Алда ауқымды міндеттер тұр

 Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында елдік мәселелерге жан-жақты шолу жасалып, алдағы мақсат-міндеттеріміз айқындалған. Оның ішінде денсаулық сақтау саласына  ерекше екпін түсіріліп айтылып, аталған бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде келелі әңгіме қозғалған болатын. Осы орайда, облыстық денсаулық сақтау басқармасы  белгіленген міндеттерді жүзеге асыру үшін жаңа серпіліспен іске кірісті.

 Денсаулық саласында тың бастамалар жетіп артылады. Қазір облысымызда «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қарқынды жұмыс істеуде. Басқарма басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп,  салауатты өмір салтын насихаттау және өлім-жітімді азайту, ана мен бала денсаулығына, жұқпалы аурулар, қатерлі ісік пен онкопатологиялық, қан айналым жүйесі аурулары бойынша эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға, тұрғындарды дәрі-дәрмектермен толыққанды қамтуға бағытталған  бірқатар іс-шаралар жоспарын белгіледі. Бұл бағдарламаны жүзеге асыру барысында денсаулық сақтау саласын қаржыландыру екі есеге өскенін атап өткен абзал. Тарқатып айтсақ, өткен жылы  бюджет 23,4 миллиард теңгені құрады. Әрине, аталмыш саланың оң қарқынмен дамуы материалдық-техникалық базаның нығаюымен тікелей байланысты екені белгілі. Соңғы бес жыл ішінде қажетті құрал- жабдықтарға 3 миллиард теңге қаржы бөлінді.  Осы шаралардың нәтижесінде  өткен жылы медицина нысандарының инновациялық технологиялармен қамтылу деңгейі 55,9 пайыз болды.
Қазіргі таңда жұмыс істеп тұрған  медициналық мекемелерді жөндеуден өткізуге ерекше мән берілуде. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын іске асыру аясында елу алты денсаулық нысанына күрделі жөндеу жүргізілді. Сонымен бірге, 2 емхана, 9 дәрігерлік амбулатория және 6 медициналық пункт жалпы қолданысқа енгізілді. Қазіргі уақытта екі емхана, бес дәрігерлік амбулатория және екі медициналық пункттің құрылыс жұмыстары жалғасуда.
Жақында облыстық ауруханада салтанатты түрде  терапевтік корпус ашылды. Ал, Тұңғыш Президент күні қарсаңында  Бұланды ауданы Қараөзек ауылы мен Аршалы ауданының Михайловка ауылында жаңа дәрігерлік амбулаторияның ашылуы тұрғындардың жағдайын бірсыдырғы жеңілдетті.
Айта кетерлігі, облыстық ауруханада жүрек қан тамыр аурулары, жамбас сүйегін қалыпқа келтіруге қатысты өте күрделі оталар жасалынады. Әр азамат медициналық ұйымды өзінің қалауы бойынша таңдай алатын болды. Медициналық мекемелерде тәуліктік, емханалар мен амбулатория-ларда күндізгі стационарлық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, ауру түрі мен оның асқыну деңгейіне орай оңтайландыру жұмыстары да жүргізіледі. Мұның барлығы аурухананың  қазіргі заманға сай құралдармен жабдықталғанының арқасында қол жеткізген жетістіктер. Былтыр атқарылған іс-шаралар халық денсаулығының индикаторлық көрсеткішінде оң нәтиже беруде. Бала өлімі 8,3 пайызға азайған. Қан айналым жүйесі аурулары бойынша өлім-жітім 93 пайыз, ал,  онкологиялық ауру көрсеткіші  6,8 пайыз,  туберкулез ауруына шалдығу 24,5 пайызға төмендеген.
Дегенмен, денсаулық саласында көптен бері шешімін таппай жүрген кадр мәселесі күрделі болып отыр. Өткен жылы  өңірге 101  маман келсе, оның 84-і  тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Облыс орталығында он сегіз пәтерлік екі үйдің құрылысы аяқталып, медицина қызметкерлеріне тапсырылды. Облыс әкімі Сергей Кулагиннің бастамасы бойынша 81  түлек  облыстық бюджет қаржысы есебінен жоғары оқу орындарында білім алуда. Оны тәмамдаған соң барлығы өңірімізге жұмыс істеуге келеді. Ал, бүгінгі таңда ауруханаларда еңбек етіп жатқан қызметкерлерге шеберлік сағаттары ұйымдастырылып,  арнайы дәрістер оқытылады. Мәселен, 2015  жылы  рентген-эндоваскулярлық бөлімшесінде Астана қаласынан келген профессор Марат Әріпов  бүйрек артериясын кеңейту отасын жасады. Енді қан қысымы жоғары науқастарға  Көкшетауда бүйректік жүйкесіздендіру отасын жасау қарастырылып отыр.
Елбасының сындарлы саясатының арқасында қазір денсаулық саласында оң бетбұрыстар бар. Өйткені, жыл сайынғы Ұлт Көшбасшысының Жолдауында мамандардың біліктілігін арттырып, медицина саласын жетілдіру мен науқастарға сапалы көмек көрсету айрықша назарда болып келеді. Биыл бізді ауқымды міндеттер күтіп тұр. Алдағы уақытта да ауқымды шараларды қолға алып, халықтың денсаулығын сақтау үшін барлық жағдайды жасауға мүмкіндігімізше жұмыс істейміз. Тұрғындарға сапалы  медициналық көмек көрсетуге бағытталған іс-шаралардың мән-маңызы жоғары. Қазақстандық медицинаны жетілдіру ақ халатты абзал жандарға жүктелген басты міндет. Сондықтан, жүктелген міндетті абыроймен атқаруымыз қажет.

Гүлнәр ҚҰЛЫШЕВА,
облыстық денсаулық сақтау
 басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар