Өз белсенділіктеріне сүйенуде

Аршалы ауданы  облысымыздағы іргелі аудандардың бірі екендігі белгілі. Әсіресе, аталмыш аудан шаруашылықтарының Астананың азық-түлік белдеуіне қомақты үлес қосуына мүмкіндік мол. Сондай-ақ, ауданда өндіріс те біршама жақсы жолға қойылған деуге болады. Өткен аптада Арнасай ауылында  аудан әкімі Жомарт Нұркенов тұрғындар алдында ауданның 2015 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы және 2016 жылға арналған міндеттері туралы есеп берді. Ал, аудан әкімінің есебі алдында ауылдық округ әкімі Александр Гутяр жиналғандарға атқарылған  жұмыс, қол жеткен табыс және шешімі табылмаған кейбір мәселелер жайлы баяндап берді.

 Жоғарыда айтып өткеніміздей, Аршалы ауданы бүгінде экономикасы біршама қарқынды дамып келе жатқан аудандар қатарына жатады. Оған Арнасай ауылдық округінің қосып отырған үлесі аз емес. Арнасай  округі туралы айтқанда алдымен мұнда барлық мәселелердің негізінен өз күштерімен шешілетіндігіне назар аудару қажет. Барлығы 1278 адам тұратын селолық округте тұрғындардың еселі еңбек етулеріне жағдай жасалған десек, ақиқаттан алыс кетпегендігіміз. Тұрғындар алдында осымен оныншы рет есеп беріп отырған селолық округ әкімі Александр Гутяр аудандағы ең білікті әкімдердің бірі. Тұрғындар да өз кезегінде билік өкіліне өз ризашылықтарын білдіруде. Оның айғағы ретінде ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Смағұлов ақсақалдың, Вячеслав орта мектебінің директоры Татьяна Немцанның және басқа да тұрғындардың жылы лебіздерін айтуға болады. Сондай-ақ, осындағы Татьяна Немцан басқаратын «Ақбота» қоғамдық бірлестігімен бірге көптеген игі істерге бастамашы болып отырған «Бәйтерек» корпорациясының директоры Асхат Сүлейменовтың да Арнасай ауылы ғана емес, аудан бойынша қолға алған тамаша бастамалары да назар аударуға тұрарлық.
Өз есебінде аудан әкімі Жомарт Нұркенов те аудандағы әлеуметтік-экономикалық ахуалға жан-жақты тоқтала отырып, қол жеткен табыстар мен орын алған олқылықтарды айтып өтті. Ең бастысы, оларды шешудің жолдарын да көрсетіп берді.
Әрине, аудан әкімінің есебінде көптеген деректер келтіріліп, біраз цифрлар көрсетілді. Олардың бәрін тізіп шығудың қажеті бола қоймас. Дегенмен, ең бастысы аудан бюджетінің кіріс бөлігінің артуы. Яғни, көптеген әлеуметтік мәселелерді оң шешуге мүмкіндік туады деген сөз.
Рас, өткен жылы өнеркәсіп орындарының өнімдері біршама азайған. Бұған алдымен аудандағы ең ірі кәсіпорын «Қазшпал» зауытының өнімдеріне деген сұраныстың кеміп кетуі себеп болып отыр. Абырой болғанда, зауыт басшылары қаржы дағдарысын, шпалға деген сұраныстың азаюын сылтау қылмай, Астанадағы тұрғын үй құрылысына қажетті бетон блоктар шығаруды қолға алыпты. Бұл да өнеркәсіпті одан әрі дамытуға жағдай туғызады деуге болады. Ал, ауыл шаруашылығы өнімдеріне келетін болсақ, бұрнағы жылмен салыстырғанда біршама өсу бар. Сондай-ақ, шағын және орта бизнестің де қарқын алып келе жатқандығы қуантады.
Жалпы, аудандағы Арнасай ауылдық округіне келетін болсақ, жоғарыда айтып өткенміздей, мұнда көптеген мәселелерді шешуде аудандық бюджетке иек арта бермей, мүмкіндігінше өздеріне сену дәстүрге айналған. Сондай-ақ, Татьяна Немцан сынды  жаңалыққа, жаңа бастамаларға бейім тұрғындар ауыл өмірінің мәнді де сәнді болуына мол үлес қосуда. Оның айғағы ретінде осы ауылда республикамызда бірінші болып «Жасыл технологиялар академиясының» ашылғандығын айтуға болады. Бүгінде аталмыш кәсіпорын Астанадағы Сәкен Сейфуллин атындағы ауыл шаруашылығы университетімен  келісімшартқа отырған. Сондай-ақ, мұнда республикамыздың басқа облыстарынан да жасыл технологияның қыр-сырын меңгеруге көптеген адамдар келуде.
Ауданда білім, денсаулық сақтау саласында да қол жеткен табыстар аз емес. Оның айғағы ретінде «Ақмола жұлдыздары» байқауында аудан өнерпаздарының Гран-приді жеңіп алғандығын, мектеп оқушыларының сабақ үлгерімінің облыс бойынша алдыңғы лекте екендігін айтуға болады.
Сонымен, Арнасай ауылында өткен Аршалы ауданының әкімі Жомарт Нұркеновтың есебін тыңдаған жұртшылық оның жұмысына оң баға беріп, оған ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын одан әрі жақсарта түсу барысындағы жұмысына табыс тіледі. Тұрғындардың ризашылығы әкімнің жұмысына берілген баға деу керек.
    Талғат ҚАСЕН
Аршалы ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар