толғандыратыны белгілі. Өйткені, әлем назарындағы аламан шараның ұраны баламалы қуат көздеріне аударылып отыр. Еліміз бұған дайын екендігін көрсету үстінде. Ал «жасыл технологияларға» негізделген жаңа энергетиканы белсенді дамытуға кіріскеніміз ішкі-сыртқы ресурстардың толымдылығын кепілдендіреді».
Иә, шын мәнінде, бұл жоба Елбасы Н.Назарбаевтың дәуір додасында әлем назарын аударып отырған Жолдауында қойылған міндеттерді жүзеге асырудың жолашары болып отыр. «Мәңгілік Елдің» басты ұстанымы – «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» да осыдан екпін алатыны белгілі. Ендеше, «Бірінші жел электр стансасының» материалдық қана емес, көп векторлы қанаттандырушы маңызы да орасан. Оның үстіне, Ерейментаудағы айрықша жоба баламалы және жаңғырмалы қуат көздері арқылы елімізде пайдаланылатын қуат жиынтығының жартысын қамтамасыз етуге бағытталған. Мақсат – жылу-энергетикалық ресурстардың жалпы шығынын төмендету, экологиялық ортадағы ықтимал әсер деңгейін мейлінше азайту арқылы үдемелі әрі тиімді қуат құрылымдарын қамтамасыз ету. Сондай-ақ, аталған жоба Ақмола облысындағы электр қуатына сұраныс пен оған деген тапшылықты елеулі түрде төмендетуге мүмкіндік береді.
Сонда ел назарындағы нысанның техникалық сипаттамасы қандай болмақ? Бұл сұраққа «Бірінші жел электр стансасы» серіктестігінің жоба менеджері Әлижан Құрмановтан төмендегідей жа-
уап алдық: «ЖЭС аумағы 60 гектарды алып жатыр. Мұнда Германияның «Fuhrlander Wind Technology» фирмасының әрқайсысы 2,05 МВт қуаттағы 22 турбинасы орнатылды, – дейді маман. – Құрылыс алаңына мұнаралар мен қалақшалардың 12 топтамасы жеткізіліп, 19 жел қондырғысы тұрғызылды. Барлық 22 технологиялық алаң жұмысқа толық дайындалған. Қосымша жабдықтары қарастырылған 63000 кВА қуат трансформаторы орнатылды. Осымен бір мезетте құрылыс алаңына Ерейментау подстансасынан 4 шақырымдық 10 кВт, «KEGOC» жүйесінен негізгі подстансаға дейінгі 220 кВт қуаттағы 8 шақырымдық желі тартылып, 20 шақырымдық жол салынды. Құрылыс жұмыстарына 162 адам қатысса, нысан іске қосылғанда ондағы технологиялық үдерістерді 9 маман атқаратын болады. Мемлекеттік үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы аясындағы жобаның жалпы құны 18 миллиард теңгеден асады. Жел электр стансасына жұмсалған шығын 8 жылда өзін ақтайды деп күтілуде. Серіктестік алғашқы мезеттегі 45 МВт қуатты келешекте 300 МВт-ға жеткізуге сенімді».
Елді елең еткізерлік, өңірді елге танытарлық нысан көңілді көкке өрлетерлік әсер қалдырады. Ерейментау қаласының оңтүстік-батыс өңірінде, таулы-қыратты ашық алаңда зәулім қалақшалар зыр-зыр айналуда. Қазірше бұлар тәжірибе түрінде қосылған, қуат өндіретін дайындықтағы айналу. Тарихы терең Ереймен елі мұндайды көрмеген. Әлгі қалақшалар ғасырлар тынысына жаңа екпіндегі әсем әуез қосқандай қосыла тербелесіз. Қазақстанның ғажайып болашағына құшақ жайған тебіреніспен еніп бара жатқандай күй кешесіз…
Қызыққанымыз ба екен, желдей ескен көңілмен аудан әкіміне мынадай сұрақ қойыппыз.
– Қазақстандағы жел энергиясының әлеуетін молайтуда Ерейментауға таңдау түсуі қалай?
– Бұл тыңғылықты зерттеулерге негізделген мәселе, – дейді Ермек Бекенұлы. – Арқа төсінде айрықша артықшылыққа иеленіп отырмыз деу жараспас. Осы орайда, Асан қайғы атамыздың аңыз ретінде айтылатын мына сөздеріне құлақ түрген артық емес сияқты. Жақсылық жібі үзілмеген, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен бір әңгіменің түпкі төркіні бүгінгі заман жаңалығымен толық үйлесім тапқандай. Асан Қайғы бабамыз кезінде желмаясымен жолға шығып, жерұйық іздеп, Ерейменнің төңірегінен өткен сәтінде «Жарықтық, бұл өңірдің жеті есігі бар екен-ау. Жыл он екі ай айналасынан жел уілдесе де халыққа жайлы қоныс, малға ыңғайлы өріс боларлық құтты өңір екен. Баурайында жайлаған мал оңалар, шүкір, елдің тұрмысы да көш ілгері болар», деп сипаттаған деседі. Үкімет басшылары мен ғалымдарымыз, өндірістің жаңашыл ұйымдастырушылары осы байламға тоқтам жасағанына ризамыз.
Біз үшін басты қуаныш – «Болашақтың энергиясы» ұранын көтерген ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі Ерейментау ЖЭС өндіретін электр қуатын пайдаланатындығы. Бұл ел үшін үлкен жауапкершілік жүктейтін әрі естен кетпес мерейлі оқиға болмақшы. «Мәңгілік Ел» ұстындарын нықтап жатқан Қазақстан міндет үдесінен абыроймен шығатыны анық.

 

Бақберген АМАЛБЕК,
журналист

Ерейментау ауданы.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *