Актер болу оңай емес

 1998 жыл. Шахмет Құсайынов атындағы облыстық музыкалық- драма театры. Сахнада Саид Ахматтың «Келіндер көтерілісі» атты  пьесасы жүріп жатыр. Комедияны тамашалауға келген көрерменнің қатары қалың.  Осы жолы Мамырдың рөлін сомдаған Бағлан Иманғазинов сахнада өзін еркін ұстап, кейіпкер бейнесін шынайы көрсете білді. Бұл оның кәсіби сахнаға тұңғыш шығуы. Соған қарамастан алғашқы аяқ алысынан-ақ болашағынан зор үміт күттіретінін аңғартқандай еді.

 

–  Әуел баста көрерменмен қауышарда жүрексіндім, қобалжыдым. Сахна төріне әр жолы шыққан сайын осы сезімді бастан кешемін. Бұл актерге жүктелген жауапкершілікті жете сезінгенімнен болу керек, – дейді ол.
1975  жылы Талдықорған облысында дүниеге келген актер кішкентай кезінен өнерге жақын болып өсті. Кешқұрым ауылда көрсетілетін фильмдердің тұрақты көрермені болып, Нұрмұқан Жантөрин, Асанәлі Әшімов, Әнуар Молдабеков, Тұңғышбай Жаманқұлов сынды актерлердің образды ашудағы шеберліктеріне тамсанып, таңғалушы еді. Сөйтіп, сегізінші сыныпты аяқтаған соң  арман қуып Алматыға келген. Алайда, ол актерлікке бірден бет бұрмады. Арман қуған жас кәсіби техникалық училищесінің студенті атанды. Мұның сыры да түсінікті. Себебі, жас жігіт қазақтың ұлттық аспаптарының қалай  жасалатынына қызығып, оның қыр-сырын меңгергісі келген.
Оқуды тәмамдаған соң ағаш шеберінің бойын билеген өнерге деген алапат сезім тыным бермеді. Алқынған жүрек, алабұртқан сезім ешқандай кедергіге қарамады. Осылайша Бағлан Қаскелеңдегі  мәдени-ағарту училищесіне оқуға түсті. Содан кейін ғана басты арманы болған қазақ өнерінің қара шаңырағы Темірбек Жүргенов  атындағы қазақ ұлттық өнер академиясына түсу үшін бақ сынады. Иә, аттары аңызға айналған өнер алыптарының жұлдызды іздері сайрап жатқан қасиетті мектепке қабылданғаны, оның көңілін көлдей шалқытып, жас жүрегін теңіздей тебірентті.
Музыкалық театр актері мамандығы бойынша білім алған студентке дубляждың шебері Есім Сегізбаев, Қазақстанның халық әртісі, әнші, режиссер Қаукен Кенжетаев сынды білікті де білгір ұстаздар  алтынға бергісіз бағыт-бағдар  беріп,  кең өрісті өнер атты кемеге  мінді. Тасқындаған талабымен ұлылардың рухына сай өнерпаз болу басты арманы еді.  Оны қамшылағаны, іздендіргені де сол болатын. Бірінші курстан бастап  сахнаға құлшынып, этюд тапсырғанда жанын салып ойнады.  Қасындағы жолдастары да ән салып, күмбірлетіп күй ойнайтын өнерлі жандар болды. Қолдары қалт етсе театрдың табалдырығын тоздыруды әдетке айналдырып, әр спектакльдің ұңғыл-шұңғылын зерттеуге тырысып бақты. Осылайша, қызығы мен шыжығы мол студенттік шақ та аяқталып, Бағлан Көкшетау қаласындағы қазақ музыкалық театрына жолдама алған.
1998 жыл аласапыран кез болды. Актерлердің бірі келіп, бірі кетіп жатқан тұрақсыз уақыт. Ендігі жерде оған алмастыру үлесі бұйырды. Бұл театр тілінде «ввод» деп  аталады. Яғни, бұған дейінгі актерлер ойнап келген кейіпкерлерді сомдауы тиіс. Оның айтуынша, образды шығаруда айналадағы адамдарды зерттеп,  мінездің өзіндік ерекшелігі мен кейбір жағдайға деген көзқарасын анық аңғаруға болады екен. Мамандығының күрделі иірімдерін игеруде алдыңғы буын аға-апаларынан үйреніп, киелі өнерде табандылық пен тиянақтылықтың арқасында жетістікке жетуге болатынына көз жеткізді.
 Міне, көзді ашып-жұмғанша зымырап өте шыққан уақыт ішінде Бағлан қилы-қилы мінезді, түрлі тағдырды сомдаудың қыр-сырын жете меңгерді. Өткенге көз салсақ, шамамен алпысқа жуық спектакльдерде ойнапты.
Теннеси Уильямстың «Құштарлық трамвайында» Стэнли, Джон Стэйнбек «Адамдар мен тышқандарда» Джордж, Тахауи Ахтановтың «Күшік күйеуінде» Қабанбай, Уильям Шекспирдің «Король Лирінде» Эдмундтың бейнесін  көрерменге ұсынды. Қайсыбірін санарсың. Әуел баста  комедия жанрындағы образдарды сомдауға бейімделген жас талант кейіннен түбегейлі драмалық шығармаларда ойнауға көшті. Сөйтіп, дараланып, бағаланып та үлгерді. Жан дүниесі нәзік болған ба екен, бастапқыда психологиялық иірімі мол спектакльдерде ойнау қиынға соғыпты. Ішкі дүниесіне кереғар жағымсыз кейіпкерлерді  шығару өз-өзімен күресудің бір көрінісі еді. Әрине, әр ойынның сәтті не сәтсіз шығуына көптеген себептер бар. Әр актер жеке бір әлем екені әмбеден аян.
Актер болу оңай дегендер қатты қателеседі. Бұл екінің бірі ер-тоқым сала алмайтын киелі де қиын өнер. Мұнда бірінің бағы ашылса, бірінің бабы шабады. Қаншама актерлердің бағы байланып, меселі қайтты десеңізші? Дегенмен, мақсат биігіне құлшынған жандар маңдайын тасқа қанша соққанмен, аяғымен шоқ басқанмен, дегенінен қайтпай биіктерді бағындырады.  Бағлан ұстазы Есім Сегізбаевтың: «Театрға бас сұқсаңдар шыға алмайсыңдар. Ол жазылмайтын ауру сияқты. Бәрібір қайтып келесіңдер»  деп айтқанын жиі есіне алады. Иә, шынымен де бір жылдары актерлікті жеке кәсіпкерлікпен ұштастырып, ісі оңға басса да, театр атты мәдени ошақтан жыраққа кете алмады. Ол шешіміне титтей өкінген емес. Актер ретінде қандай тәуекелге де баруға дайын жан  театрға емес арзан ойын-сауыққа құмар көрерменнің саны көбейіп бара жатқанына қынжылады. Кейиді. Тіпті, әр спектакльге ақ тер-көк тер болып дайындық жүргізген соң  тамашалауға келген көрермендер саусақпен санарлық қана болған кездер көңіліңді құлазытады. Сондықтан болар, көрерменнің емес актердің әр жетістігі мен кемшілігіне қырағы көз болатын режиссерлердің әділ бағасы бәрінен қымбат деп біледі.  Ол орынды айтылған сынды жақсы қабылдайды. Қисығын түзейді.
Ішкі жан тебіреністері туралы сөз қозғаған актер отбасында аяулы жар, асқар тау әке. Оның қос қанаты – қос ұлы  Мәди мен Әли  әкесінің көз қуанышы болып отыр. Қойылымдарды көруге жиі келмесе де,  сомдайтын әр рөлінен хабардар. Олай дейтініміз, жан жары Арайлым екеуі кешке қарай бірлесе дайындалатындары бар. Ал, олардың басты көрермендері – екі ұлы мұндайда әке шеберлігіне тәнті болады.
Әлбетте, өнердің нарқы мен парқын білген, дарындылығы мен толағай еңбегінің жемісін көріп жүрген Бағланның үнемі ізденіс үстінде жүруі жас актерлерге сабақ болуы қажет. Өнердің биік белестерін көп ізденіп, көп еңбектену арқылы ғана  бағындыруға болады.

 

Ырысгүл АШУОВА

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар