Семізбай кеніші күш алып келеді

Игеріле бастағанына алтыншы жылға аяқ басқан «Семізбай-U» кеніші бүгінгі таңда толық қуатында жұмыс істеп, жылына 500 тонна уран өндіру деңгейіне жетіп отыр.

«Казатомөнеркәсіп» акционерлік қоғамы мен қытайлық «СиноКаз» компаниясы аталмыш серіктестіктің құрылтайшылары болып табылады.  Семізбай кенішіндегі уранның қоры сарапшылардың қорытындысымен бекітілген. Бүгінгі таңда жұмыстар № 1 және 2 учаскелердің кеніштерінде жүргізілуде. «Семізбай-U» серіктестігінің директоры Мұхамеджан Салқынбаев бізбен әңгімесінде «Сары кек» түріндегі дайын өнім шығаратын цех құрылысының жобасы жасалып жатқанын, биылғы жылы кеніште учаскеге өтетін нысанның құрылысы басталатынын атап өтті.
– Серіктестік жергілікті органдармен қоян-қолтық жұмыс істеп, Еңбекшілдер ауданындағы әлеуметтік саланы дамыту үшін қосымша ресурстар бөледі. Өзара сенім артқан қоғамдық бірлестіктің мүшелері «әлеуметтік капитал» жинауда. Саяси тұрақтылық, тиімділік және экономикалық даму тұрғысынан қарағанда, әлеуметтік капитал маңызды болып отыр. Серіктестік Еңбекшілдер ауданына 238,5 миллион теңгеден астам әлеуметтік көмек көрсетті. Осы қомақты қаржының арқасында Степняк қаласындағы №1 орта мектеп жөнделді, спорттық-сауықтыру кешені қалпына келтірілді. Оқу-өндірістік комбинатындағы балалардың шығармашылық үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, маңы абаттандырылды. Мәдениет және демалыс паркін қалпына келтірдік. «Степняк Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына арнайы техника сатып әпердік. Аудандағы мектептерді электр қуатымен қамтамасыз ету жүйесін қалпына келтірдік, – дейді директор.
Өңірдің әлеуметтік саласын қолдау келісімшарты бойынша   «Семізбай-U» серіктестігі жылына 100 мың доллар көлемінде қаржы аударуы тиіс. 2009-2012 жылдары бөлінген қаржы Ақмола облысының бюджетіне аударылды. Кейінгі жылдан бері аталмыш қаржы Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарына тең бөлінуде. 584,6 миллион теңге мүлік салығы, 4,4 миллион теңге жер учаскесін пайдалану төлемі Еңбекшілдер ауданының бюджетіне аударылды. Қатаң бәсекелестікке қарамастан, Семізбай кенішіне жұмысқа алу басымдығы аталмыш ауданның тұрғындарына берілген.
Серіктестік әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындарға мекенжайлық көмек көрсетеді. 9 мамырда ауданда тұратын Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне ақшалай сыйлық береді. Бүгінгі таңда Семізбай кенішінде Ақмола облысының үш жүзге тарта тұрғыны жұмыс істейді. Кенішке қызмет көрсететін мердігер ұйымдарда жүзге тарта жұмысшы еңбек етуде. Сондай-ақ, мұнда жоғары оқу орындары мен колледждің студенттері өндірістік тәжірибеден өтеді. Тәжірибеде өз біліктілігімен көзге көрінгендер жұмысқа тартылады. Қазір  кәсіпорында М.Кеңесбаев, А.Рақымжанов, Р.Шәкенов және Д.Жұмабеков сияқты университет түлектері еңбек етіп жүрсе, серіктестік есебінен А.Сейтжанова, А.Рамазанова, А.Забикуллов жоғары оқу орнында білім алуда. Қоршаған ортаны қорғау және радиациялық қауіпсіздік бойынша шаралар мен жобалардың қаржы шығыны шеңберінде серіктестік 2009-2014 жылдары 113,6 миллион теңге, былтырғы жылдан бері 22,2 миллион теңге жұмсады.
Елбасы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында энергия қуатын үнемдеу және оның тиімділігін арттыру, экономикалық дамудың мәселелері, технологиялық жаңғырту, энергетикалық және экологиялық қауіпсіздік, жасыл экономикаға көшу жөнінде атап өтті. Семізбай кенішінде энергия қуатын үнемдеу бағдарламасы жасалып, өндіріске енгізілді. Кеніштің өндірістік алаңында дизельдік отын мен электр қуатын үнемдеуге мүмкіндік беретін жылу сорғышы жүйесін іске қосу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл жоба ауаға лас нәрселерді тастамай, кеніш еңбеккерлерінің тұруы үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Жылу сорғыштары үй жылытуға жағылатын көмір, дизельдік отын немесе электр қуаты шығынының 70 пайызын үнемдейді. Сорғышқа 1 килоВат электр қуатын шығындап, 5 килоВат жылу энергиясы алынады. Кеніште  қуаты 30 килоВат фотоэлектр станциясы жұмыс істейді. Бүгінгі таңда 49,550 мың килоВат электр қуаты өндірілді.

 

Рамазан ТІЛЕУОВ

Еңбекшілдер ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар