Тұлға тұғыры

Әр халықтың ұлттық менталитетін, мінез-құлық ерекшелігін, тұрмыс-тіршілігіндегі айрықша өзгешелік тұрпатын көбінесе дәстүріне қарай айырып, ерекшелігін екшелеп жатары анық. Қазақта көбіне-көп адамдардың тұлғалық сипатына қарай тұжырым жасап жатады, «Азаматына қарап елін таны» деген ұлық сөздің мән-мағынасы біздің ұлтымыздың анықтауышы іспеттес.Көкшетау – ықылым заманнан өзінің дара тұлғаларымен, дана кемеңгерлерімен, дарынды таланттарымен танылған қасиетті өлке.

Нұртас АХАТ,
Ж.Мусин атындағы Көкшетау педагогикалық колледжінің директоры,  ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері,  филология ғылымдарының кандидаты, Педагогикалық ғылымдар академиясының корреспондент мүшесі.

 

Тәңірім қазаққа қыран қанаты талып жететін, көкжиегіне көк сағым ғана кететін ұлан-ғайыр дала беріп, жалғыз-ақ Оқжетпесті Көкшеге найзадай қадағанда, осы өлке Оқжетпес тұлғалы нар азаматтардың елі болатынын сезе білген ғой. Өйткені, ата қонысқа айналдырғаннан бергі уақытта Көкше тарихы тұлғалар еліне айнала білді.
Кеше ғана тарих қойнауына енген ХХ ғасырдың алапат дәуірінде өмір кешкен Көкше тарландарының бірі – Жанайдар Баймырзаұлы Мусин. Туған елдің тұғырына айнала білген Жанайдар Мусин өз заманында қазақтың небір маңдайалды қоғам қайраткерлері мен ел басшыларының, аузы дуалы атақты ақын-жазушыларының алдында Көкшетау өлкесін таныта білген, оның қадір-қасиетін дарыта білген арда азаматқа айналғаны белгілі. Қоғамдық өмірге, қызметке ерте араласқан Жанайдар Мусиннің алған асулары аз болған жоқ.
Жазушының есімін еске алғанда оның өз шығармалары арқылы туған өлкесінің сақшысы болғандығы ойға орала береді. Күміс көлді, күрең қарағайлы, ақбалтыр қайыңды, қырқа-жоталы Көкше жерінің табиғаты Жанайдар шығармаларынан кең орын алды. Кіндік қаны тамған жердің сұлу табиғаты жазушыны іңкәр сезімге бөледі. Өмір бесігіне бөлеген табиғат ананың алдында қаламгер бас иді, жаратушының алдында өзінің ғана емес, туған жер табиғатының да саулығын тіледі. Жер ана байлығына құрметпен қарауға, сол жермен біте қайнасқан байырғы халықтың тарихын ұмытпауға үндеді. Қаламгердің туған жерге деген мөлдір махаббаты, жанайқайы, үні кейіпкерлердің тілінде сөйледі. Ол «Жер шоқтығы Көкшетауда» Қартпай қарт болып қайғырса, «Туған үйдің түтінінде» Нұртілек болып сағынышын білдіреді, Бәтіш апай болып мұңданады, «Ақ алаңында» Базаргүл болып сұлу табиғатқа сүйсіне қарайды.
Жоғарыда атап өткен кейіпкерлер (Қартпай қарт, Нұртілек, Бәтіш апа, Базаргүл, т.б.) жазушының өз тұлғасын еріксіз көз алдыңа елестетеді. Қаламгер идеялық нысанасын кейіпкерлері арқылы, өзі бейнелеген әдеби қаһармандары арқылы жеткізуге тырысады. Сол арқылы өз бейнесін де жасап шықты. Көркем шығармадағы әдеби қаһармандар уақыт өте келе, реалистік кейіпкерлерге айнала бастағанын әдеби процесс көрсетіп берді. Ж.Мусин кейіпкерлері де шыншыл, қоғамның жүгін көтере білген шынайы адамдар. Мысалы, Қартпай қарттың мына диалогына назар аударсақ:
«Күбірлеп тұрған Қартпайдың ойын кейде аңғал сөйлейтін Тұяқтың бір сөзі бөліп жіберді.
– Алыстан мұнартқан Орлиногорскіні қызықтап тұрсыз ба, Қареке? – деді.
– Ей, шырақ, осы сен баяғы заманнан бері халықтың қанына сіңіп қалған жер атына жаңа айдар таға беретінің қалай? Мен ес білгелі Ыбырай туған жерден Орлиногорскі деген жаңа тау пайда болыпты дегенді естігем де, көргем де жоқ».
Қартпай қарт қатардағы персонаждарға қарағанда толыққанды сомдалған басты кейіпкер, шығарманың әдеби қаһарманы. Патшалық, одан кейінгі кеңестік отарлаудың екпінімен байырғы халықпен есептеспей өзгертілген орысша жер-су атауларына қырын қарайды. Қартпай қарттың рухани және қоғамдық жүкті көтеретін әдеби қаһарманға айналуының сыртында Жанайдар Мусинның авторлық бейнесі байқалады. Жазушы сол заманның бағыт-бағдарына, арман-мұратына бас кейіпкер Қартпай атаның көзімен қарайды, қарияның кейпінде сынайды. Қаламгерлердің басқа адамның бейнесін жасап, оның атынан сөйлеуі әдебиетте көп кездеседі. Әсіресе, кеңестік империяның боданы болған халықтар шығармашылығынан жиі кездестіруге болады.  Сөзіміз ұғынырақ болу үшін Қартпай қарттың («Жер шоқтығы Көкшетау») келесі диалогын ұсынсақ:
«– Ойбай-ау, осы Шөши көлінен ағып шығатын Копинка өзені қазір көл кемерінен бес метр биікте қалыпты деп естідім, – деп біреу әңгімеге қосылды.  
– Бұл дерегіңіз дұрыс, – деді алдыңғы қатарда отырған Қартпай әдейі оларға мойнын бұрып. – Бірақ, отағасы, бір ауыз сөзіңізде екі бірдей жаңсақтық бар. Біріншіден, Шөши емес, – Шучье, қазақтар Шортан көлі дейді, екіншіден, өзен Копинка емес – Қылшақты. Балалар қателессе бір сәрі. Жер ортасынан ауған сіз бен ата сақалы аузына түскен біз, жер аттарын дұрыс атамасақ, ондайлардың қойыртпағын тыңдаған балалар не болады?».
Қаламгер Қартпай қарттың тілінде туған жер тіршілігінің ең терең, ең көкейтесті мәселелерін, маңызды әлеуметтік-қоғамдық, моральдық тақырыптарды көтереді. Жазушының сол кезеңдегі құбылыстарға осындай сезімталдықпен қарауы және де Көкшетау қазағының тағдыры үшін аса маңызды мәселелерді көтере білуі оның тұлғалық болмысын биіктете түседі.
Тоталитарлық сыңаржақ саясатқа қарсы тұру мүмкін болмаған дәуірде, өзінің ішкі жан дүниесіндегі ұлтқа, ана тіліне деген шексіз, ыстық сезімін кейіпкерлері арқылы жеткізіп, ассимиляциялық процестің орасан зор қатер төнгізіп отырғанын көзбен көріп, куә болып отырған жазушы жаны өз кейіпкерлерінің сөзі арқылы қарсылығын анық білдіреді.
Жанайдар Мусин шығармаларының халықтың тілек-мүддесіне толық сәйкес келетін тұсы көп. Иә, қаламгер өмір құбылыстарын қарапайым әрі көркем етіп бейнелеген. Бірақ, қарапайым кейіпкердің көзімен суреттелген оқиға келешек ұрпаққа үлкен тарих. Белгілі ғалым Зейнолла Қабдолов «Әдебиеттің халықтығы – тарихи категория» дегенде осыны ескерсе керек. Себебі, қарапайым кейіпкер белгілі бір уақыт пен кеңістіктің жайын айтып, жазып кетеді. Қаламгердің кең құлашты, өзекті шығармасы – «Туған үйдің түтіні» романы. Ондағы Бәтіш апайдың бейнесі халықтық сипатты арттырып тұрғандай сезіледі. Романдағы кейіпкерлер арқылы қаламгер адам мен табиғаттың тынысы бір екенін көрсете білген. Мысалы, кейіпкердің орман-тоғайды жайпап, сұлу табиғаттың құрып бара жатқанына налып:
«Жас қайыңды кескенде шып-шып шығып, араның сыртын, балтаның жүзін шылайтын шырыннан адамның көз жасын көргендей тітіркенемін. Жас ағаш та жас тән емес пе? Жас балғынды бауыздайтын безбүйрек, қалың тері, қара қайыс адамдардың бетіне қарағым келмейді. Сірә, оларда аяушылық сезім жоқ болар», – деп қайғыруы тек бір адамның сөзі емес. Ол сол кездегі көнекөз қариялардың қайғы-қасіреті, жандарына батқан соң айтқан сөзі деп білуіміз керек.
Постмодернизм – қазіргі әдебиеттің басты ағымы. Бүгінде ақын-жазушылар жаңа әдеби тәсіл арқылы қоғамның сыздауық жарасын толық бермесе де аздап айта бастады. Бірақ, жаңалық ашқан жоқ. Себебі, әлем әдебиетінде үрдіс бар. Осы орайда, Асқар Алтай мен Қарлыға Айсанқызының «Біз Оралханға ораламыз» деген мақаласы еске түседі. Әсіресе, Асқардың «Туажат» роман-модерні қазіргі қазақ прозасына жаңа мен әкелген сыңайлы. Оқырманның рухани сұранысын қанағаттандыратын дүниелер жазу үшін кейінге шегініп, барлап келгеннің де артықтығы жоқ. Дәстүрлі әдебиетіміздің негізінде өсіп шыққан жазушылардың көбі осыны ескермей жүргені алаңдатады. Біз де Жанайдар Мусин шығармашылығына оралып отырамыз. Жазушының қаламынан туған шығармалардың тақырыбы өзектілігін жоғалтқан жоқ. Оның туындылары ерекше қуат-жігерге толы. Ал, әдеби қаһармандары – өз еңбектерімен  табыстарға жеткен жандар. Қаламгер шығармаларында сөйлемді қысқа құрып, аз сөзге көп мағына береді. Тілі қарапайым да жатық, ұғымға жеңіл, оралымды, ұтымды. Халықтың қанатты, бейнелі сөздерін орынды пайдаланумен қатар, өз тарапынан да өткір, ықшам сөз тіркестерін жиі қолданады. Әрине, көркем шығарманың нақ бағасын дөп басып беру қиын, бірақ, шынайы көркемдік қуаты бар дүниеге уақыттың қызмет ететінін ұмытпауымыз керек.
Жанайдар Баймырзаұлының қоғам қайраткері ретінде Көкше еліне жасап кеткен зор ерлігі – кезінде өзі білім алып, 1955 жылы бітіріп шыққан қазақ педагогикалық училищесінің қайта ашылуына атқарған ерен еңбегі еді. Сол оқу орны тәуелсіз Қазақ елімен бірге өсіп жетіліп, бүгінде мемлекетіміздің техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы алдыңғы қатарлы білім мекемесіне айналды. Колледж 1996 жылы жазушы есімін алғаннан бері оның қоғам қайраткері ретіндегі тағылымды өмірі мен жазушылық шығармашылық жолын үнемі насихаттап, жастар арасында ұлағат жұмыстарын жүргізіп келеді. Бұл – Көкше қыраны Жанайдар Мусиннің алдындағы оқу орны ұжымының адал еңбегі мен қажырлы істерінің борышты белгісі іспеттес деп түсінген жөн.

Суреттерде:  өзінің атындағы колледжде орнатылған жазушы мүсіні; көрнекті жазушы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбдіжәміл Нұрпейісов пен Жанайдар Мусин Көкшенің егін алқабында.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар