Қызылту кеніші өндіріске өріс береді

 Елбасы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім,  реформалар, даму» атты  Қазақстан халқына арнаған жаңа Жолдауында дағдарысқа қарсы шараларды қолдану аясында экономиканы инновациялық индустрияландыру қолға алынатынын, жаңа салалар экономикалық өсім тетігіне айналып, жалпы 800-ден астам индустриялық жоба жүзеге асырылғанын атап өтті.

 

Қазақстан экономикасының қарыштап дамуында тау-кен қазба өндірісі елеулі орын алады. Пайдалы қазбаларды өңдеп-ұқсату жобасын іске асырған олардың көбі Қазақстанның Индустрияландыру картасына кірді. Бұл кәсіпорындар бәсекеге қабілетті өнім бере отырып, жұмыс бабындағы кен ұқсататын желінің толық іске қосылуына, өңірдің қалыпты дамуына септеседі, бюджетті толықтырады, жаңа жұмыс орны ашылады.  
Күн майтоңғысыз жылы. Жұқалтаң мұз көмкерген өзен сегіз үй қоныстанған «Қызылту» серіктестігі кенішіне жетуге кедергі. Бұл жолы көмір мен уақ тас қазып шығарып жүрген өндіріс орнымен қатар тау-кен кәсіпорнының тіршілігімен таныспақпыз.
Ерейментау ауданының аумағындағы Бестоғай ауылдық округіндегі Қызылту ауылының жанында 320 гектар алаңды алып жатқан кәсіпорын орналасқан. «Қызылту» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2006 жылы  құрылған. Құрылтайшылары – «Каз-атомпром «Ұлттық Атом Компаниясы» акционерлік қоғамы және «Степногорск тау-химия комбинаты» серіктестігі. Жобаға білікті басшы, адаммен тіл табысуға қабілетті Геннадий Ан жетекшілік етуде. Ол қарапайым жұмысшыдан бас директор қызметіне дейінгі сатыдан өтті. Өз жұмысын бес саусақтай біледі. Біз одан осы кен орнының бүгінгі жағдайымен танысуға рұқсат беруін сұрадық.
Кеніштің шетінде тау-кен өндірісінің басшысы, тәжірибелі маман, кеншілер әулетінің ұрпағы  Амангелді Келдешев жолықты. Мұндай салаға, әдетте, кездейсоқ адамдардың келмейтіні анық. Сонымен саяхатымыз басталды. Тәжірибелі жүргізуші Болат Жүсіпов тізгіндеген УАЗ-фермер көлігімен кеніш ішіне түстік. Бұл жерден бұрғыланған бірнеше скважинаны, жанынан кен сынамаларының бірнеше қабатын көрдік. Кеніш басшысын әңгімеге тарттық.
–Сульфид кенін игеруге арналған тәжірибелі өнеркәсіп алаңындамыз. Оның атауы «Көкжиек-215» деп аталады. Әрбір көкжиектің биіктігі  7,5-8 метрді құрайды. 2006 жылы геологиялық барлау жұмысына кірістік. Бұл қадамымыз кенішті егжей-тегжейлі барлауды, тәжірибелі өнеркәсіптік кен қазбасына ауысуды межелейді. 2006-2008 жылдары геологиялық барлау жүргізілді. Энергия қуатымен жабдықтайтын нысанның құрылысы аяқталды.  Вахталық қалашықтың құрылысы қолға алынды. Келесі жылдың ортасында теміржолды кеніштің маңына жеткізуді көздеп отырмыз. 2014 жылы тәжірибелі өнеркәсіптік қазбаға кірістік. Қаржының тапшылығы салдарынан жұмыс жүргізілмеді. Кәсіпорын 2017 жылы тәжірибелі өнеркәсіптік қазбаны аяқтауды, барлау қорларын өнеркәсіп қоры ретінде, белгілі санаттарға жіктеуді, оның қоры бойынша мемлекеттік баланстың есебіне алуды  жоспарлауда. Әрмен қарай қазба жүргізуге арналған модельдік келісімдік жоспарлы жобалау жұмысы, кеніш ұқсатылымының техникалық жоба жасалымы кезек күтеді. Тек осыдан кейін сульфид кенішін өнеркәсіптік игеруге арналған негізгі жұмысты бастауымызға болады. Таяу мерзімге арналған нақты міндетіміз жайында қысқаша айтарым осы, – дейді тау-кен өндірісінің басшысы.
8,5 метр тереңдікке дейін бұрғыланғаннан кейін, сынамасы зертханаға жіберіледі. Сынамамен жұмыс жағдайын бас мердігершінің өкілі, аға геолог Сергей Большаков пен оның көмекшісі Талғат Қарсенов баяндап берді.
–Тау кенінің үлгілері алдын ала арнаулы аппаратта кептіріледі, үгітіледі, толық майдаланады да сынаманың біркелкі үлесін алу үшін Джонсон аппаратына салынады. Тастың құрамында мыс пен жанама кеннің бар-жоғын түпкілікті анықтау үшін оны анализаторға жібереді. Егер сынаманың 0,7 па-йызы мыс болса, онда ол талаппен үйлесімді. Осыдан кейін қопарылыс жасалады да экскаватор қазуды бас-тайды, – дейді маман. Кен тиелген ауыр жүк көлігі оны түсіретін темір жол тұйығына қарай бағыт алды. Екі ауысымдық жұмыс тәулігі ішінде 3600 тонна жүк жеткізіледі. Бір ауысымда геолог, маркшейдер, тау-кен электромеханиктер, насос қондырғыларының машинистері, кезекші электролесарьлар, сынама алушылар және басқалары жұмыста жүреді. Ол жөнінде әңгімелеген ауысым басшысы тау-кен инженері Қанат Тайжанов қалыпты жұмысқа жағдай жасалғанын атап өтті.
–Жұмысшыларға үш мезгіл тамақ беріледі. Жұмыс вахталық әдіспен жүргізіледі, монша, жатақхана бар. Орташа жалақы 80 мың теңге шамасында. Негізінен мұнда  Ақмола облысының, біздің ауданның мамандары жұмыс істейді, – дейді инженер.
Рельс тұйығы жанындағы қоймаға бет алғанымызда жеке үйінділерді байқадық. Амангелді Кеңесұлы оның қышқылданған кен екенін айтты. Келешекте оны өңдейтін желі салынып кәдеге жарамақшы. Қойма – вагонға тиеуге лайықталған тау кенін үйетін орын. Тәулігіне теміржолдың таразысы арқылы  50 вагон өтеді. Бұл жерде екі таразышы, темір жол жұмысшысы, вагон құрастырушы жұмыс істейді. Өндіріс пен тетіктерді электр қуатымен іркіліссіз қамтамасыз ететін мамандардың да жауапкершілігі көп. Бас электрші Николай Зиненко электр тарататын желілердің 22 шақырым екенін, Торғай ауылындағы қосалқы стансаға жалғанғанын айтты. 35/6 киловольт-
ты бәсеңдеткіш қосалқы станса іске қосылмақшы. Шағын саяхатымыздың соңында кәсіпорынның базасына келдік. Өндіріс басшысымен әңгімеміз осында жалғасты.
–Бүгінгі күні жалпы 300 мың тонна сульфидті кен қазылды. Тау жынысынан 920 мың текше метр кенді жыныс ажыратып алдық. Жалпы тәжірибелі-өндірістік кен қазбасынан орташа деңгейге жеттік. Қазіргі уақытта Қызылтуда 56 инженер-техник пен жұмысшылар жұмыс істейді. Келесі жылы база аумағында монша мен кір жуу кешені, контейнер үлгісіндегі асхана бой көтермек. Екі үйді қайта жөндейміз. Қазандық пен 8 көлікті жөндейтін нысан саламыз. Әрине, бізге тау-кен саласының мамандары қажет. Біз студенттерді өз есебімізден оқытамыз, – дейді өндіріс басшысы Амангелді Келдешев одан әрі әңгімесін жалғастырып. Кәсіпорынның жұмысындағы негізгі мақсат – Ақмола облысының Степногорск тау-химия зауытына арналған мыс концентраты мен өнеркәсіптік молибден шығару. Қызылтудың әлеуметтік ісі келісімшарт аясында негізделеді. Өңірдің әлеуметтік саласын дамытуға жыл сайын 30 мың АҚШ долларын аудару көзделіп отыр. Осының аясында ертеректе Бестоғай орта мектебі мен Байсары ауылы клубының жылу жүйесін жөндеуге, оған қоса Ерейментау қаласындағы Балалар шығармашылығы және мәдениет үйлеріне жиһаз бен жабдық алдыруға қаржы берілген болатын. 2014 жылдан бері қаражат облыстық бюджетке аударылуда. Өңірдің көптеген тұрғындарын мыс-молибден кеніші игерілімінің экологиялық қауіпсіздік мәселесі алаңдатады. Біз экология және қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша заңнама шеңберіндегі рұқсат құжаттарының бәрін алдық. Тәуелсіз сарапшылар тоқсан сайын бұл жүйеге мониторинг жүргізеді. Ерейментау ауданының аумағында жұмыс істеуіміздің пайдасы бар. Міндетті салық аударымдарының бәрі ауданның бюджетіне түседі. Іс жүзінде жоба «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының шағын қалаларды дамыту тармағы бойынша Степногорск қаласының кешенді даму бағдарламасына еніп отыр.
Қолға алынған шаралар кәсіпорынға негізгі проблеманы шешуге, толық қуатқа шығуға, өндірісті өрістетуге, жұмыс орнын сақтап, көбейтуге, тиісті тұрғын үй және тұрмыстық жағдайын жасауға, келешекте мамандарды түпкілікті тұрақтандыру үшін әлеуметтік нысандар желісін кеңейтуге септесуі шарт. Бұл бір кездері болашағы жоқ деп танылған Қызылту ауылының өзін өнеркәсіп аймағы ретінде дамытуға жол ашар еді, – деп әңгімесін аяқтады Амангелді Кеңесұлы.
Әрине, еліміздің Индустрияландыру картасына енген кәсіпорын жоба негізіндегі өзінің негізгі шаруасына енді-енді кірісті. Алғашқы кеніш шөмішінің алынғанына небары бір-ақ жыл. Сондықтан, толымды табыс белесі әлі алда. Тау-кен өндірісінің аудан, облыс, республика көлемінде алғы шептен көрінетін,  нарықта өзінің лайықты орнын иеленетін күні алыс емес.

 Раушан НҰРҒАЗИНОВА.
Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар