Еліне еңбегімен танылған

 Ерейменнің ер мінезді азаматы, Қазақстанның  құрметті журналисі  
Жанат ТҮГЕЛБАЕВ туралы бір үзік сыр

 

Адам өткен күндердің, сырғып өткен уақыттың бағасын біле бермейді деген сөздің жаны бар. Білінбей өткен күндер, айлар мен жылдардың нарқын белгілі ғұмырдың бір белесіне көтерілген кезде ғана сезінетіндігіміз жасырын емес. Сол кезде ғана не тындырдым, нендей іс атқардым деп артымызға қарайлаймыз.
Бүгінде 60 жастың  асқарына шыққан Жәкеңнің де пікірі осындай. Қазақ даласының көне тарихынан сыр шертетін  Ерейментау өңірінің тумасы болғандықтан, ол осы шежіре мен аңызға бай ел мен жердің өткен өмірінен нәр алып, соны бойына қуат еткен азамат.
– Біз бала кезімізден ата-әжелерімізден өнегеге толы әңгімені көп естідік, – дейді ол реті келген сөздің өрісін кеңейтіп. – Би-батырлары мен ақындары мол шыққан өңір Ақмола аумағында көп емес. Бәрінен бұрын сол тарихи тұлғалар жайлы деректі әңгімелер мен жырларды жинастырып, Қазақ ғылым академиясына тапсырған озық ойлы ел ағаларының орны  мен үшін ерекше.
Жанат Түгелбаев жоғары білімді Алматыда алды. Университетке әскери борышын өтеп келгеннен  кейін түссе де, бәріне үлгерді деп айтуымызға әбден болады. Дипломын қолға алған кезде тәртібі мен мінезі келісті, қатырма қағаздағы бағалары үздік  жігітке КСРО Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінен де ұсыныс түсіпті.
– Менің ойым сол кезде сан саққа жүгірді, – деп еске алды ол өткен күндер оқиғаларын. – Бір жағынан болашаққа салынар соқпағымды ойлап келісім берейін деп те ойладым, екінші жағынан елдегі әке-шешем, бауырларым есіме түскенде бойымды сағыныш билеп кетті.  Оның үстіне құпия қызметке алынсам  Мәскеуде тағы 2-3 жыл оқуым керек екен. Әрі ойлап, бері ойлап, көрсеткен сенімдеріне ризашылығымды білдіріп, енді біржолата елге оралуды, қарт ата-анама қолқанат болуды басты мақсат санадым.
Әкесі Сәлкен ақсақал фин, Ұлы Отан соғысына қатысып, жапонның Квантун әскерімен болған шайқастарды басынан өткізген соғыс ардагері, өмірден көрген-түйгені мол кісілігі бір басына жетерлік адам еді. Ал, атасы Әуелі 1916 жылғы Ереймендегі ұлт-азаттық көтерілістің бел ортасында болған екен. Анасы Құсни Әкбарқызы Нұраның ақ күміс суына шомылып, бой түзеген жан.
Хош, сонымен  оқу бітіріп келген жас  Ерейментау ауданында  бірден жергілікті газетке жауапты хатшы ретінде бекітілді. Жылдар өте ол редактордың орынбасары болып жүргенде Ерейментау ауданының бірінші хатшысы болған Владимир Федорович Ерохин оны өзінің аппаратына нұсқаушы қылып ауыстырады.
Ереймен  ежелден ақын-жыршылардың мекені болғандықтан, ауданның идеология бөлімінің меңгерушісі Олжахан Айдаболов, сондай-ақ, мәдениет бөлімінің меңгерушісі Өмірбай Нұржановпен бірлесіп, 1988 жылы қазақ халқының көне мұрасы –  айтыс өнеріне жан бітірді. Оған деген елдің ықыласы да зор болды. Өнерге сусаған көптің қуанышында шек болмады сол тұста.  Жанат Түгелбаев сондай-ақ, Ерейментаудағы  мұражайдың ашылуына да тікелей мұрындық болды. Көптеген керексіз боп жатқан түрлі жәдігерлер алғашқы сәтте осы азаматтың  қолымен екшеліп, жиналып еді. Қазір бұл өлкелік маңызы зор мұражайға айналды. Халқымыздың қаһарман ұлдарының бірі, Жоңғар хандығының  біржолата белін сындырған қазақ қолының бас сардары Қанжығалы қарт Бөгенбай батыр атындағы мұражай бұл күнде танымдық қасиеті ерекше мәдениет ошағы боп саналады.
«Ердің атын елі шығарады» демекші, оның осынау еңбегі елеусіз қалған жоқ. 1989 жылы Целиноград облыстық партия комитетіне жұмысқа шақырылды. Қазақстанға белгілі А.Г.Браун, Қ.К.Кәрібаев, С.Ж.Жалмағамбетова, Қ.А.Тәукенов, С.Д.Байболов сияқты танымал тұлғалармен қызметтес болып,  осы кісілердің қол астында көп жылдар бойы еңбек етті.
1991 жылы жоңғар шапқыншыларына қарсы жорықтарда қазақ әскеріне ұзақ жылдар бойы қолбасшылық жасаған Бөгенбай батырдың 300 жылдық мерейтойы қарсаңында  ұйымдастыру алқасы Жанат Сәлкенұлына республикалық шараның мәдени жобасын әзірлеуді, оған қосымша батырдың қанды көйлек серіктері туралы деректі кітап әзірлеуді тапсырады.
Астанада ұлт айбынына айналған Бөгенбай батырдың  ескерткіші ашылғанда жазушы, Парламент Мәжілісінің депутаты, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Алдан Смайыл әзірлеген кітапқа оның  Ерейменнен шыққан жалынды ақын Үмбетей жырау, Жантай батыр, Саққұлақ би туралы бірсыпыра еңбектері енді. Осы деректердің бәрін ол жылдар бойы тірнектеп жинаған-ды.
Егемендік алған алғашқы жылдарда еліміздің әрбір аймағында облыстық тіл комитеттері құрыла бастағаны белгілі. Ақмола облысының әкімшілігіне басшы болған Андрей Георгиевич Браун Түгелбаевты осы орынға лайық деп өзінің тоқетер ұсынысын жасайды.
– Кейін  Ақмола облысына әкім болып тағайындалған ұлтжанды азамат Жәнібек Кәрібжанов Аршалыны, Ақкөлді, Бұланды мен Егіндікөлді тайға таңба басқандай қазақы атаумен айшықтап бергені біз үшін ұмытылмас оқиға. Бұдан соң да талай шағын елді мекендер өздерінің  тарихи  атауларын қайтарып алды ғой, – дейді Жәкең осы күні жайдары қалыппен.
Жанат Түгелбаев Ерейментау ауданындағы
Олжабай батыр ауылының да өз тарихи атауына ие болуына көп еңбек сіңірген жан. Дәлелді әрі дәйекті мақалаларында қазақтың ғұлама ғалымы Әлкей Марғұланның облыс пен Ерейментау ауданының басшыларына жазған өтініш хатын арқау етіп алды. Олжабай Абылай хан тұсында атағы шыққан  қазақ батырының бірі, Әлкей атамыздың ұлы бабасы.     Баянауылдан Түркістанға қарай қоныс аударып бара жатқан кезде қатты сырқаттанып, Ерейменде қайтыс болады. Бұрын қазақтар батыр бабамыз жерленген жерді Олжабай сөресі дейтін. Бірақ, Столыпин реформасы кезінде ағылған қара шекпенділер құнарлы жерде шыққан егіндеріне масаттанып, оны «Благодатный» деп иемденіп алыпты. Дегенмен, бертін сәті келгенде рухы биік ел азаматтары Жанат Түгелбаевтың ұсынысын ескерусіз қалдырған жоқ, ақыры, әділдік салтанат құрып, көп тілегі қабыл болды.
Жанат Сәлкенұлы міне, 20 жылдан астам Ақмола облысының Астананың іргесінде орналасқан  ең бір ірі өңірі – Целиноград ауданының жергілікті басылымына жетекшілік етіп келеді. Менің осы бір аңқылдаған, өзім дегенге өзегін жұлып беруге даяр тұратын Ерейменнің  ер мінезді азаматымен таныстығым  тоқсаныншы жылдардың аяғында бас-талып еді. 1998 жылдан 2005 жылға дейін Жәкеңмен қызметтес болдым, ақыл-кеңесін тыңдадым, газет жұмысын ширатуда қолдан келген көмегімді аянбай, көңілінен шыға білдім деп айта аламын.  1998 жылдың қаңтарында алғаш редакция табалдырығын аттаған сәттен-ақ  Жәкең маған сенім артып, газеттің қазақ тілінде шығатын бөлімін тапсырды.  Мен дәл сол жылдары есімі республикамызға танымал, Қазақстан журналистикасының ақсақалы Моисей Гольдбергпен де қызметтес болғанымды мақтан тұтамын. Бұл бір жігері жанартаудай, газет жұмысынан қажымайтын адам болатын. Өзім тұрғылас әріптесім Мұрат Жақыпов екеуіміз Жанат Сәлкенұлынан көп нәрсені үйрендік десем, артық айтқандық болмас. Бәріміз бірлесіп Жәкеңнің басшылығымен басылымды өрге  бастыруға күш салдық. Бұл еңбегіміз еш кетпеді.
2001 жылы  ел тәуелсіздігінің 10 жылдығы мерекесінде біздің  газет облыстық тіл басқармасының екі бірдей сыйлығына ие болды. Бұл әлі күнге  көңілден кетпейтін сәулелі, шұғылалы  жылдар еді.
Қос тілді газеттің көтеріп отырған жүгі бүгін де әсте жеңіл емес. Ел, қоғам мүддесі тұрғысындағы өзекті мақалалар аптасына бір рет шығатын шағын басылымда жиі жарияланады.
Иә, жиырма жылдан астам уақыт ішінде іргелі ауданда көптеген өзгерістер, айта қаларлықтай оқиғалар болды.  Біріншіден, ұдайы қаланың қолтығында болып келген аудан Астана Арқаға қоныс тепкен соң,  сырт жақтағы Көкталға көшірілді.
Көктал өсіп-өніп, іргесін кеңейтіп келе жатқан Астананың құзырына енген соң, жаңа аудан орталығына  Малиновка лайық деп танылды. Сөйтіп, аудан орталығы  қазақша Ақмол атауына ие болды.  Осындай айтулы оқиғалардың басы-қасында жүріп, ел мүддесін ойлаған Жанат Сәлкенұлы лайықты түрде «Целиноград ауданының құрметті азаматы» атанды.
Сүрінгенде сүйеу, тарыққан кездерінде тірек бола білген өмірлік жары Рауза жеңгеміз ұлы хакім Абай өсіп-өнген Шыңғыстаудың тумасы. Ағайын-бауырдың, дос-жаранның,  елдің алдында азаматтың қадірін арттыра білген аяулы жан. Сөз орайында мына бір жайды да әңгімелей кеткім келеді.  
Осыдан  бірер жыл бұрын Жәкеңнің елдегі өзіне тетелес туған бауыры Манат дүниеден озып, бір қабырғасы опырылып түскендей күй кешіп, біразға дейін көңілі нала болып жүрді. Өз бала-шағасы, немерелеріне қоса, бауырының артында қалған  қос тұяғын да Рауза жеңгей екеуі алғашқы күннен ба-уырларына басып, жетімдік көрсетпеді.  Қазір олар да ержетті, білім алып, елорданың  белді тұрғындарына айналды.
Міне, мен білетін Жанат Түгелбаев осындай  елі ардақ тұтар абыройлы азаматтың бірі. «Абырой іздесең – ісіңмен таныл» деген осы болар, бәлкім!
                                                                                       Талғат ТӘШКЕЕВ.
Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар