Ертеңгі күн межесі

 Облыс әкімі Сергей Кулагин кезекті жұмыс сапарымен Атбасар ауданында болып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына назар аударды, атқарылған жұмыстарды пысықтап, Елбасы Жолдауынан туындайтын басты міндеттерді белгіледі.

  Алдымен облыс әкімі Покровка елді мекеніндегі орта мектепте болып, материалдық-техникалық базасымен танысты. 113 бала оқитын білім ошағы жаратылыстану-математика бағытында тереңдетіп оқытады. Оқушылар «Покровка Агро» серіктестігі есебінен ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Мектептің жанында
жиырма балаға арналған шағын орталық жұмыс істейді. Сергей Кулагин оқушылардың таңдаған мамандықтары жайлы сұрастырып, өңірге дəрігерлер жетіспейтінін əрі медицина мамандары жоғары оқу орындарында облыстық бюджет есебінен оқытылатынын жеткізді.
Селодағы фельдшерлік-акушерлік пунктте үш маман қызмет атқарады. Ана мен бала өлімі, туберкулез ауруына шалдыққан адамдар тіркелмеген. Меңгеруші Жәмила Ақышеваның айтуынша, тұрғындар  міндетті түрде флюорографиядан өтіп отырады. Серіктестік басшысы Уəлихан Əріпов осы жолы мекемеге жедел жәрдем көлігін тарту етті.
Ауылдың әлеуметтік жағдайын көтеруде аянбайтын аталмыш серіктестік негізінен егін шаруашылығымен айналысады. Басшылық алдағы уақытта көптеген ауқымды жобаларды қолға алмақшы. Сағатына 25 тонна дәнді дақылды тазалап, кептіретін қондырғылар орнату жоспарланған. Сондай-ақ,  400 бас ірі қара бағуға лайықталған мал қорасы  құрылысын бастауға ниеттеніп отыр.
Атбасар қаласындағы ақыл-ой кемістігі бар және психикалық дамуы кеш балаларға арналған №2 облыстық арнайы түзету мектеп-интернатында 151 бала тәлім-тәрбие алумен қатар, қосымша үйірмелерге  барады. Бұл үшін барлық жағдай жасалған. Бір әттеген-айы, интернат ғимараты тозып, өңі қашқан.  Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама мен мемлекеттік сараптамасы дайын. Облыс əкімі жөндеуге бюджеттен 129 миллион теңге қаражат бөлінетінін айтып өтті.
2015 жылдың желтоқсан
айында іске қосылған «Тұлпар» кəсіпорны астықты кептіру, сақтау жəне тасымалдаумен айналысады. Кешеннің жұмысымен танысқан Сергей Кулагин серіктестік басшылығын өңірдің əлеуметтік жағдайын жақсартуда белсенді болуға шақырды.
«Қамқор-Локомотив» серіктестігінің филиалы – Атбасар электровоз жөндеу зауыты жетекші кәсіпорындар қатарында.  Негізгі жұмысы локомотивтердің доңғалақ жұптарын жөндеу және бөлшектерін жасау. Өткен жыл ішінде 81 локомотив қалпына келтіріліпті. Алайда, орындалған жұмыстардың көлемі 2014 жылмен салыстырғанда біршама төмен. Бұл бөлшектерге деген сұраныстың әрі жөндеуді қажет ететін локомотивтердің саны аз болғанынан орын алған. Мұнда №11 Атбасар агротехникалық колледжінің оқушылары тәжірибеден өтіп, мамандықтарының қыр-сырын меңгеруде. Жұмысшыларға әлеуметтік жеңілдіктер де жасалған.
Бұдан кейін облыс әкімі жоғарыдағы агротехникалық колледжде  болды. Мұнда 166 оқушы үш мамандық бойынша оқытылады. Соның ішінде, жетім және қамқорлықтағы балалар да бар. Оқу ордасы аумағында 8 оқу ғимараты, жатақхана, көлікжай, шеберхана орналасқан.  Өткен жылы  материалдық-техникалық базаны нығайту мақсатында республикалық бюджеттен 25 миллион теңге қаржы бөлініп, үш мультимедиялық кабинет, тағаммен қамтамасыз ету мамандығының зертханасына қажетті құрал-жабдықтар мен әдістемелік оқулықтар сатып алыныпты. Әрі инженерлік жүйелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Алайда, оқушылардың барлығы жатақханамен қамтамасыз етілмей отыр. Облыс əкімі ғимараттың жобалық-сметалық құжаттамасын əзірлеп, мəселені тез арада шешуді тапсырды.
«Козерог» жиһаз салоны үйлер мен кеңсеге қажетті жиһаздарды сатады. Бұл жобаның құны 20 миллион теңгені құрайды. Дүкеннің жұмыс істей бастағанына көп болмаса да, тұрғындарға танылып үлгерген. Кәсіпкер өз ісін дөңгелетіп қана қоймай, алты адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтып отыр. Өңір басшысы жұмыс сапары барысында  жеке мəселелері бойынша азаматтарды да қабылдады.
Ал, қалалық мәдениет үйінде өткен аудан әкімі Андрей Никишовтың тұрғындар алдындағы есеп беру кездесуінде өңірдің экономикасына, басқа салаларға қатысты көп жайлар қамтылды. Ауданда мал шаруашылығында ілгерілеушілік бар. Мемлекеттік «Сыбаға», «Құлан» бағдарламалары аясында  өз ісін бастап кəсібін кеңейтіп жатқан азаматтар қатары көп. Өткен жылы  дәнді дақылдардан 10,5 центнер өнім алынған. Сонымен бірге, жұмысты ширата түсу үшін жиырма трактор, төрт егіс кешені сатылып алынған. Мемлекеттік-жекеменшік əріптестік мəселесі де жақсы дамып келеді. Кəсіпкерлер əлеуметтік нысандарды жөндеуге және ұстауға жəрдемдесуде. Ауданды су тасқынынан сақтау үшін алдын алу шараларын ұйымдастыруға да өз үлестерін қосып отыр. Кездесу соңында тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарды қойып, тұшымды жауап ала алды.  Сергей Кулагин өз сөзінде аудан тұрғындарының әл-ауқатын көтеру мәселесін жан-жақты саралап шығу  қажеттігін алға тартты.
– Ауданның əлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарып келеді. Əр бастаманы қолдап, өзара əріптестік тұрғысында жұмыс істесек ұтпасақ, ұтылмаймыз. Іске жаңа серпін беру – басты мақсатымыз. Астананың айналасында азық-түлік белдеуін  жасау бағытында  да жұмысты одан əрі жандандыра түсу керек, – дей келе, облыс əкімі кездесу соңында ауданның дамуына сүбелі үлес қосып жүрген бір топ еңбек озаттарын Құрмет грамоталарымен марапаттады.

 

Ырысгүл АШУОВА

Атбасар ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар