Қолжетімді баспанаға баса көңіл бөлінуде

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» мақаласы ел дамуы жолындағы нақты іс-қимылға негізделген маңызды құжат болып табылады. Онда тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылып отыр.

 

Соңғы кездері еліміздің үлкен құрылыс алаңына айналып отырғанына ешкім дау тудырмайды. Қазақстанның төрткүл әлеммен терезесі теңесіп, мерейі тасып жатса, бұған құрылыс саласының қосып отырған үлесі зор дер едім. Өйткені, адамзат тарихының барлық кезеңдерінде өркениеттің биік өлшемі құрылысшылардың қолымен жасалған сәулетті қалалармен, зәулім ғимараттармен бағаланса, ел экономикасының басты көрсеткіші құрылыс жұмыстарының қарқынымен анықталады.  Біздің облысымызда да бұл бағытта ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер баршылық. Әсіресе, «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму», «Қолжетімді баспана–2020», «Жұмыспен қамтудың жол картасы–2020», «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламалары арқылы көптеген әлеуметтік-өндірістік нысандар салынып, халық игілігіне жаратылуда.
Мәселен, өткен жылдың өзінде «Қолжетімді баспана–2020» бағдарламасы арқылы облыс бойынша жалпы көлемі 282 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 105,3 пайызды құрады. Жалпы тұрғын үй алаңының ішінде жекеменшік тұрғын үй құрылысының алатын үлесі 60 пайыз (178 мың шаршы метр) болды. Оған қоса коммерциялық құрылыс салушылардың есебінен 36,6 мың шаршы метр тұрғын үй салынды.
Осыдан-ақ, бүгінгі күні Қазақстанның құрылыс саласы дамудың жаңа бір кезеңіне шығып отырғандығын бағамдауға болады. Жалпы, бүгінде Үкіметтің халықты баспанамен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше көңіл бөліп отырғандығын байқау қиын емес. Бұл Елбасының ел әлеуетін көтеру саясатының баянды жүргізіліп жатқандығын көрсетсе керек.
Тұрғын үй кезегінде тұрғандар үшін Зеренді селосында 21 пәтерлі, Көкшетау қаласында 45 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Облыс орталығы Көкшетау қаласында тұрғын үй жинақ жүйесі бойынша бір 45, үш 30 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді Сонымен қатар, Көкшетау қаласында 35 және 45 пәтерлі жас отбасыларына арналған тұрғын үй салынды.
Жалпы, құрылыс саласының тағы бір маңызды бағыты ол – ескі үйлерді қайта жөндеуден өткізіп, оған қазіргі заманғы сәулет талаптарына сай рең беру. Осы орайда, Көкшетау қаласының бет-бейнесі соңғы жылдарда қалай өзгергені тұрғындардың көз алдында. Ескі ғимараттар көз тартар сәнді, әсем үйлерге айналып, қайта түлеуде.
Бүгінгідей әлемдік қаржы дағдарысына қарамастан, құрылыстың қарқынын бәсеңсітпей, облысымыздың ең шалғай елді мекендерінде де тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салынып, жұртшылықтың игілігіне беріліп жатқандығын байқауға болады. Мәселен, жекеменшік тұрғын үйлер қатарының өсуіне жағдай жасайтын инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарды тарту үшін  2015 жылы 1,7 миллиард теңге, оның ішінде Целиноград ауданындағы Қосшы селосын дамытуға қажетті инженерлік желілерді салу үшін 0,9 миллиард теңге бөлінді. 2016 жылы тұрғын үй құрылысына 1,7 миллиард теңге қаржы қарастырылып отыр. Биылғы жылы жекеменшік үйлер мен коммерциялық тұрғын үйлерді есептегенде 222,2 мың шаршы метр тұрғын үй салынбақшы. Оған қоса «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасына сай, Есіл ауданындағы Калачи және Красногорск селоларының тұрғындарын көшіру үшін Есіл қаласында 45 пәтерлі үй салынып, Державинск қаласында 75 пәтерлі үй жаңғыртылды.  Төтенше жағдайлар желісі бойынша Целиноград ауданындағы су тасқынынан зардап шеккендер үшін Ақмол және Қосшы селоларынан екі 45 пәтерлі, Оразақ ауылынан 100 екі пәтерлі тұрғын үйлер салынды.
Қазақстан Республикасының Президенті-Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев ел халқына арнаған «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында мемлекетіміздің ұзақ мерзімді даму бағдарын айқындап берді. Әсіресе, осы тарихи құжатта атап көрсетілгендей, әлемнің бәсекелестікке қабілетті отыз елінің қатарына қосылуда құрылыс саласының мән-маңызы одан сайын арта түсетіні даусыз.

Амангелді СМАЙЫЛОВ,
облыстық құрылыс
басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар