Мектептегі тыңдаудың берері мол

 Бүгінгі таңда бала тәрбиесінде орын алатын өзекті мәселелерді шешуде тек ұстаздар ғана емес,  ата-аналар болып күш салғанда ғана жақсы нәтижеге жетуге болады. Осыған байланысты ҚР Білім және ғылым министрлігінде «Ата-аналар алдында 2015-2016 оқу жылында республикалық қоғамдық тыңдаулар (көпшілік алдындағы ашық баяндамалар) өткізу тұжырымдамасы» әзірленіп бекітілген болатын.

  Осы тұжырымдаманы негізге ала отырып,  білім бөлімінің нұсқауымен  мектептің мәжіліс залында жас ұрпақтың азаматтық және әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастырудағы ата-аналардың ықпалын арттыруға бағытталған қоғамдық тыңдаулар өткізілді.
Қоғамдық тыңдауларға  мектеп әкімшілігі, ұстаздар және ата-аналар, сондай-ақ,   Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты Арғын Аузаров, педагогика ғылымдарының магистрі  Толқын Аухатова, әкімшілік полиция бөлімі басшысының орынбасары, полиция подполковнигі  Серік Зейнуллин, мектептің қамқоршылық кеңесінің төрайымы  Наталья Азимова, мектепішілік өзін-өзі басқару және «Жас Ұлан»  бірыңғай республикалық балалар мен жасөспірімдер ұйымының көшбасшысы  Айдана Оразалы қатысты.
Бірінші болып  сөз алған мектеп басшысы Айгүл Нөгертаева  2015-2016 оқу жылының бірінші жарты жылдығы бойынша мектепте атқарылған жұмыстар жайында баяндады.  Айгүл Бексұлтанқызы биылғы оқу жылы 1 қыркүйекте 655 оқушы мектеп партасына отырғанын және сол  оқушылардың білім алуына барлық жағдай жасалғанын айта келіп, қол жеткен жетістіктерге тоқталды.  Жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруде ұстаздармен бірге ата-аналардың да үлкен еңбегі бар екендігін атап өтті. Тәлім-тәрбие мәселесінде кездесіп жататын қиындықтар мен түйткілді мәселелер де болатыны жасырын емес. Осыған орай, мұндай жайларды ұстаздар мен ата-аналар бірлесе жұмыс істеу арқылы шешу қажеттігін айтқан мектеп басшысы алдағы уақытта тізе қосып жұмыс жасауға шақырды.
Ата-аналар жұртшылығы алдында  қоғамдық тыңдауға қатысқан А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің педагог-психологы, педагогика ғылымдарының магистрі Толқын Аухатова  
«Заманауи жасөспірімнің аутодеструктивті тәртібі және себеп-салдар байланысы»  атты баяндамасын оқып, аталған мәселе бойынша біраз пайдалы ақпараттар берді. Әкімшілік полиция бөлімі басшысының орынбасары, полиция подполковнигі Серік Зейнуллин Көкшетау қаласының қылмыстық ахуалы жайында баяндап, 2015 жылдың сараптамасымен таныстырды және  ата-аналар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің қатысуымен өткен бұл жиында  ата-аналар өздерін мазалаған  сан түрлі сұрақтар  бойынша толыққанды жауаптар алды.
   
Айгүл ЕЛЕУСІЗОВА,
№8 орта мектеп
директорының тәрбие ісі
жөніндегі орынбасары.
Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар