Бата бере білеміз бе?..

Омыртқада отыр едік. Дағдарыс, одан туындаған қымбатшылық қанша жерден жан алқымнан алып тұр дегенмен, түгел болмаса да, жұрт ішінара омыртқаға шақырып тұрады. Қарымтасынан қалған жеріміз жоқ. Осы бір әдемі дәстүр адамдарды бір-біріне жақындастыра түседі. Көңілі жақындардың бір-біріне үйіңнен әлі омыртқа мүжіген жоқпын деп наз айтуы өкпе емес, емеуірін.
Дәм үстінде күнделікті тіршілікке қатысты әңгіме, әзіл-қалжың айтылған. Жаңа жылдың қарсаңы болғандықтан, әрі біраздан бері қалыптасып қалған әдет ішімдік те ішілді. Шаңырақ иесі сексеннен асып кеткен ақсақал да Алланың кешпейтін күнәсі жоқ деп бірер мәрте алып қойған. Дастархан басындағы ұлтқа ұлағат айтатын үлкендер де тегіс белі үзіліп кете жаздап тұрған оймақтай рюмкені қайта-қайта сыңғырлата соғыстырған. Ендігісі дәм қайыру, бата беру. Осы жерге келгенде манадан сүттей ұйып отырған шырқымыз бұзыла жаздады. Бата беру реті жасы үлкен, жолы үлкен құданікі еді. Бірақ, күні бойы адал дәмнен татқанымен, рюмке ұстауға зауқы соқпаған қарасақалдың бірі батаны мен беремін деген. Сендердің ауыздарың манадан былғанды, бата берер реттерің жоқ деген ол.
– Пайғамбарымыз «кім арақ ішсе, ол адамның қырық күн намазы, дұғасы қабыл емес және тәубесіне келмей сол қырық күннің ішінде өліп кетсе, ол адамның барар жері тозақ» деген хадисі бар, – деп үстемеледі одан әрі, – сондықтан, жастарың үлкен болғанмен, батаны таза отырған менің бергенім дұрыс.
Айтуы жөн. Әйткенмен, қазіргі күні ішіп алған адам, тіпті ішпеген кісі де сөзге тоқтаушы ма еді. Ақыры шалабурыл болып отырған шал берді батаны. Шынымен біз қазір осы бата берудің жөнін білеміз бе? Ілкі заманда Алаш баласы үшін батаның орны бөлек болатын. Бізге дейінгілер бата беру, бата алу деген қасиетті ұғымдарды қастерлей білген, айрықша құрметпен қараған. «Жауынмен жер көгерер, батамен ел көгерер» деп бекер айтпаған ғой. Қазіргі күні ел арасында бата бере білетін ақсақалдар азайды. Тойы көп қазақтың батасы да аз емес. Бірақ, бата тек тойда ғана берілмейді ғой. Жақсы ісіне, әдемі қарекетіне орай бұрынғы абыздар ізгі тілегіне орап, бата береді дейтін. Ал, қазіргілер денсаулық тілейміз деген тілекпен қысқа ғана қайырады. Негізінде, батаның түрлері көп. Оның үстіне үй иелері де батаны сыйлы, қадірлі азаматтың бергенін қалайды. Тіпті, бір тойда жаттағанынан жаңылған оқушы құсап кібіртіктеп келіп, соңын «сол үшін алып қояйық»  дегенді де естігенбіз. Тағы бір тойда қаусап отырған кемпірге бата бергізген. Негізі, еркек кіндік отырған жерде қанша жасы үлкен болса да, әйел адам бата бермейді ғой. Бұл да бір ойланатын жай.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар