Мәселелер шешіліп келеді

Жыл соңында өткен жылдың қорытындысын таразы басына тартып, елеулі істерді екшеп, болашаққа бағдар жасау әлмисақтан қалыптасқан қағидат. Экономиканың өрлеуі, шағын кәсіпкерліктің қанат жаюы еліміздің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жаңа белестерге шығаратын баспалдақ. Өткен жылда бұл саланың тыныс-тіршілігі қалай болды, жақсы бас-тамалары бар ма? Міне, осы мазмұндас сауалдарды газет тілшісі Ақмола облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Уәлихан Ғабдуллинге қойған болатын.

  –Уәлихан Мүтәшұлы, өткен жылдың өзіндік өрнегі жайында не айтар едіңіз? Жалпы, жылды қандай табыстармен түйіндеп отырсыздар?
–Таяуда біз өзіміздің жыл соңындағы есептік кездесуімізді өткіздік. Кездесу барысында өткен жыл ішінде атқарылған шаруалардың ең бастылары мен маңыздылары тілге тиек етілді. Пікір алмасудың жаңа форматын аймақтың өкілдері жақсы қабылдады. Облыстың шартарабынан үш жүзден астам делегаттар жиналды. Олардың арасында кәсіпкерлер, жергілікті атқарушы органдардың, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері болды. Алдымен, біздің ұйымның қаншалықты қажеттілігі бар екендігі туралы өз дәйектемемді айта кеткенім дұрыс болар. Өткен жыл ішінде бізге 600-ден астам адам өтініш-тілектерін айтып, өздері шеше алмаған кейбір мәселелерін көлденең тартқан екен. Олардың ішінде 400-і өз бизнестерін қорғау туралы мәселе көтеріпті. Бұл арадағы түйінді тұс: жергілікті атқарушы органдардың заң талабына сай емес іс-қимылы, жерге байланысты арыз-шағымдар, сондай-ақ, субсидия және несие алу мәселелері. Шындығын айтқанда, кәсіпкерлердің қолына бұғау болатын жайлар аз емес. Айналып келгенде бұлардың барлығы кәсіпкерлікке кең өріс ашуға кәдімгідей кедергі болып отыр. Бізге өтініш айтқан адамдардың үштен бірінің мәселесі шешілді. Меніңше, жаман көрсеткіш емес. Кәсіпкерлердің үнемдеген қаражат көлемі 128 миллион теңгеге дейін жетті.
Ендігі бір басымдық беріліп отырған бағыт бизнесті сервистік қалыптастыру. Қазіргі таңда жігерлі жастардың көпшілігі белгілі бір кәсіппен айналысып, табыс тапқысы келеді. Өте құптарлық жағдай. Бірақ, істі неден бастарын, қалай бастарын біле бермейді. Осыған орай, біз мыңнан астам өз ісін жаңа бастап жатқан кәсіпкерлер мен кәсіпкерлікке ынтасы бар адамдарды «Бизнес кеңесшісі» бағдарламасы бойынша оқыттық. Қаржылық есеп беру, бизнес жоспар жасау тәрізді өте маңызды баспалдақтарды игергеннен кейін ынталы адамдардың басым көпшілігі өз істерін бастап кетті. Бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында біз облыстың барлық аудандарында кәсіпкерлерге сервистік көмек көрсету туралы шешім қабылдадық. Бүгінгі күні межеленген жоспар артығымен орындалды. 1300-ден астам кәсіпкер бухгалтерлік, заңдылықты сақтау, мемлекеттік сатып алу тәрізді сегіз бағыт бойынша тегін оқытылып шығарылды. Оның үстіне өткен жылы біз кәсіпкерлерге қолдау орталығын аштық. Қазіргі күні облыста 19 бөлімше бар. Аймақтық даму картасын игеру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Әрбір өңірдегі кәсіпкерлермен жүздесіп, олардың жобаларын талқылап, бағыт-бағдар беру ісі оң жолға қойылып отыр.
– Өткен жылдың ерекшелігі туралы не айтар едіңіз?
– Өткен жылға өкпе жоқ. Біз үшін өте табысты жыл болды. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының жанды көмегінің арқасында жаңа бизнес орталығына қоныс тептік. Сөз арасында айта кетсек те ешбір артықтығы болмас. Бизнес орталығы инженерлік технологияның ең озық үлгісі бойынша салынған, барлық талапқа толық жауап беретін жайлы да көрікті, сымбаты көзтартарлық кеңсеге айналды. Енді біздің толыққанды жұмыс істеуге барлық жағдайымыз бар. Өткен жылдың тамыз айынан бастап әрбір апта сайын кәсіпкерліктің саналуан саласы бойынша кездесулер өткізілуде. Ол кездесулерге жалғыз кәсіпкерлер ғана емес, күрделі мәселені шешуге қатысы бар мемлекеттік орган өкілдері де қатысады. Ал, күрделі мәселелер аз емес. Атап айтатын болсақ, жанар-жағар май, жүк тасымалдау, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің субсидия алуы тәрізді күрделі сұрақтар талқыланды. Кәсіпкерлердің арасында мүгедек адамдардың да бар екендігі белгілі. Олардың да әлі күнге дейін шешімін таппай жатқан мәселелері аз емес. Көкшетау қаласындағы «Шанс» деп аталатын мүгедектерді сауықтыру орталығымен бірлесе отырып, жалпыға ортақ жайлар, ортақ мәселелерді шешу жолдары қарастырылды. Орталықтың басшысы Василий Шиманский кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінің мүшесі. Аймақтық кеңестің мүшесі Асен Жақсылықовтың бастамасы бойынша әрбір ай сайын ашық есік күні өткізіледі.
–Алдағы жылы атқарылуға тиісті жос-парлар жайында не айтар едіңіз?
–Алдағы жылы ұлттық кәсіпкерлік палатасы басымдық берілген бағыттар бойынша жұмыс істейтін болады. Оның ішінде ең маңыздылары бойынша атқарылатын қауырт істер күтіп тұр. Жергілікті сауда сөрелеріне түсетін ауыл шаруашылығы өнімдеріне сараптама жүргізу арқылы тұтынушылар талғамын зерттеу де маңызды. Сондай-ақ, мемлекет пен жеке кәсіпкерліктің арасындағы әріптестік байланысты одан әрі дамыту мақсаты тұр. Бұдан өзге де ауқымды іс аз емес. Елбасы белгілеп берген «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» Жолдауына байланысты ел дамуының өзекті мәселелері біздің бағытымыздың темірқазығы.
Сөз соңында замандастарымызды жаңа жыл мерекесімен құттықтай отырып, әркімнің ісіне береке, сарқылмас күш-қуат, отбасына амандық пен бақыт тілеймін. Әрбір күнгі еңбегіміз еліміздің қазынасын молайтуға бағытталса екен.
Сұхбатты жүргізген Б.ҚАЙЫРЛИН. 

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *