Қоршаған ортаны қорғауға арналды

Кеше Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің, «Әулет» мектептен тыс жұмыстар орталығының  және «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының ұйымдастыруымен Дүниежүзілік сулы-батпақты алқаптарды қорғау күніне арналған «Біздің өміріміздің экостратегиясы» атты экологиялық конференция болып өтті.

Аталмыш шараға Қорғалжын қорығының ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің аға ғылыми қызметкері Александр Федулин, экологиялық ағарту бөлімінің мемлекеттік инспекторы Гүлмира Қожабекова, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, биология ғылымдарының кандидаты Айгүл Құрманбаева, Ақмола облысы бойынша экология департаментінің зертхана-сараптамалық бақылау бөлімінің бас маманы Айқын Нұрахмет, облыс орталығындағы білім мекемелерінің ұстаздары мен оқушылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Конференцияны өткізудегі мақсат –
қоршаған ортаға жауапсыздықпен қарауға жол бермеу, жастардың бо-йында экологиялық мәдениет дағдысын қалыптастыру, қоғамдық пайдалы еңбек тәрбиесі арқылы табиғатты сүйе білуге баулу.
1971 жылы 2 ақпанда Иран мемлекетінің Рамсар қаласында халықаралық мәні бар сулы-батпақты алқаптар туралы конвенцияға қол қойылды. Сол күннен бас-тап бұл құжат «Рамсар конвенциясы» деп аталады. 1997 жылы 2 ақпан Дүниежүзілік сулы-батпақты алқаптарды қорғау күні деп жарияланды. Қазіргі кезде Рамсар конвенциясына  жүзден астам елдер қосылған, Қазақстан да аталмыш ұйымның мүшесі.
Көкшетау гуманитарлық-техникалық лицейінің шәкірті Радмир Салимзянов сулы-батпақты алқаптар және оларды қалай қорғау қажеттігі жайлы айтып берсе, Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 мектеп-гимназиясының оқушысы Ермек Рәшитов Қорғалжын қорығы туралы баяндады. №13 «Экос» экологиялық мектеп-гимназиясының 8-сынып оқушылары Валерия Чэн мен Екатерина Егорова су ресурстарының ластануы, ауыз су сапасының төмендігі жөніндегі мәселелерді өздерінің «Су сақтаушылары» ғылыми жобасына негіз етіп алса, «Менің Отаным» үйірмесінің тәрбиеленушісі Анастасия Бектужанова Қопа көлінің экологиялық проблемаларын практикалық шешу жолдары жайлы баяндап берді. №15 негізгі жалпы білім беретін мектебінің 9-сынып оқушысы Ангелина Аксеничтің «Шағалалы өзенінің экологиялық мәселелері» атты ғылыми жобасы да тартымды болды.
Баяндамашылардан кейін сөз сөйлеген конференция қонақтары оқушылардың дайындықтарына жақсы баға бере келе, осындай шараларды жиі өткізіп тұру қажеттігіне назар аударды.
Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Алма Құнанбаева Алғыс хаттарды тапсырғаннан кейін кеш қонақтары оқушылардың күшімен дайындалған шағын концертті тамашалады.

Жанат СӘБИТОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар