Ғасыр жасаған ғимарат

 2015  жылы іргетасының қаланғанына 170 жыл толған Атбасар қаласында ескі заманнан хабар беретін  ғимараттар сол баяғы қалпын сақтап, бүгінгі күнге дейін жетіп отыр. Соның бірі – Атбасар аймағына есімі кеңінен танымал атақты көпес Петр Беловтың салғызған екі қабатты мектеп-гимназиясы.

  Бұл ғимарат  1909 жылы бой көтеріпті. Алғашында мектеп-гимназия болып, жалпы білім беру орнына айналған ғимарат кеңес заманында аурухана, мектеп-интернат қызметтерін атқарған. Атап өтерлік бір жай, қазақтың заңғар жазушысы Ілияс Есенберлин осы мектеп-интернаттың түлегі болған. Салынғанына ғасырдан асқан, сыры кетсе де, сыны кетпеген ғимарат қазір де халық кәдесіне жарап, кемтар балаларға арналған арнайы мектеп қызметін атқаруда.  
1880 жылдың аяғында Атбасарға жер аударылып келген социал-демократ Н.Гусев осы гимназияда алғашқы оқытушылардың бірі болып қызмет ақтарыпты.  Н.Гусев «Народная воля» астыртын үйірмесінің жұмысына белсене қатысқан. Кейін РСДРП Омбы қалалық комитетінің мүшесі болған тарихи тұлға.
Ұлы Отан соғысы жылдарында мектеп-гимназия ғимаратында  майдангерлерді емдейтін  госпиталь орналасқан. 1960 жылы үш қабатты қосымша ғимарат салынып,  сол жылдарда  Ә.Майкөтов атындағы қазақ мектеп-интернаты болып, ауыл балалары жатып оқыған. Осы арада тағы бір айта кетерлік жай, Хрушевтың асыра сілтеу саясаты тұсында қазақ мектептері жаппай жабылып жатқанда, мектеп-интернат осы өңірдегі жалғыз қазақ оқу орны болып, жас ұрпаққа ана тілінде білім берді.
Ғимарат 1995 жылдан тарихи ескерткіш ретінде қорғауға алынды. Астыңғы қабаты тастан өріп қаланса, үстіңгі екінші қабаты бөренемен қиыстырылып салынған. Тұрғызылғанына ғасырдан асса да, ғимарат әлі күнге дейін өте жақсы сақталған. Тек жақтаулары шіріп кеткен терезелері ғана ауыстырылыпты.
Атбасар қаласында бүгінгі күнге дейін сақталған тарихи ескерткіш ғимараттардың көпшілігін салдырған көпес Петр Белов туралы мұрағат аудандық тарихи-өлкетану мұражайында сақталған екен. Бұл – салмағы 30 келідей болатын темірден құйылған тақта. Онда «Во Имя Отца и Сына и Святаго духа Аминь. Николай Ивановичъ Бъловъ Родился въ 1790 г. 6 Дикаб. Померъ 1877 г. 28 марта. Оть внуковь» деген жазу бар. Тарихи өлкетану мұражайының директоры Анар Ілиясованың айтуына қарағанда, атбасарлық тұрғын Василий Возний деген азамат 1973 жылы осы тақтаны мұражайға  өткізген. Содан бері осында сақтаулы, бағалы ескерткіштердің бірі болып табылады.
 Қазір бұл ғимаратта №2 облыстық арнайы оңалту мектеп-интернаты орналасқан. Оқу орнының директоры Нина Данилочкинаның айтуынша, тарихи ескерткіш ретінде мемлекеттік қорғауға алынған ғимаратқа осыдан бірнеше жыл бұрын жөндеу жүргізіліпті. Өткен жылы  шатырдан су аққан соң, тағы да ғимараттың төбесіне бұрынғы қаңылтыр ескі жабындыны ауыстырып, шифер төселген. Осы жөндеу жұмыстары жүріп жатқанда, төбеден жан-жағы мұқият таспен қаланып, су тимес үшін беті тақтаймен жабылып топырақпен көміп тастаған класс журналдары табылыпты. Қызығы сол, ғасырға жуық уақыт сақталған класс журналдары еш бүлінбеген, сол қалпында екен.
Кеңес заманында байлардың бәрі жаман деген түсінік қалыптасып, соның салдарынан ел есінде сақталар жақсы істер жасаған бай адамдардың есімдері де тарихтан өшіп жоғалды. Сондай қанаушы аталған бай көпестердің бірі – Петр Белов Атбасарда қазіргі күнге дейін халық игілігіне қызмет етіп келе жатқан мектепті және басқа да бірқатар тарихи ғимараттарды салдырды. Көпес Беловтың бұл ісі бүгінгі миллиондарды сапырған байларға үлгі-өнеге боларлық-ақ. Қазіргі байлардың арасынан өз қаржысына мешіт салдырып жатқандар бар, бірақ осы кезге дейін жеке қаржысына мектеп немесе бала-бақша салдырыпты дегенді естіген емеспін.

 

Қалкөз ЖҮСІП

Атбасар ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар