25 ақпан – Сәкен Сейфуллиннің құрбан болған күні

Жылдағы дәстүр бойынша биыл да дәл осы күні Астанадағы Сәкен Сейфуллин мұражайында халқымыздың аяулы перзенті, мемлекет және қоғам қайраткері, ақын, сазгер, қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Сәкен Сейфуллинді еске алу шарасы өтті.

  Тарихқа көз жүгіртсек, сонау қуғын-сүргінге толы болған 1937 жылы тек ақпанның 25-і мен 29-ы аралығында ғана Қазақстанда 500-ге жуық адам атылған екен. Олардың арасында Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров сынды қазақтың біртуар азаматтары да бар. Ол заманда Кеңестік жүйенің қандықол жендеттері негізінен қазақтың ел бастайтын, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарына қырғидай тиген ғой. Яғни, елдің зиялы қауымының көзін жойсақ намысы тапталып, халқына беделді, сөзі өтімді перзенттерінен айырылған жұрт айтқанға жүріп, айдауға көнеді деген қағида ұстанған.
Еске алу шарасын Сәкен Сейфуллин мұражайының директоры, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтов қысқаша сөзбен ашқан соң мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов және мұражайдың алғашқы директоры Роза Асылбекова С.Сейфуллиннің халық алдындағы еңбегі, Қазақстанның болашағы, кемел ел болуы жолындағы атқарған жұмыстары туралы ойларын ортаға салды. Ал, көрнекті ақын Серік Тұрғынбековтың  Сәкенге арналған тағы бір туындысынан орын алуға тиіс «Сәкен Сейфулиннің соңғы сөзі» атты мына өлеңінде қазақтың ұлы перзентінің өмірдегі соңғы сәттері шынайы көрініс тапқандай:
Жаным безінді,
Тәнім сезінді.
Халқым тыңдап қал,
Соңғы сөзімді:

Туым жығылды,
Нуым бүлінді.
Түрме тұтқыны,
Түрім бүгінгі.

Бермей дерегін,
Болмай керегім.
Не үшін туыппын,
Не үшін өлемін?!

Белім қайысты,
Гүлім майысты.
Тілім кесілді –
Сүйген сайысты.

Асау тұлпарым,
Асыл сұңқарым.
Бұлай кім білген –
Басын құртарын?!

Қайран сұлулар,
Сайран құрыңдар.
Балдай еріндер,
Талдай бұрымдар.

Ғұмыр аз болған,
Барға мәз болған.
Айдын көлдерім,
Аққу-қаз қонған.

Ауыл, ауданым,
Бақша-бауларым.
Аспан тіреген,
Асқақ тауларым.

Жаным елжіреп,
Жасым мөлдіреп.
Қайран көзіме –
Көрін соңғы рет!

Күлкім тыйылды,
Мүлкім жиылды.
Үздің дүние,
Шіркін, күйіңді!
 
Қазақ – қанымды,
Азат – жанымды.
Алып тамұқтан,
Айтар әнімді.

Заман нұрланар,
Ғалам гүл болар.
Өзім өлсем де,
Сөзім бір қалар.

Үнім зар болса,
Жырым нәр болса.
Ұғар сырымды,
Ұрпақ бар болса!
Ел үшін, халық үшін жанын беріп, қазақтың жарқын болашағы үшін ұраны көп болған қызылдарға еріп, ақыры өзі сенім артқан жүйенің құрбаны болған халқымыздың аяулы перзенттерін әрдайым еске алу тарихымызды зерделеп, болашақты бағдарлау үшін өте қажет. Халқымыз қазақтың үш алыбы санайтын Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров осындай тұлғалар. Бұл арада бір назар аударарлық мәселе, Астанадағы Сәкен Сейфуллиннің мұражайы болса, Талдықорғанда Ілияс Жансүгіровтың шағын мұражайы жұмыс істейді екен. Ал, елімізде Бейімбет Майлиннің ешқандай мұражайының болмауы елдігімізге сын. Сондай-ақ, Сәкен Сейфуллинді еске алу шарасына Астана қаласы әкімдігінен, ішкі саясат немесе мәдениет басқармасынан ешкімнің бас көрсетпеуі де  көңілге кірбің ұялатты. Елбасы әрдайым айтып отыратын патриоттық сезім, ұлттық намыс, тарихты таразылау деген мәселелер осындай игі шаралардан құралмаушы ма еді?!.

Астана қаласы.

P.S.Сәкендей сұңқары-мыздан айырылған тарихтың осы бір қаралы  күні өзі сонау 1917 жылдың аласапыранында «Тіршілік» деген атпен өмірге әкелген бүгінгі «Арқа ажары» газеті редакциясының ұжымы да ақын аруағы алдында бас иеді!

 

Талғат ҚАСЕН

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар