«Нұршуақ» қалаға шуағын сыйлады

Кезекті жұмыс сапарымен Степногорск қаласында болған облыс әкімі Сергей Кулагин қаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысып, бірқатар жаңа нысандарды ашты және актив жиналысында Елбасы Жолдауынан туындайтын  міндеттерді белгіледі.

  Өңір басшысы алдымен, Степногорск қаласының іргесіндегі «Август-нан» серіктестігінің жұмысымен танысты. Кәсіпорын калий тұзы, гербицидтерді өндірмекші. Жылына 20 миллион литр өнім өндіріледі деп межеленіп отыр. Өнім елімізбен бірге Кеден одағы елдері мен Украинаға сатылатын болады. Серіктестік директоры Мұрат Сәрсенбаевтың айтуынша, кәсіпорын биылғы жылдың 1 сәуірінде пайдалануға беріледі. Мұнда 80 жұмыс орны ашылмақшы. Облыс әкімі «Синема Степногорск» кинотеатрының ашылу салтанатына қатысып, «Көшбасшы жолы» фильмін көруге келген қаланың жастарымен кездесті. Кинотеатр арнайы қондырғылармен жабдықталған. Оқушылар мен студенттер үшін жеңілдіктер қарастырылған.
Облыс әкімі «Плейланд» балалар ойын орталығының ашылуына қатысты. «Смена А» серіктестігінің басшысы Алексей Смагиннің
айтуынша, орталықты жабдықтауға 110 миллион теңге жұмсалған. Қазір мұнда 15 адам жұмыс істейді. Биыл орталықта 80 миллион теңгеге бағаланған аттракциондар салынады деп межеленуде. Шағын қалаларды дамыту бағдарламасы шеңберінде банк үстемелері субсидиялануда. Өңір басшысы «Happy Mall» сауда орталығының ашылу салтанатына да қатысты. Өнеркәсіптік тауарлар және азық-түлік тағамдары сөрелерін аралап көріп, тауарлардың бағасына назар аударды. Азық-түлік тағамдарын өңірдің өз кәсіпорындарынан сатып алуды тапсырды. Мұнда сатылатын көкөніс пен жеміс-жидектер жергілікті жылыжайда өсіріледі. Сондай-ақ, ет, нан және кондитер өнімдері де жергілікті жердің өнімі. Келешекте автотұрақ, отбасыларының демалысы үшін жазғы алаң мен дәмхана, кинотеатр, балалардың ойын орталығын, көтерме сауда орнын, автокөлік жуу және гүл
павильонын ашу жоспарланған.
Мердігердің жауапсыздығынан Степногорск қаласындағы 280 орындық балабақшаның құрылысы ұзаққа созылған еді. Әйтеуір, бұл мәселе оң шешімін тауып, «Нұршуақ» балабақшасы пайдалануға берілді. Жоба «Балапан» бағдарламасы  аясында жүзеге асырылды. Мекеменің ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі оның бөлмелерін аралап көрді. Бүлдіршіндердің өнерін тамашалап, бағалы сыйлықтар тапсырды. Қазір мекемеде 82 адам жұмыс істеп, бүлдіршіндердің денсаулығын, дене тәрбиесі мен мінез-құлқын дамыту үшін оңтайлы жағдай жасауда.
Облыс басшысы «Горняк» орталық мәдениет үйінде жеке мәселелері бойынша азаматтарды қабылдады. Бұдан кейін ірі кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлердің өнімдері қойылған көрмені аралап көрді. Мәселен, көрмеге жеке кәсіпкер Гүлбаршын Оралбекова ұлттық өрнекпен безендірілген, өзі тіккен төсек орнын қойыпты. Тігінші «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде 3 миллион теңгенің грантын алған. Келешекте жеке кәсіпкер өз ісін кеңейтуді межелеп отыр. Сондай-ақ, көрмеде ірі кәсіпорын басшылары мен жеке кәсіпкерлер жұмыстары жөнінде баяндап берді.
Сергей Кулагин жұмыс сапарының соңында Степногорск қаласының әкімі Әнуар Күмпекеевтің есеп беру кездесуіне қатысып, атқарылған жұмыстарға бағасын берді және алда тұрған міндеттерге тоқталды. Мектеп, балабақша, аурухана тәрізді әлеуметтік нысандар салу жұмыстары жалғасатынын айтты.
Степногорск әсем қалалардың бірі болуға тиісті. Қала экономика мен мәдениет тәрізді өзге де салалардың үлгі-өнегесі болуы керек. Соңғы жылдары біз ірі кәсіпорындарға жан бітірдік. Қазір олардың қажетті қондырғы сатып алып, толық қуатында жұмыс істеуіне ықпалымызды тигізіп жүрміз. Қала мен кәсіпорын басшылары мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі мәселесін тез арада шешулері керек. Осы серіктестіктің арқасында иесіз тұрған балабақшаны қалпына келтіру қажет. Қалада абаттандыру жұмысы одан әрі жалғасады. Ортақ іске қала тұрғындарын да тарту керек. Ірі кәсіпорындар мен шағын және орта бизнестің жұмыстары тоқтамауы тиіс. Жаңа кәсіпорындарды көптеп ашу керек. Біздің келіссөзден кейін Мәскеу подшипник зауыты өз қондырғылары мен станоктарын Степногорск қаласына тасымалдауда. Бұрын Степногорск подшипник зауытында жылына 30-35 мың тонна подшипник жасалса, өткен жылы 10-ақ мың тонна тауар өндірдік. Бүгінгі таңда подшипниктің түрлері 70-тен 230-ға дейін өсті. Кәсіпорындар еңбек өнімділігін арттырса, қаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарды. Қаңырап иесіз тұрған көп қабатты үйлерді қалпына келтіруіміз қажет. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған қала тұрғындарын назардан тыс қалдырмау керек.
Сондай-ақ, өңір басшысы өткен жылы Степногорск қаласында 10 миллиард теңгенің инвестициясы игерілгенін атап өтті. Шағын және орта бизнестің жұмысына оң бағасын берді. Қалада ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындарды көптеп ашуды, картоп пен көкөніс өсірумен айналысуды тапсырды. Ет пен сүт өнімдерін өңірдің ауыл шаруашылығы
тауарларын өндірушілерінен сатып алуға шақырды. Өңір басшысы есеп беру кездесуі соңында бірқатар степногорлықтарды облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.

 

Рамазан ТІЛЕУОВ

Степногорск қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар