Өткеннің өшпес ізі

Негізін халқымыздың аяулы перзенті Сәкен Сейфуллин қалаған «Арқа ажарының» бір ғасырлық тойына да небары бір жарым жыл уақыт қалды. Сондықтан, бүгіннен бастап  газетімізде басылымымыз туралы естеліктер жариялай бастағанды жөн көрдік.

Ақмола облысы жұртшылығына етене таныс «Арқа ажары»  газетінің шежірелі тарихын білу үшін мұрағаттарды сүзіп шығу – бірінші кезектегі міндет деп ойлаймын. Себебі, сол кезеңнің осы саладағы тірі куәгерлері қазіргі кезде шамалы қалды. Менің қолыма Ерейментау ауданында ұзақ жылдар «Еңбек туы» – «Знамя труда», соңынан «Прогресс» атты қос тілді газеттердің редакторы болған марқұм
Дуанбай Әлімжановтың жеке мұрағатында сақталып келген өлкелік «Тың өлкесі» (1965 жыл, №104) және облыстық «Коммунизм нұры» (1966 жыл, №222) газеттерінің сандары тиді. Сол тұста өлкелік газеттің редакторы С.Хайдаров, атауы жаңарған облыстық әрі қалалық ақпарат құралының басшысы Ә.Ипмағамбетов болыпты.
Байыппен шолған кісі «Тың өлкесі-нің» сол тұстағы ауқымын бірден аңғаратыны сөзсіз. Мақала авторларының географиялық мекен-жайлары өте кең құлашты. Өлкенің маңдайалды  газетінде  Көкшетау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Целиноград облыстарының түкпір-түкпірлерінен дала еңбеккерлері туралы көптеген материалдар басылыпты.
Ал, хабарландыру бөлімінде орыс тілінде жарық көретін өлкелік «Целинный край» газетінде сол күні басылып шыққан материалдар тізімі жарияланған. Оған қоса, Целиноград қаласының Тың игерушілер сарайында Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгенімізге 20 жыл толуына байланысты мәдени-патриоттық шара өтетіні жөнінде  қысқа құлақтандыру беріліпті.
Майдангер жазушы Әскен Нәбиевтің «Жыр мен мақала» атты көлемді еңбегі Есіл-Нұра бойының тумасы, қазақтың Сәкен Сейфуллин дәріптеген асыл қызы Шолпан Иманбаеваға арналған екен.
Баспасөз тарихы туралы толғана ой қорытқан Әскен аға 1923 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланған аяулы Шолпан апамыздың «Жолаушы мен жұмыскер» деген тырнақалды өлеңіне тамаша талдау жасай келе, «…ақындыққа, сонымен бірге, журналистікке жол ашар болған сияқты» деп салиқалы пікірін білдіреді. Соңынан іле Шолпанды көрген Қараөткелдің тағы бір көзі ашық қызы Нағима Арықованың 1950 жылы жазған естелігінен үзінді берген:
«…Шолпан өте зейінді, табанды болды. Курстағы комсомол ұйымын басқарды, комсомол қатарына бірнеше әйелдерді тартты. Қабырға газетінің редакторы болды.
Советтік баспасөз күні өзінің жақсы өлең-жырларымен, жалынды мақалаларымен танылған Шолпанды еске алу, әрине, дұрыс. Қазір баспасөзге әйел қауымы жиі араласуда. Алысқа бармай-ақ мұны өз өлкеміздің мысалынан да көруге болады. Шолпанның жолын қуған талай журналист, ақын әйелдер бар. Олар қазіргі заманның бақыты, көкейтесті мәселелері жөнінде өлеңдер, әңгіме, очерктер, мақалалар жазып жүр. Целиноград облысындағы Бестөбе руднигінен жазатын авторымыз Рысты Шотбаева, Көкшетау облысынан әңгіме жазатын Күләш Сақиева, павлодарлық ақын Қорлан Байжұманова, Рақия Әлібекова осындай адамдар. Олардың қадамының құтты болып, қаламдарының ұштала беруіне тілектестік білдіреміз. Осы тілекті Шолпан апаларының тілімен білдірсек:
Үлгілі сөз,
Бола ма кез,
Оқып, біліп жазбаса.
Алтын мен жез,
Алынбас тез,
Еңбектеніп қазбаса.
Тілінен шығар,
Басқалар ұғар,
Көңілдің шерін қозғаса.
«Достық әзіл» айдарында 5 мамыр – Баспасөз күніне орайластырып «Тың өлкесі» газетінің суретшісі Ньютон Ғалиасқаров бірер әріптестерінің әзілдік сипаттағы суреттерін ұсынса, қаламгерлердің бірі, ақын Нұрғожа Оразов әзіл өлеңдерін арнапты. Сөйтіп, көп жылдар бойы осы газетпен тығыз байланыста болған азаматтар Имақ Тоқпанов, Мәди Хасенов, Амантай Кәкенов пен Әмірхан Абдулинге қатысты қысқа да нұсқа жыр жолдары ойнақы әрі тартымды беріліпті.
Газет 1965 жылдың 1 мамыры күні Павлодар облысының Лебяжі ауданында тұңғыш рет қазақ тілінде жарық көрген «Ленин жолы» газетінің ұжымын құттықтап, Қазақстан бойынша шығып жатқан газет-журналдар туралы мынадай тың деректер берген. «… Қазақ жерінде 1913 жылы небары 11 газет қана болса, қазір олардың саны 240-қа жетті. Ал, журнал саны – 33».
Целиноград облыстық «Коммунизм нұры» газетінің 1966 жылғы 6 қарашадағы санынан заман ағымына сай шекарасы жиі өзгерген өңірдің жаңа тұрмыс-тіршілігін бірден сезесіз. Тың өлкесі құрамында болған облыстар мен аудандардың ізі енді мұнда байқалмайды. Есесіне Жақсы, Қорғалжын, Целиноград, Ерейментау, Атбасар, тағы бірсыпыра аудандардың атауы  жүр. Кеңестік дәуірдегі жоғары пафосты атаулар қызыл бояумен тайға таңба басқандай айшықты беріліпті. Мысалы: «Ұлы Октябрь туы астында», «Қырық тоғызыншы Октябрьдің нышандары», «Ленин әрқашан да бізбен бірге», тағы сол сияқты. Міне, тарихтың соқтықпалы-соқпақты жолдарынан сүрінбей келе жатқан Ақмола өңірінің маңдайалды басылымының өткен кезеңдердегі біз байқаған бет-бейнесі  осындай болды.
Халқымыздың ұлы перзенті Сәкен Сейфуллиннің бастамасымен жарық көрген бұл газет осы жылдарда өзінің қадір-қасиетін арттырмаса, төмендеткен емес. Осы байырғы басылымға жетекшілік еткен аяулы ағалар Әнуар Ипмағамбетов, Октябрь Әлібеков пен Жомарт Әбдіхалықовты көзі тірісінде талай кездестіріп, ой-пікірлерін тыңдап едік.
Одан әрі кезек Көкшетауға келіп, Ақмола облысының орталығына айналғанда,  осы өмір сабақтастығын талантты жазушы, әрі іскер ұйымдастырушы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Жабал Ерғалиев, соңынан белгілі қаламгер Қайырбай Төреғожа үлкен кәсіптік шеберлікпен жалғастырып әкетті.
Біздің Көкше өңіріне, осы елдің атақты перзенттеріне деген сүйіспеншілігіміз әрдайым шексіз. Біржан сал, Үкілі Ыбырай,  Ақан сері бабаларымызды дүниеге әкелген киелі жер ғой бұл.
«Арқа ажары» газетінің 100 жылдық мерейтойына тағы бір табан жақындата түсетін жаңа 2016 жыл шаттыққа толы болсын, ел игілігі жолындағы еңбектеріңіз әрдайым өз жемісін бере берсін дегім келеді қадірлі әріптестер және осы басылымның тұрақты оқырмандары!

Жанат ТҮГЕЛБАЕВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар